Бағдарламаның басым бағыттарының бірі – ономастикалық мәселелерді ретке келтіру.
Қазіргі таңда ономастикалық нысандарға атау беру және оларды қайта атау жұмыстары ҚР Президенті Әкімшілігінің (27.09.2019 ж. №19-32-20.357) тапсырмасы негізінде жалпыға ортақ тарихи сананы қалыптастыру мақсатында бекітілген «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары», «Дәстүрлі атаулар» тізімдеріне сәйкес жүргізіліп келеді.
Осы ретте облыс өңіріндеге 60 әкімшілік-аумақтық бірліктің (аудан, ауылдық округ, ауыл), 3103 құрамдас бөліктің (көше, даңғыл, саябақ т.б.), 120 білім мекемесі мен 2 мәдениет үйінің атауы тарихи тұлғалардың есімімен аталады. Яғни тізімде көрсетілген 345 тарихи тұлғаның 291-інің есімі ұлықталып отыр (2020 жылғы ақпарат бойынша).
Сондай-ақ, облыс аумағындағы әкімшілік-аумақтық бірліктер мен құрамдас бөліктердің 6665-і кісі есімімен (5 аудан, 39 ауылдық округ, 83 елді мекен, 6538 көше), 1817-сі жер-су атымен (14 аудан, 181 ауылдық округ, 355 елді мекен, 1267 көше), 1993-і дәстүрлі атаумен (1 аудан, 22 ауылдық округ, 82 елді мекен, 1888 көше) аталады.
ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысымен бекітілген қағидаға (одан әрі - Қағида) сәйкес Ұйғыр ауданы мен Ақсу ауданына қарасты құрамдас бөліктерге (көшелерге) атау беру және оларды қайта атау бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысы өткізіліп, дауыс беру қорытындысы негізінде:
Ұйғыр ауданы Шонжы ауылына қарасты Кентал Исламов көшесі – Әл-Фараби көшесі, Нуршидин Аппазов көшесі – Абай көшесі, Абдулла Розыбакиев көшесі – Мұқағали Мақатаев көшесі болып қайта аталды;
Ұйғыр ауданы Шонжы ауылының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан жаңа көшелерге Кентал Исламовтың, Абдулла Розыбакиевтің, Нуршидин Аппазовтың есімдері берілді;
Ақсу ауданы Жансүгіров ауылының шығыс бөлігінде орналасқан жаңа көшелерге Бөрібай батырдың, Қажымқан Мәсімовтің есімдері берілді.
Бүгінгі күнге аталған құрамдас бөліктер (көшелер) бойынша жергілікті атқарушы органдардың (ауылдық округ) шешімдері (НҚА) шығарылып, салтанатты түрде ашылу рәсімі өткізілді.
Сондай-ақ, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 1 кітапхана мен 12 білім беру ұйымына Әл-Фараби, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Бауыржан Момышұлы, Дінмұхамед Қонаев сынды тарихи тұлғалардың есімдері берілді.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.