Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңы және Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) жүзеге асыруда облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес жүйелі жұмыстар атқарды.
Тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп келеді. Нәтижесінде өңірімізде 2021 жылдың I жартыжылдығында мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,5%-ті құрады.
2021 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында рухани құндылықтарды насихаттап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай «Тас жүректі тіліммен тілімдедім» атты онлайн байқауы ұйымдастырылды. Байқауға 18-45 жас аралығындағы 450 үміткер ұсыныс білдіріп, нәтижесінде 360 адам байқауға қатысуға мүмкіндік алды. Танымал қаламгерлерден құрылған қазылар алқасының шешіміне сәйкес, поэзия бағытында арнау өлеңімен Бас жүлдеге лайық деп М. Ережеп (Талғар ауданы) танылса, Мұқағалиға арналған зерттеу мақалалары ішінен Бас жүлде А. Сұлтанғазыға (Талдықорған қаласы) тиесілі деп танылды. Сонымен қатар, үздік деп танылған туындылар Басқарманың ресми сайтында және байқауға ақпараттық қолдау көрсетуші республикалық әдеби-мәдени танымдық «Мұқағали» журналында жарияланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады...» деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда, басқарманың ұйымдастыруымен «Мектеп жасына дейінгі балалардың ауызша сөйлеу тілін дамыту» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге басқармасының Талдықорған қалалық оқу-әдістемелік орталығының, қалалық білім бөлімінің қызметкерлері, балабақша меңгерушілері мен қазақ тілі пәні мұғалімдері, басқарма қызметшілері қатысты. Жиынға арнайы шақырылған педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқыту және тәрбиелеу әдістемесі кафедрасының профессоры А. Бакраденова өзінің оқу құралдарында бүлдіршіндердің қазақша сөйлеу тілін қалыптастырып дамытуға қажетті әдістемелік нұсқаулар мен модуль арқылы жіктелген тақырыптар бойынша балабақша меңгерушілері мен мұғалімдері сабақ үлгілерімен танысып, іс-тәжірибесімен бөлісіп, пікір алмасты.
Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, этнос өкілдерінің арасында қазақ тілін этносаралық қатынас тіліне айналдыру үшін өзінің ана тілімен қатар қазақ тілін жетік меңгеру, оның қолданыс аясын кеңейту, жетік меңгерген азаматтарды үлгі ету, олардың санын көбейту мақсатында облыс аумағында әлеуметтік желілерде (Instagram, Facebook) 2021 жылдың 10 ақпан - 1 наурыз аралығында «Тілге құрмет – елге құрмет» атты челлендж ұйымдастырылды.
Облыс көлемінде қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту мақсатында ұйымдастырылған челленджге мемлекеттік тілді меңгерген барлығы 274 этнос өкілдері қатысып, белсенділік танытты. Қатысушылар еркін форматта мемлекеттік тілде 3-5 минуттық бейнероликтер әзірлеп, әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталды.
Мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау мақсатында дәстүрлі түрде өтетін «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауының да жеңімпаздары анықталды. Байқау қағидаларына сәйкес қатысушылар үш номинация бойынша, яғни «Үздік мақала», «Үздік телебағдарлама (үздік телесюжет)», «Үздік сайт мақаласы (үздік әлеуметтік желі)» бойынша барлығы 21 өтінім өтінім қабылданды. Аталған байқауға облыс бойынша 20 аудан, қала қатысып, белсенділік танытты. Байқауға қатысушылардың жұмысын бағалау және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтау үшін құрылған қазылар алқасы байқаудың барлық талаптарын басшылыққа алып, әділ шешім шығарды. Нәтижесінде «Үздік мақала» номинациясы бойынша I орынды аудандық «Алакөл» газетінің жауапты хатшысы А. Есенбеков, «Үздік сайт мақаласы» номинациясы бойынша I орынды Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі М. Молдағалиева және «Үздік телебағдарлама, үздік телесюжет» номинациясы бойынша I орынды «Жетісу» радиосының жетекешісі Е. Айдабосын иеленіп, республикалық байқауға жолдама алды.
Қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін Абай шығармашылығы арқылы қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген ықыласын арттыру мақсатында дәстүрлі түрде өтетін «Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлері» облыстық байқауында 17-35 жас аралығындағы азаматтар бақ сынасты. Байқау шартына сәйкес қатысушылар Абайдың шығармаларынан проза және поэзия жанрлары бойынша үзіндіні жатқа оқып, бейнеролик түсіріп, (16 аудан, қала) 24 үміткер қатысты. Нәтижесінде талдықорғандық А. Алиева I орынға лайық деп танылды.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту мақсатында ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» байқауына мемлекеттік тілді жетік меңгерген 21-35 жас аралығындағы этнос жастары қатысып, алдын ала (3 минуттық) оқу орны немесе жұмыс орны туралы ақпарат, қоғамдық жұмысынан қысқаша көрініс, мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі және жетістіктері туралы қысқаметражды фильм ұсынып, ой толғауға онлайн режимінде қатысты. Нәтижесінде Панфилов ауданының тұрғыны А. Абдушакиров I орынды еншілеп, республикалық байқауға жолдама алды.
Қазақ поэзиясынан үзінді оқу арқылы жастарды еліне деген сүйіспеншілік, адалдық, әділдік, еңбекқорлық, мейірімділік, ар-намыс сияқты адамгершілік құндылықтарына тәрбиелеу мен қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту мақсатында «Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясы жарияланды. Қағидаға сәйкес өңіріміздің этнос өкілдері ақындар өлеңдерінің біреуін таңдап, мәнерлеп жатқа оқып (ұзақтығы 2 минуттан аспауы тиіс), әлеуметтік желіде #менқазақшасөйлеймін2021 хештегімен кеңінен тарату тиіс болды. Үздіктер әлеуметтік желілердегі қаралым, яғни «лайк», пікір қалдыру саны бойынша анықталады. 5 кезеңнен (1 кезең 5-8 сыныптың оқушылары арасында, 2 кезең 9-10 сынып оқушылары арасында, 3 кезең ЖОО студенттері арасында, 4 кезең ересек тұрғындар арасында, 5 кезең құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында) тұратын акцияның 1 кезеңі бойынша Алматы облысынан (20 аудан, қала) барлығы 65 үміткер қатысты. Нәтижесінде республика бойынша Қарасай ауданының 7 сынып оқушысы Л. Шарипова Бас жүлдені иеленсе, Қарасай ауданының 7 сынып оқушысы И. Ибрагимова I орынға ие болды. Сонымен қатар облысымыздың 27 этнос өкілі аталған акцияға белсене қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің Алғыс хатымен марапатталды.
4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күніне орай жоспарланған іс-шаралар тізімін орындау бойынша Басқарманың мемлекеттік қызметшілері, Алматы облысының «Тіл» оқыту-әдістемелік орталығының қызметкерлерінің қатысуымен (2021 жылғы 4 маусым күні сағат 11:00) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимнін орындау салтанаты өтті. Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібековтің бейнеқұттықтауы қатысушылар назарына ұсынылды. Жиын соңында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күніне орай басқарманың, сонымен бірге облыстың белсенді азаматтарына басқарманың Алғыс хаттары табысталды.
2021 жылдың 23 маусымында терминологиялық жұмыстарды жүйелендіру, қазақ тілінің терминологиялық базасын жетілдірудің алгоритмін жасау мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен онлайн форматта «Терминологиялық база: тәжірибе және технология» атты республикалық әдістемелік семинар өтті. Аталған семинарға басқарманың тілдерді дамыту бөлімінің мамандары мен Алматы облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының меңгерушілері қатысып, пікір алмасты.
2021 жылдың I жартыжылдығында мемлекеттік тілді қолдануға және оны насихаттауға байланысты облыстық және қалалық баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалар саны 20. Оның ішінде облыстық «Жетісу» газетінде 5 мақала, облыстық «Огни Алатау» газетінде 2 мақала, «Алатау» қоғамдық-саяси газетінде 10 мақала, қалалық «Талдықорған» газетінде 3 мақала жарық көрді. Сонымен қатар тілдік ахуалға қатысты әлеуметтік желілердегі (Facebook, Instagram) жарияланымдар саны 179.