Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңы және Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) жүзеге асыруда облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес жүйелі жұмыстар атқарды.
Тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп келеді. Нәтижесінде өңірімізде 2021 жылдың I жартыжылдығында мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,5%-ті құрады.
2021 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында рухани құндылықтарды насихаттап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай «Тас жүректі тіліммен тілімдедім» атты онлайн байқауы ұйымдастырылды. Байқауға 18-45 жас аралығындағы 450 үміткер ұсыныс білдіріп, нәтижесінде 360 адам байқауға қатысуға мүмкіндік алды. Танымал қаламгерлерден құрылған қазылар алқасының шешіміне сәйкес, поэзия бағытында арнау өлеңімен Бас жүлдеге лайық деп М. Ережеп (Талғар ауданы) танылса, Мұқағалиға арналған зерттеу мақалалары ішінен Бас жүлде А. Сұлтанғазыға (Талдықорған қаласы) тиесілі деп танылды. Сонымен қатар, үздік деп танылған туындылар Басқарманың ресми сайтында және байқауға ақпараттық қолдау көрсетуші республикалық әдеби-мәдени танымдық «Мұқағали» журналында жарияланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады...» деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда, басқарманың ұйымдастыруымен «Мектеп жасына дейінгі балалардың ауызша сөйлеу тілін дамыту» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге басқармасының Талдықорған қалалық оқу-әдістемелік орталығының, қалалық білім бөлімінің қызметкерлері, балабақша меңгерушілері мен қазақ тілі пәні мұғалімдері, басқарма қызметшілері қатысты. Жиынға арнайы шақырылған педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқыту және тәрбиелеу әдістемесі кафедрасының профессоры А. Бакраденова өзінің оқу құралдарында бүлдіршіндердің қазақша сөйлеу тілін қалыптастырып дамытуға қажетті әдістемелік нұсқаулар мен модуль арқылы жіктелген тақырыптар бойынша балабақша меңгерушілері мен мұғалімдері сабақ үлгілерімен танысып, іс-тәжірибесімен бөлісіп, пікір алмасты.
Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, этнос өкілдерінің арасында қазақ тілін этносаралық қатынас тіліне айналдыру үшін өзінің ана тілімен қатар қазақ тілін жетік меңгеру, оның қолданыс аясын кеңейту, жетік меңгерген азаматтарды үлгі ету, олардың санын көбейту мақсатында облыс аумағында әлеуметтік желілерде (Instagram, Facebook) 2021 жылдың 10 ақпан - 1 наурыз аралығында «Тілге құрмет – елге құрмет» атты челлендж ұйымдастырылды.
Облыс көлемінде қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту мақсатында ұйымдастырылған челленджге мемлекеттік тілді меңгерген барлығы 274 этнос өкілдері қатысып, белсенділік танытты. Қатысушылар еркін форматта мемлекеттік тілде 3-5 минуттық бейнероликтер әзірлеп, әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталды.
Мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау мақсатында дәстүрлі түрде өтетін «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауының да жеңімпаздары анықталды. Байқау қағидаларына сәйкес қатысушылар үш номинация бойынша, яғни «Үздік мақала», «Үздік телебағдарлама (үздік телесюжет)», «Үздік сайт мақаласы (үздік әлеуметтік желі)» бойынша барлығы 21 өтінім өтінім қабылданды. Аталған байқауға облыс бойынша 20 аудан, қала қатысып, белсенділік танытты. Байқауға қатысушылардың жұмысын бағалау және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтау үшін құрылған қазылар алқасы байқаудың барлық талаптарын басшылыққа алып, әділ шешім шығарды. Нәтижесінде «Үздік мақала» номинациясы бойынша I орынды аудандық «Алакөл» газетінің жауапты хатшысы А. Есенбеков, «Үздік сайт мақаласы» номинациясы бойынша I орынды Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі М. Молдағалиева және «Үздік телебағдарлама, үздік телесюжет» номинациясы бойынша I орынды «Жетісу» радиосының жетекешісі Е. Айдабосын иеленіп, республикалық байқауға жолдама алды.
Қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін Абай шығармашылығы арқылы қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген ықыласын арттыру мақсатында дәстүрлі түрде өтетін «Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлері» облыстық байқауында 17-35 жас аралығындағы азаматтар бақ сынасты. Байқау шартына сәйкес қатысушылар Абайдың шығармаларынан проза және поэзия жанрлары бойынша үзіндіні жатқа оқып, бейнеролик түсіріп, (16 аудан, қала) 24 үміткер қатысты. Нәтижесінде талдықорғандық А. Алиева I орынға лайық деп танылды.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту мақсатында ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» байқауына мемлекеттік тілді жетік меңгерген 21-35 жас аралығындағы этнос жастары қатысып, алдын ала (3 минуттық) оқу орны немесе жұмыс орны туралы ақпарат, қоғамдық жұмысынан қысқаша көрініс, мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі және жетістіктері туралы қысқаметражды фильм ұсынып, ой толғауға онлайн режимінде қатысты. Нәтижесінде Панфилов ауданының тұрғыны А. Абдушакиров I орынды еншілеп, республикалық байқауға жолдама алды.
Қазақ поэзиясынан үзінді оқу арқылы жастарды еліне деген сүйіспеншілік, адалдық, әділдік, еңбекқорлық, мейірімділік, ар-намыс сияқты адамгершілік құндылықтарына тәрбиелеу мен қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту мақсатында «Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясы жарияланды. Қағидаға сәйкес өңіріміздің этнос өкілдері ақындар өлеңдерінің біреуін таңдап, мәнерлеп жатқа оқып (ұзақтығы 2 минуттан аспауы тиіс), әлеуметтік желіде #менқазақшасөйлеймін2021 хештегімен кеңінен тарату тиіс болды. Үздіктер әлеуметтік желілердегі қаралым, яғни «лайк», пікір қалдыру саны бойынша анықталады. 5 кезеңнен (1 кезең 5-8 сыныптың оқушылары арасында, 2 кезең 9-10 сынып оқушылары арасында, 3 кезең ЖОО студенттері арасында, 4 кезең ересек тұрғындар арасында, 5 кезең құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында) тұратын акцияның 1 кезеңі бойынша Алматы облысынан (20 аудан, қала) барлығы 65 үміткер қатысты. Нәтижесінде республика бойынша Қарасай ауданының 7 сынып оқушысы Л. Шарипова Бас жүлдені иеленсе, Қарасай ауданының 7 сынып оқушысы И. Ибрагимова I орынға ие болды. Сонымен қатар облысымыздың 27 этнос өкілі аталған акцияға белсене қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің Алғыс хатымен марапатталды.
4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күніне орай жоспарланған іс-шаралар тізімін орындау бойынша Басқарманың мемлекеттік қызметшілері, Алматы облысының «Тіл» оқыту-әдістемелік орталығының қызметкерлерінің қатысуымен (2021 жылғы 4 маусым күні сағат 11:00) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимнін орындау салтанаты өтті. Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібековтің бейнеқұттықтауы қатысушылар назарына ұсынылды. Жиын соңында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күніне орай басқарманың, сонымен бірге облыстың белсенді азаматтарына басқарманың Алғыс хаттары табысталды.
2021 жылдың 23 маусымында терминологиялық жұмыстарды жүйелендіру, қазақ тілінің терминологиялық базасын жетілдірудің алгоритмін жасау мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен онлайн форматта «Терминологиялық база: тәжірибе және технология» атты республикалық әдістемелік семинар өтті. Аталған семинарға басқарманың тілдерді дамыту бөлімінің мамандары мен Алматы облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының меңгерушілері қатысып, пікір алмасты.
2021 жылдың I жартыжылдығында мемлекеттік тілді қолдануға және оны насихаттауға байланысты облыстық және қалалық баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалар саны 20. Оның ішінде облыстық «Жетісу» газетінде 5 мақала, облыстық «Огни Алатау» газетінде 2 мақала, «Алатау» қоғамдық-саяси газетінде 10 мақала, қалалық «Талдықорған» газетінде 3 мақала жарық көрді. Сонымен қатар тілдік ахуалға қатысты әлеуметтік желілердегі (Facebook, Instagram) жарияланымдар саны 179.
Тілдерді оқыту орталықтары бойынша атқарылған жұмыстар
2021 жылдың I жартыжылдығында дәріс алған тыңдаушылар саны - 3291 (оның ішінде 989 мемлекеттік, 1918 бюджеттік сала қызметкерлері, 384 жеке тұлға). Топ саны - 219. Ұлттық құрамы: 1935 - қазақ, 1356 - этнос өкілдері. Сертификат алғандар саны - 1606, куәлік алғандар - 1460, анықтама алғандар - 199.
Мемлекеттік тілді оқыту курсына 2596 тіл үйренуші қабылданды. Оқытылған топ саны - 161 (оның ішінде 711 мемлекеттік, 1585 бюджеттік сала қызметкерлері, 300 жеке тұлға). Ұлттық құрамы: 1270 қазақ, 1326 этнос өкілдері (51 %). Сертификат алғандар саны - 1394, куәлік алғандар саны -1141, анықтама алғандар саны - 61.
Орыс тілі курсына 79 тыңдаушы қабылданды. Оқытылған топ саны - 5, (оның ішінде мемлекеттік қызметшілер 33, бюджеттік сала қызметкерлері 18, жеке тұлға 28). Ұлттық құрамы бойынша барлығы қазақ. Сертификат алғандар саны - 10, куәлік алғандар саны - 40, анықтама алғандар саны - 29.
Ағылшын тілі курсына 616 тыңдаушы қабылданды. Оқытылған топ саны - 53 (оның ішінде 245 мемлекеттік қызметші, 315 бюджеттік сала қызметкерлері және 56 жеке тұлға). Ұлттық құрамы: 586 қазақ, 30 этнос өкілі. Сертификат алғандар саны - 202, куәлік алғандар саны - 279, анықтама алғандар саны - 109.
Бағдарламаның нәтижелі көрсеткіштердің бірі – Қазтест жүйесі арқылы анықталатын мемлекеттік тілді орта және жоғары деңгейде меңгерген мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін және өзге сала мамандарының үлесін арттыруға бағытталған. 2021 жылдың I жартыжылдығында Қазтест жүйесі негізінде жалпы тестілеуден өткендер саны 1563 адам (оның ішінде мемлекеттік қызметшілер 627, бюджеттік сала қызметкерлері 829, мемлекеттік емес сала қызметкерлері 29, мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдары 78).
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» мақаласының негізіндегі тұжырымдаманы орындау жөніндегі Алматы облысының Наурыз мейрамын тойлаудың іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының аудандық, қалалық филиал тыңдаушыларының қатысуымен 2021 жылдың 18 наурызында Zoom платформасы арқылы «Бақ берекем, құт мерекем – әз Наурыз» атты кешенді іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шараға 17 аудандық, 2 қалалық филиалдардан 122 тыңдаушы, оның ішінде 87 этнос өкілдері қатысты. Бұл идеологиялық мәні зор іс-шарада қатысушылар көркемсөз оқып, ән салып, ұлттық салт-дәстүрімізден көрініс көрсетіп, соңында өзін-өзі бағалау әдісі арқылы жеңімпаздар анықталды. Нәтижесінде Еңбекшіқазақ ауданының 6 тыңдаушысының «Нұрға малып қанатын, келді міне, жаңа күн!» тақырыбындағы дайындаған сазды сәлем бағдарламасы мерекенің ән шашуы ретінде үздік деп бағаланса, Қапшағай қаласы филалының 8 тыңдаушысы «Наурыз думан – бесік той» тақырыбындағы көріністері танымдық сипатта берері мол болғандықтан жоғары бағаланды. Сонымен бірге Алакөл, Сарқан, Кербұлақ, Каратал, Ұйғыр, Панфилов, Қапшағай, Еңбекшіқазақ, Балқаш аудандық филиал тыңдаушылары да белсенділік танытты. Іс-шара соңында салтын сақтап, дәстүрін дәріптеген этнос өкілдері қазақ жерін, әсіресе қасиетті топырақты қоныс еткендерін қуанышпен жеткізіп, мерекелік құттықтауларын жолдады.
Мемлекетік тілді меңгерудің қажеттілігін түсіндіру, тіл тазалығын сақтай отырып, тіл мәдениетін қалыптастыру мақсатында оқыту орталығының ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19 наурызында «Қазақшаң қалай?» байқауы өтті. Байқауға 141 адам, оның ішінде 113-і этнос өкілдері қатысты. 4 кезеңнен құралған бұл байқаудың бірінші – таныстыру кезеңінде қатысушы өзі және жұмыс орны туралы мәлімет берсе, екінші «Суреттер сөйлейді» кезеңінде берілген суреттер бойынша шағын мәтін құрау, ал үшінші «Сұраңыз, жауап береміз» атты кезеңде тақырыптық-танымдық викториналық сұрақтар берілді, ал төртінші «Грамматика әлеміне саяхат» кезеңі қазақ тілінің грамматикасына арналған деңгейлік сұрақтардан тұрды. Байқау қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды.
2021 жылғы сәуірде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында этнос өкілдері арасында 1 Мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай әлеуметтік желіде «Тіл мерейі – ел мерейі» атты челлендж ұйымдастырылды. Челленджге Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы мен аудандық, қалалық филиалдары тыңдаушылары белсене қатысып, атсалысты.
Бағдарлама аясында мемлекеттік тілді оқытудың қалыптасқан әдіснамалық негіздері мен әлемдік тәжірибелерді басшылыққа ала отырып, қазақ тілін деңгейлеп оқытудың әдіснамасын жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Қазақ тілін үйретудің заманауи әдіснамасы», «Қазақ тілін үйретудің авторлық әдістемесі» тақырыбында онлайн форматта республикалық семинарлар өтті. Аталған семинарларға Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы мен аудандық, қалалық филиал қызметкерлері мен оқытушылары қатысты.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру арнайы жобасын іске асыру жөніндегі 2021 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия отырысының 2021 жылғы 28 қаңтардағы хаттамасының 6 тармағын орындау бойынша латын графикасына негізделген жетілдірілген қазақ тілі әліпбиінің жобасын түсіндіру мақсатында ЖОО-ның филолог-мамандары, өңірлік мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және оның филиалдары оқытушыларының қатысуымен барлығы 22 семинар ұйымдастырылып, 785 адам қамтылды. Жетілдірілген қазақ тілі әліпбиі жобасы бойынша қатысушылардың көпшілігі «Йй» және «Іі» әріптерін ажырату қиындық тудыратынын, сонымен қатар жетілдірілген қазақ тілі әліпбиінің жобасы бір дыбыс, бір әріп принципі бойынша ұтымды жасалғандықтан, қолдануға ыңғайлы екендігін білдірді.
Сонымен бірге 2021 жылдың 5 ақпан күні онлайн форматта диакритикалық белгілердің жазылым мен оқылымдағы оңтайлылыған, артықшылығы мен кемшілігін анықтау және жетілдірілген әліпби жобасымен таныстыру мақсатында сынама сабақ өткізілді. Сынама сабаққа ЖОО-ның филолог-мамандары, өңірлік мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, бастауыш сынып мұғалімдері, оқыту орталығының оқытушылары мен қызметкерлері қатысып, жетілдірілген қазақ әліпбиінің оқылым мен жазылымы бойынша әр диакритикаға жеке-жеке тапсырмалар орындап, пікір алмасты.
Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалымен, «Janr» Жетісу әдеби клубымен және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен бірлесе Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында рухани құндылықтарды насихаттау, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, әдебиеттің дамуына ықпал етіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында «Тіл – ғұмыр» атты қаламгерлер байқауының жеңімпаздары марапатталып, проза, поэзия жанры бойынша облыс әкімінің «Ақ қауырсын» арнайы жүлдесі табысталды. Байқауға барлығы 65 үміткер ұсыныс жолдады (поэзия жанрына 48, проза жанрына 17 өтінім қабылданды).
Проза жанрында Р. Тұрғанбаев (Талдықорған қаласы), поэзия жанрында А. Сұлтанғазы (Талдықорған қаласы) «Ақ қауырсын» жүлдесіне ие болды.
2021 жылдың маусым айында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай онлайн режимде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен дамыту бағытында облыс көлемінде мемлекеттік қызметшілер арасында «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» байқауы ұйымдастырылды. Байқау ережесі бойынша қатысушы өзі оқыған көркем әдеби, тарихи, мотивациялық кітаптардың ішінен немесе ережеде ұсынылған тізімнен өзі ұнатқан бір кітап оқып, кітаптан алған әсері мен қысқаша мазмұнын баяндай отырып, уақыты 2-3 минуттан аспайтын бейнеролик дайындады. Байқауға қатысқан мемлекеттік қызметшілер саны 40 (әкімдіктің басқармаларынан - 13 қатысушы, аудан, қала әкімдіктерінен - 27 қатысушы). Байқауда қазақ тілінде кітап оқыған Б. Тарақов (Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар комитетінің Алматы облысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бас маманы) I орынға ие болса, М. Беккулова (Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының бас маманы) орыс тілінде сапалы бейнебаян түсіріп, I орынға ие болды.
Өңіріміздегі ономастикалық ахуал
Бағдарламаның басым бағыттарының бірі – ономастикалық мәселелерді ретке келтіру.
Қазіргі таңда ономастикалық нысандарға атау беру және оларды қайта атау жұмыстары ҚР Президенті Әкімшілігінің (27.09.2019 ж. №19-32-20.357) тапсырмасы негізінде жалпыға ортақ тарихи сананы қалыптастыру мақсатында бекітілген «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары», «Дәстүрлі атаулар» тізімдеріне сәйкес жүргізіліп келеді.
Осы ретте облыс өңіріндеге 60 әкімшілік-аумақтық бірліктің (аудан, ауылдық округ, ауыл), 3103 құрамдас бөліктің (көше, даңғыл, саябақ т.б.), 120 білім мекемесі мен 2 мәдениет үйінің атауы тарихи тұлғалардың есімімен аталады. Яғни тізімде көрсетілген 345 тарихи тұлғаның 291-інің есімі ұлықталып отыр (2020 жылғы ақпарат бойынша).
Сондай-ақ, облыс аумағындағы әкімшілік-аумақтық бірліктер мен құрамдас бөліктердің 6665-і кісі есімімен (5 аудан, 39 ауылдық округ, 83 елді мекен, 6538 көше), 1817-сі жер-су атымен (14 аудан, 181 ауылдық округ, 355 елді мекен, 1267 көше), 1993-і дәстүрлі атаумен (1 аудан, 22 ауылдық округ, 82 елді мекен, 1888 көше) аталады.
ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысымен бекітілген қағидаға (одан әрі - Қағида) сәйкес Ұйғыр ауданы мен Ақсу ауданына қарасты құрамдас бөліктерге (көшелерге) атау беру және оларды қайта атау бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысы өткізіліп, дауыс беру қорытындысы негізінде:
Ұйғыр ауданы Шонжы ауылына қарасты Кентал Исламов көшесі – Әл-Фараби көшесі, Нуршидин Аппазов көшесі – Абай көшесі, Абдулла Розыбакиев көшесі – Мұқағали Мақатаев көшесі болып қайта аталды;
Ұйғыр ауданы Шонжы ауылының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан жаңа көшелерге Кентал Исламовтың, Абдулла Розыбакиевтің, Нуршидин Аппазовтың есімдері берілді;
Ақсу ауданы Жансүгіров ауылының шығыс бөлігінде орналасқан жаңа көшелерге Бөрібай батырдың, Қажымқан Мәсімовтің есімдері берілді.
Бүгінгі күнге аталған құрамдас бөліктер (көшелер) бойынша жергілікті атқарушы органдардың (ауылдық округ) шешімдері (НҚА) шығарылып, салтанатты түрде ашылу рәсімі өткізілді.
Сондай-ақ, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 1 кітапхана мен 12 білім беру ұйымына Әл-Фараби, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Бауыржан Момышұлы, Дінмұхамед Қонаев сынды тарихи тұлғалардың есімдері берілді.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Басқарма басшысы Б. Керімбек