«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы заңы және Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) орындауда 2019 жылдың ІІ тоқсанында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды.
Тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Осыған сәйкес өңірімізде ағымдағы тоқсанда мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,5 пайызды құрады.
Үстіміздегі жылы мемлекеттік тілді оқыту курсына 596, орыс тілі курсына 14 және ағылшын тілі курсына 225 тіл үйренуші қабылданды. Барлығы 835 тыңдаушы. Олардың ішінде сертификат алғандардың саны 340, куәлік алғандар 441, 54 тыңдаушыға анықтама берілді.
Өткізілген іс шаралар туралы
ІІ тоқсанда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданылу аясын дамыту әрі кеңейту мақсатында ауқымды шаралар атқарылды. Мәселен, мемлекеттік тіл саясаты бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға деген халықтың көзқарасын анықтау үшін сәуір айында облыс тұрғындары арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға 2018 респондент қатысты. Бағдарламаның нысаналы индикаторына сәйкес мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесі – 85,5%, орыс тілін меңгергендер – 80,3%, үш тілді меңгергендер 14,7% құрады.
Бағдарламаға сәйкес қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жас мемлекеттік қызметшілер арасында «Тіл шебері – 2019» байқауы өткізілді. «Тұсаукесер», «Ұлттаным», «Өнертаным» атты үш кезең бойынша сынға түскен жарыста ұшқырлығы мен білімділігі оқ бойы озық шыққан талғарлық Э. Ерниязова Бас жүлдеге ие болды.
Ересектерге мемлекеттік тілді оқытатын оқытушылардың кәсіби-педагогикалық шығармашылығын шыңдау және латын графикасына негізделген қазақ тілін оқытудың жаңашыл әдіс-тәсілдерімен тәжірибе алмасу мақсатында «Үздік оқытушы» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Байқауға қатысушыларға Басқарманың Алғыс хаты табыс етілді.
Ересектерге мемлекеттік тілді оқытатын оқытушылардың кәсіби-педагогикалық шығармашылығын шыңдау және латын графикасына негізделген қазақ тілін оқытудың жаңашыл әдіс-тәсілдерімен тәжірибе алмасу мақсатында «Үздік оқытушы» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Байқауға қатысушыларға Басқарманың Алғыс хаты табыс етілді.
Ал Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының екі жылдығына орайластырылып рухани құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған 14-17 жас аралығындағы 20 өрен бақ сынасқан «Мақал – сөздің мәйегі» байқауында қарасайлық Қ. Сламбай Бас жүлдені иеленді.
Облысымызда тұңғыш рет 6-11 сынып оқушылары арасында қазақ халқының мазмұны бай да салалы эпостық дастандарының бірі – «Қобыланды батыр» жырының Марабай нұсқасын жатқа айтудан өткен байқауға 51 үміткер қатысты. Олардың ішінен Іле ауданынан келген Е. Төлегенов Бас жүлдені қанжығасына байлады.
Бағдарламалық мақаланың екі жылдығына орайластырыла өткізілген тағы бір ауқымды шара жас тілші-әдебиетшілердің «Жетісу көктемі» атты ІІ облыстық форумы. Дәстүрлі шараға өңіріміздің аудан, қалаларынан жас қаламгерлер мен тілшілер, мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос өкілдері қатысты. Биылғы жылы Кеген ауданында өткен
жиынның ерекшелігі форум делегаттарының латыннегізді әліпбиге қатысты оқыған баяндамалары мен білдірген пікірлері. Осы ретте Кербұлақ ауданы Д. Қонаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Кәмшат Чинарбаеваның мектеп оқушыларына арнап, жаңа әліпбиді меңгертудің тиімді жолы ретінде өзі құрастырып шығарған «Латын әліпбиін үйренейік!» атты көркем жазу үлгісі дәптерін көпшіліктің назарына ұсынғандығын мысалға алуға болады.
Сонымен қатар, қазақ тілі әліпбиін латыннегізді әліпбиге көшірудің маңыздылығы мен өміршеңдігін дәріптеудегі өзіндік орны бар басылым республикалық «Егемен Қазақстан» газеті. Ғасыр төрінен орын алған газеттің жүз жылдық мерейтойына орай журналистер арасында «Тіл тарихы: жүз жылдық жылнама» атты публицистикалық байқау ұйымдастырылды. Қазылар алқасының шешімімен Б. Мәжит жеңімпаз деп танылды.
Латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшуді жүзеге асыру бойынша облыстық әділет департаменті, сот сараптама орталығы, статистика департаменті, полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті, денсаулық сақтау басқармасы, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, обаға қарсы күрес станциясы, облыстық онкологиялық диспансері, қазпошта, калалық білім бөлімінің білім беру ұйымы, халыққа қызмет көрсету орталығы, әскери бөлім қызметкерлері сынды түрлі мамандық иелерімен «Жаңа әліпби – жарқын болашақ кепілі» тақырыбында семинар, сонымен қатар, агро-техникалық колледж студенттерінің қатысуымен «Латын графикасының емле ерекшеліктері» атты облыстық семинар-тренинг өтті. Қос бірдей семинарға жиналғандарға жаңа әліпби реформасының маңыздылығын түсіндіріп, жаңа ереже бойынша тың мағлұматтар берілді.
Латыннегізді қазақ әліпбиінің емле ережесін көпшілікке таныстыруда жаңа технологиялардың маңызы зор. Сондықтан, «Емле ережелерінің орфографиялық, орфоэпиялық заңдылықтары» атты облыстық конференцияда республикалық Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ақпараттық технология және сараптама басқармасының басшысы Н. Сейсенбек орталықтың латын әліпбиін меңгерту мақсатында әзірлеген бірнеше IT жобаларымен таныстырды.
Мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау, қазақ тілді контентті арттыру және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту негізінде БАҚ-тың атқарар өзіндік рөлі бар. Журналистер күні қарсаңында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының қорытындысы шығарылды. «Үздік мақала», «Үздік телебағдарлама», «Үздік сайт мақаласы» номинациялары бойынша Байқаудың Бас жүлдесіне ие болғандар: облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы А. Идигов, облыстық «Жетісу» телеарнасының журналисі Қ. Қасымжан және облыстық «Жетісу» газетінің журналисі Е. Кенебаева.
Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының республикалық турына жолдама алған облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы А. Идиговтың мақаласы 240 жұмыстың ішінен ең үздік деп танылып, жүлделі І орынды жеңіп алды. Жеңімпазға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлованың қолынан марапат алу мәртебесі бұйырды.
Сондай-ақ, облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен үшінші жыл қатарынан қос бірдей жоба жүзеге асуда. Олардың бірі облыс орталығы мен аудан, қалаларда жүзеге асып жатқан «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» атты Буккроссинг жобасы.
Ал әлеуметтік желі қолданушыларының қызығушылығын тудырған екінші жоба «Жетісудың жыр керуені» деп аталады. Жоба аясында танымал тұлғалар мен жас әдебиетшілер Алматы облысында дүниеге келген ақын-жазушылардың шығармаларын оқып, бейнежазбаға түсіріп әлеуметтік желідегі парақшаларына салуда.
Айта кету керек, тілдерді ересек аудиторяларға жан-жақты меңгерту мақсатында Басқарманың сайтында дүйсенбі-жұмаға күндері аралығында онлайн сабақтары тұрақты өткізілуде. Сабақты облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары жүргізеді. Қазақ тілін, ағылшын тілін немесе латыннегізді жаңа әліпби мен жаңа жазудың емле ережелерін үйренгісі келетіндер үшін, тікелей эфирде өтетін барлық сабақтар басқарманың ресми сайтында сақталуда.