Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының І тоқсанда атқарған жұмысы туралы ақпарат

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңы және Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына (бұдан әрі – Бағдарлама) сәйкес облыста арнайы іс-шаралар жоспары жасалды. «Мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту», «Латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғырту», «Қазақстан азаматтарының тілдік капиталын дамыту» сынды тарауларды қамтитын жаңа бағдарламының басты міндеті мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту болып табылады.

Тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті  атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Осыған сәйкес өңірімізде 2021 жылдың I тоқсанында мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,5%-ті құрады.

2021 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында рухани құндылықтарды насихаттап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай Басқарма қызметкерлері ағымдағы жылдың шымылдығын «Тас жүректі тіліммен тілімдедім» атты онлайн байқаумен ашты. Екі бағыт бойынша ұйымдастырылған бұл дүбірлі додаға 18-45 жас аралығындағы 450 үміткер қатысып, нәтижесінде 360 адам байқауға қатысуға мүмкіндік алды. Танымал қаламгерлерден құрылған қазылар алқасының шешіміне сәйкес, поэзия бағытында арнау өлеңімен Бас жүлдеге лайық деп Мақсат Ережеп (Талғар ауданы) танылса, Мұқағалиға арналған зерттеу мақалалары ішінен Бас жүлде Асыл Сұлтанғазыға (Талдықорған қаласы) тиесілі деп танылды. Сонымен қатар, үздік деп танылған туындылар Басқарманың ресми сайтында және байқауға ақпараттық қолдау көрсетуші республикалық әдеби-мәдени танымдық «Мұқағали» журналында жарияланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады...» деп үндеу тастаған болатын. Осы орайда, басқарманың ұйымдастыруымен «Мектеп жасына дейінгі балалардың ауызша сөйлеу тілін дамыту» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге басқармасының Талдықорған қалалық оқу-әдістемелік орталығының, қалалық білім бөлімінің қызметкерлері, балабақша меңгерушілері мен қазақ тілі пәні мұғалімдері, басқарма қызметшілері қатысты. Жиынға арнайы шақырылған педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқыту және тәрбиелеу әдістемесі кафедрасының профессоры А. Бакраденова өзінің оқу құралдарында бүлдіршіндердің қазақша сөйлеу тілін қалыптастырып дамытуға қажетті әдістемелік нұсқаулар мен модуль арқылы жіктелген тақырыптар бойынша балабақша меңгерушілері мен мұғалімдері сабақ үлгілерімен танысып, іс-тәжірибесімен бөлісіп, пікір алмасты.

Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, этнос өкілдерінің арасында қазақ тілін этносаралық қатынас тіліне айналдыру үшін өзінің ана тілімен қатар қазақ тілін жетік меңгеру, оның қолданыс аясын кеңейту, жетік меңгерген азаматтарды үлгі ету, олардың санын көбейту мақсатында облыс аумағында әлеуметтік желілерде (Instagram, Facebook) 2021 жылдың 10 ақпан - 1 наурыз аралығында «Тілге құрмет – елге құрмет» атты челленджі ұйымдастырылды.

Облыс көлемінде қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту мақсатында ұйымдастырылған челленджге мемлекеттік тілді меңгерген барлығы 274 этнос өкілдері қатысып, белсенділік танытты. Қатысушылар еркін форматта мемлекеттік тілде 3-5 минуттық бейнероликтер әзірлеп, әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталды.

2021 жылдың I тоқсанында мемлекеттік тілді қолдануға және оны насихаттауға байланысты облыстық және қалалық баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалар саны 15. Оның ішінде облыстық «Жетісу» газетінде 5 мақала, облыстық «Огни Алатау» газетінде 2 мақала, «Алатау» қоғамдық-саяси газетінде 6 мақала, қалалық «Талдықорған» газетінде 2 мақала жарық көрді. Сонымен қатар тілдік ахуалға қатысты әлеуметтік желілердегі (Facebook, Instagram) жарияланымдар саны 120.

Тілдерді оқыту орталықтары бойынша атқарылған жұмыстар.

2021 жылдың I тоқсанында мемлекеттік тілді оқыту курсына 1157 тіл үйренуші қабылданды. Топ саны – 77, оның ішінде 282 мемлекеттік, 726 бюджеттік сала қызметкерлері, 149 жеке тұлға дәріс алуда. Ұлттық құрамы: 559-ы қазақ, 598-і этнос өкілдері (51%).

Орыс тілі курсына 41 тыңдаушы қабылданды. Топ саны – 2, мемлекеттік қызметшілер 13, бюджеттік сала қызметкерлері 13, жеке тұлға 15. Ұлттық құрамы бойынша барлығы қазақ.

Ағылшын тілі курсына 298 тыңдаушы қабылданды. Топ саны – 21, оның ішінде 111 мемлекеттік қызметші, 160 бюджеттік сала қызметкерлері және 27 жеке тұлға. Ұлттық құрамы: 287 қазақ, 11 этнос өкілі.

Бағдарламаның нәтижелі көрсеткіштердің бірі Қазтест жүйесі арқылы анықталатын мемлекеттік тілді орта және жоғары деңгейде меңгерген мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін және өзге сала мамандарының үлесін арттыруға бағытталған. 2021 жылдың I тоқсанында Қазтест жүйесі негізінде жалпы тестілеуден өткендер саны 365 адам.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» мақаласының негізіндегі тұжырымдаманы орындау жөніндегі Алматы облысының Наурыз мейрамын тойлаудың іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының аудандық, қалалық филиал тыңдаушыларының қатысуымен 2021 жылдың 18 наурызында Zoom платформасы арқылы «Бақ берекем, құт мерекем – әз Наурыз» атты кешенді іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шараға 17 аудандық, 2 қалалық филиалдарынан 122 тыңдаушы, оның ішінде 87 этнос өкілдері қатысты. Бұл идеологиялық мәні зор іс-шарада қатысушылар көркемсөз оқып, ән салып, ұлттық салт-дәстүрімізден көрініс көрсетіп, соңында өзін-өзі бағалау әдісі арқылы жеңімпаздар анықталды. Нәтижесінде Еңбекшіқазақ ауданының 6 тыңдаушысының «Нұрға малып қанатын, келді міне, жаңа күн!» тақырыбындағы дайындаған сазды сәлем бағдарламасы мерекенің ән шашуы ретінде үздік деп бағаланса, Қапшағай қаласы филалының 8 тыңдаушысы «Наурыз  думан – бесік  той» тақырыбындағы  көріністері танымдық сипатта берері мол болғандықтан, жақсы деп танылды. Сонымен бірге Алакөл, Сарқан, Кербұлақ, Каратал, Ұйғыр, Панфилов аудандық филиал тыңдаушыларының өнерлері де жоғары бағаланды. Іс-шара соңында салтын сақтап, дәстүрін дәріптеген этнос өкілдері қазақ жерін, әсіресе қасиетті топырақты қоныс еткендерін қуанышпен жеткізіп, мерекелік құттықтауларын жолдады.

Мемлекетік тілді меңгерудің қажеттілігін түсіндіру, тіл тазалығын сақтай отырып, тіл мәдениетін қалыптастыру мақсатында оқыту орталығының ұйымдастыруымен 2021 жылдың 19 наурызында «Қазақшаң  қалай?» байқауы өтті. Байқауға 141 адам, оның ішінде 113-і этнос өкілдері қатысты. 4 кезеңнен құралған бұл байқаудың бірінші – таныстыру кезеңінде  қатысушы өзі және жұмыс орны туралы мәлімет берсе, екінші «Суреттер  сөйлейді» кезеңінде берілген суреттер бойынша шағын мәтін құрау, ал үшінші «Сұраңыз, жауап береміз» атты кезеңде тақырыптық-танымдық викториналық сұрақтар берілді, ал төртінші «Грамматика әлеміне саяхат» кезеңі қазақ тілінің грамматикасына арналған деңгейлік сұрақтардан тұрды. Байқау қорытындысы бойынша «Тіл – достықтың көпірі» ұранымен достық жеңді.

Сонымен қатар, аудан қаладағы «Тіл» оқу-әдістемелік орталықтарының ұйымдастыруымен 2021 жылдың 18-19 наурыз аралығында «Наурыз  көшбасшысы» тақырыптық-интеллектуалдық сайысы (Талдықорған қаласы), «Наурыз думан – бесік той» көрінісі (Қапшағай қаласында), «Ұлыс күні»  мәнерлеп оқу байқауы (Сарқан ауданы), «Нұрға малып қанатын, Келді міне, Жаңа күн» тақырыбы бойынша сазды-сәлем бағдарламасы (Еңбекшіқазақ ауданы), «Армысың, әз Наурыз» танымдық-тақырыптық бағдарлама (Балқаш ауданы) аталып өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Басқармасының қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру арнайы жобасын іске асыру жөніндегі   2021 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия отырысының 2021 жылғы 28 қаңтардағы хаттамасының 6 тармағын орындау бойынша латын графикасына негізделген жетілдірілген қазақ тілі әліпбиінің жобасын түсіндіру мақсатында ЖОО-ның филолог-мамандары, өңірлік мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және оның филиалдары оқытушыларының қатысуымен барлығы  22 семинар ұйымдастырылып, 785 адам қамтылды. Жетілдірілген қазақ тілі әліпбиі жобасы бойынша қатысушылардың көпшілігі «Йй» және «Іі» әріптерін ажырату қиындық тудыратынын, сонымен қатар жетілдірілген қазақ тілі әліпбиінің жобасы бір дыбыс, бір әріп принципі бойынша ұтымды жасалғандықтан, қолдануға ыңғайлы екендігін білдірді.

Сонымен бірге 2021 жылдың 5 ақпан күні онлайн форматта диакритикалық белгілердің жазылым мен оқылымдағы оңтайлылығын, артықшылығы мен кемшілігін анықтау және жетілдірілген әліпби жобасымен таныстыру мақсатында сынама сабақ өткізілді. Сынама сабаққа ЖОО-ның филолог-мамандары, өңірлік мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, бастауыш сынып мұғалімдері, оқыту орталығының оқытушылары мен қызметкерлері қатысып, жетілдірілген қазақ әліпбиінің оқылым мен жазылымы бойынша әр диакритикаға жеке-жеке тапсырмалар орындап, пікір алмасты.

Өңіріміздегі ономастикалық ахуал.

Тілдерді дамыту мен қолдануға арналған мемлекеттік бағдарламаның басым бағыттарының бірі – ономастикалық мәселелерді ретке келтіру.

Қазіргі таңда ономастикалық нысандарға атау беру және оларды қайта атау жұмыстары ҚР Президенті Әкімшілігінің (27.09.2019 ж. №19-32-20.357) тапсырмасы негізінде жалпыға ортақ тарихи сананы қалыптастыру мақсатында бекітілген «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары», «Дәстүрлі атаулар» тізімдеріне сәйкес жүргізіліп келеді.

Осы ретте облыс өңіріндеге 60 әкімшілік-аумақтық бірліктің (аудан, ауылдық округ, ауыл), 3103 құрамдас бөліктің (көше, даңғыл, саябақ т.б.), 120 білім мекемесі мен 2 мәдениет үйінің атауы тарихи тұлғалардың есімімен аталады. Яғни тізімде көрсетілген 345 тарихи тұлғаның 291-інің есімі ұлықталып отыр (2020 жылғы ақпарат бойынша).

Сондай-ақ, облыс аумағындағы әкімшілік-аумақтық бірліктер мен құрамдас бөліктердің 6665-і кісі есімімен (5 аудан, 39 ауылдық округ, 83 елді мекен, 6538 көше), 1817-сі жер-су атымен (14 аудан, 181 ауылдық округ, 355 елді мекен,   1267 көше), 1993-і дәстүрлі атаумен (1 аудан, 22 ауылдық округ, 82 елді мекен, 1888 көше) аталады.

2021 жылы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес ҚР Үкіметінің қаулысымен 8 білім мекемесіне әл-Фараби, Абай, Бауыржан Момышұлы, Ахмет Байтұрсынұлы секілді тарихи тұлғалардың есімдері берілді. Одан бөлек 5 білім мекемесіне Ыбырай Алтынсариннің, Дінмұхамед Қонаевтың, әл-Фарабидің есімдері берілуде.

Бүгінгі күнге облыстық ономастика комиссиясының қарауына атау беру және қайта атау бойынша барлығы 918 ұысыныс түсіп отыр (2021 жылғы 2 сәуірдегі мәлімет бойынша):

- әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша 7 ұсыныс, онының ішінде 2-еуі қайта атау, 5-еуі транскрипциясын нақтылау (Екпінді ауылына – Еділ Ерғожиннің, Шанханай ауылына – Шоқан Уәлихановтың есімдерін беру туралы);

- елді мекендердің құрамдас бөліктері (көшелер) бойынша барлығы  904 ұсыныс (147-сі дәстүрлі атау, 107-сі жер-су аттары, 649-ы кісі есімдері, (409-ы тарихи тұлғалар тізімі бойынша, қалған 240-ы кісі есімдері);

- білім беру ұйымдары бойынша барлығы 7 ұсыныс (2 ұсыныс тарихи тұлғалар есімдері, 5 ұсыныс кісі есімдері).

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

Дата публикации
06 апреля 2021