Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Мәтiнде "бөлiм" деген сөздiң алдындағы "I - IV" деген цифрлар тиiсiнше "1 - 4" деген цифрлармен ауыстырылды - ҚР 20.12.2004 N 13 (01.01.2005 бастап күшіне енеді) Заңымен.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша «поселке», «поселкелер», «поселкелерге», «поселкелері», «поселкелерді», «поселкелердің» деген сөздер тиісінше «кент», «кенттер», «кенттерге», «кенттері», «кенттерді», «кенттердің» деген сөздермен; «ауыл (село)», «ауылдық (селолық)», «ауылдардың (селолардың)», «ауылдарды (селоларды)», «ауылдар (селолар)», «ауылдарға (селоларға)» деген сөздер тиісінше «ауыл», «ауылдық», «ауылдардың», «ауылдарды», «ауылдар», «ауылдарға» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 21.01.2013 N 72-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiледi) Заңымен.

1 бөлiм. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Қазақстан Республикасы әкiмшiлiк-аумақтық құрылысының жүйесi
 
      Қазақстан Республикасы әкiмшiлiк-аумақтық құрылысының жүйесiне мынадай әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер кiредi: ауыл, кент, ауылдық округ, қаладағы аудан, қала, аудан, облыс.

      2-бап. Әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң категориялары
 
      Қазақстан Республикасы аумағының республикалық және жергiлiктi мүдделерiн қолайлы ұштастыру негiзiнде мемлекеттiк басқаруды жүзеге асыру негiзгi екi категорияға - аймақтарға және елдi мекендерге бөлiнедi.
      Аймақ - республиканың бiрнеше елдi мекендерi енгiзiлетiн, оның мүддесi үшiн құрылатын және басқарылатын республика аумағының бiр бөлiгi.
      Республикалық әкiмшiлiк-аумақтық құрылыстың негiзгi буындары ретiнде облыс, аудан және ауылдық округ аймақтар болып табылады.
      Елдi мекен - республика аумағының халық жинақы орналасқан, кемiнде 50 адамы бар, азаматтардың шаруашылық және басқа қоғамдық қызметi нәтижесiнде қалыптасқан, заңда белгiленген тәртiпте есепке алынған және тiркелген, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар басқаратын бiр бөлiгi.
      Қазақстан Республикасы аумағындағы елдi мекендер қалалық және ауылдық елдi мекендерге бөлiнедi.
      Қалалық елдi мекендерге республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы қалалар, сондай-ақ олардың әкімшілік бағыныстылығының аумағындағы кенттер; ауылдарға - олардың әкiмшiлiк бағыныстылығына қарамастан қалған барлық елдi мекендер жатады.
      Елдi мекендердің құрамдас бөліктері болады.
      Шағын аудандар, алаңдар, даңғылдар, бульварлар, көшелер, тұйық көшелер, саябақтар, скверлер, көпірлер және басқа да бөліктер елді мекендердің құрамдас бөліктері болып табылады.
      Халқының саны 400 мың адамнан асатын облыстық маңызы бар қаладағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы аудан қаладағы аудан болып табылады.
      Ескерту. 2-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 11.05.2004 N 552 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 04.11.2006 N 184 (01.01.2007 бастап қолданысқа енгізіледі); 21.01.2013 N 72-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiледi) Заңдарымен.

Дата публикации
08 декабря 1993