Тілдерді дамыту бөлімінің 2019 жылдың І тоқсанында атқарған жұмысы туралы ақпарат

 Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ҚР Заңы және Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын орындауда  2019 жылдың  І тоқсанында бірқатар жүйелі  жұмыстар атқарды.

Тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті  атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Осыған сәйкес өңірімізде алғашқы тоқсанда мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,5 пайызды құрады.

Ағымдағы жылы мемлекеттік тілді оқыту курсына 596, орыс тілі курсына – 14 және ағылшын тілі курсына – 225 тіл үйренуші қабылданды. Барлығы – 979 тыңдаушы.

Өткізілген іс шаралар туралы

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданылу аясын дамыту әрі кеңейту мақсатында жыл басынан ауқымды шаралар атқарылды. Мәселен, аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылары мен бас мамандары, облыстық басқарма қызметшілері қатысқан «Тілдік ахуал: атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер» тақырыбындағы жиында өткен жылғы жетістіктер мен кемшіліктер сараланып, тиісті тапсырмалар берілді. Межелі индикатор көрсеткішіне қол жеткізу үшін бірқатар міндеттер қойылып, болашақ жоспарлар төңірегінде сөз қозғалды.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы да қазақстандықтардың үш тілді жетік меңгеруіне бағытталған. Осы ретте Ө. Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясымен бірлесе ұйымдастырылған «Үш тілде білім беру тәжірибесі бағытындағы ісшаралардың нәтижесі» атты дөңгелек үстелді атап өткен жөн. Шараға қатысушылар үштілділіктің маңызына тоқталып, білім берудің барлық деңгейлерінде үш тілде сабақ оқыту жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшу арқылы  үштілділік бағытын дамыту төңірегіндегі пікірлерін ортаға салып, ойларымен бөлісті.

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру қолға алынғаннан бері облысымызда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінде қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстарын тиімді түрде үйлестіру тіл саласының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік үстемелеп отыр. Латын әліпбиіне көшу кезеңдерін жүзеге асыру шараларының көш басында Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы тұр. Осы ұлттық ғылыми-практикалық орталықтың ұйымдастыруымен  өткен «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» тақырыбындағы республикалық дәріс-семинар сөзімізге мысал бола алады.

Семинарды Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы орфография басқармасының басшысы, ф.ғ.к.  А.Фазылжанова, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты  қолданбалы  лингвистика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.д. А. Жаңабекова, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты фонетика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к. А. Аманбаева, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Ж. Жұмабаева жүргізді.

Екі күнге созылған семинар-дәрістің қорытындысы бойынша 60 адамға тренерлік сертификат табысталды. Сертификат алғандардың тізімінде «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары, аталған орталықтың аудандық, қалалық филиалдарының оқытушылары, қалалық және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің қызметшілері, «Азаматтарға арналған үкімет», Ұлттық  банк, «Қазпошта»  АҚ мекемелерінің филолог мамандары бар.

Дәл осындай дайындық курсын Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы үстіміздегі жылдың 26 наурызынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында да өткізуде. 72 сағаттық оқыту курсына өңірімізден баратын филолог мамандардың тізімі жасалып, алғашқылардың бірі болып І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Г. Чукенаева мен облыстық «Тіл» оқу- әдістемелік орталығының оқытушысы А. Әлімбаева оқыту курсына жіберілді.

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру процесін білім мен ғылымның дамуының бір бөлшегі ретінде қарастыратын болсақ, облысымызда  І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің рөлі зор. Ақпан айында аталмыш іргелі оқу орнында  латыннегізді ұлттық әліпби кабинеті ашылды. Кабинет латыннегізді ұлттық әліпбиді үйрету, жаңа емле ережелерін түсіндіру, әдістемелік көмек көрсету мақсатында жасақталған. Жаңа әліпбиді үйретуге қажетті бағдарламалармен жабдықталған кабинетте қазіргі қазақ тіл білімі салалары бойынша соңғы жылдары жарық көрген ғылыми еңбектер де жинақталған.

Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Бір өлеңі – бір әлем» атты поэзия кеші ұйымдастырылды. Шараға Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері, «Мизам» әдеби клубының мүшелері қатысып, поэзияға шөліркеген қауымның мауқын басты.

Осы бағыттағы жұмыстар ІІ тоқсанда да өз жалғасын табатын болады.

Дата публикации
01 апреля 2019