Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының 2020 жылы атқарған жұмысы туралы ақпарат

Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын  жүзеге асыру бойынша

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасында (бұдан әрі – Басқарма) «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңы және Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) орындау мақсатында 2020 жылы бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды.

Бағдарламаны іске асыру жөнінде 2020 жылға арналған Алматы облысы бойынша іс-шаралар жоспарында көрсетілген барлық нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізілді.

«Тіл-Кие» инновациялық орталығымен бірлесе отырып, облыстағы тілдік ахуалдың жай-күйін зерделеу мақсатында халықтың көзқарасын анықтау үшін өңіріміздің 17 ауданы мен 3 қаласынан 3000 респондент арасында әлеуметтік лингвистикалық сауалнама жүргізілді. Сауалнама шынайы және жауап берушілердің ұсыныстары мен пікірлері негізінде сарапталды және мемлекеттік қызмет, бюджеттік сала қызметкерлері, халыққа қызмет көрсету саласы қызметкерлері сияқты әртүрлі сала өкілдері сауалнамаға тартылды. Респонденттердің ұлттық құрамы бойынша: қазақ 92,9%, орыс 4,2%, этнос өкілдері 2,9%, мемлекеттік қызметшілер 26,3%, бюджеттік сала қызметкерлері 48,5%, халыққа қызмет көрсету саласының қызметкерлері 11,4%, басқа да 13,8%.

Бағдарламаның нысаналы индикаторына сәйкес мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесі - 92,5%, мемлекеттік тілде оқып, жаза алатындардың үлесі - 90,5%, ағылшын тілін меңгергендер - 27,6%, үш тілді меңгергендер      18%, латын графикасындағы қазақ әліпбиін үйренгісі келетіндердің үлесі      96,3%  құрады.

Сауалнама нәтижесі бойынша «Алматы облысындағы тілдік ахуал» атты кітапша екі тілде (қазақ, орыс) шығарылды.

Тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті  атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына тоқсан сайын мониторинг жүргізілді. Осыған сәйкес өңірімізде жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,5% құрады.

Қазіргі уақытта облыста «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және оның                 аудандық, қалалық филиалы барлығы 20 оқыту орталығы жұмыс істейді. Барлық оқыту орталықтары заманауи үлгідегі материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген.

2020 жылы дәріс алған тыңдаушылардың жалпы саны 4475. Ұлттық құрамы бойынша  1386 этнос өкілі  (30%). Мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, жаза алатын тыңдаушылар саны 2440.

 Оның ішінде мемлекеттік тілді оқыту курсына 3792 тіл үйренуші қабылданды. Ұлттық құрамы бойынша 1352 этнос өкілдері (35 %). 

Ағылшын тілі курсына 655 тыңдаушы қабылданды. Ұлттық құрамы бойынша  34 этнос өкілі (5%). Ағылшын тілін оқыту курсы облыс бойынша        6 тіл оқыту  орталығында ұйымдастырылып отыр. (Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы, Қарасай, Іле, Райымбек, Кеген ауданы, Қапшағай қаласы). Дәріс алған 655 тыңдаушының 286 мемлекеттік, 252 бюджеттік сала қызметкерлері, 117 жеке тұлға, 55  топ оқытылды.

2020 жылы қабылданған 4475 тыңдаушының 28-і орыс тілі курсында оқыды.

Қазтест жүйесі негізінде тұрғындардың мемлекеттік тілді белгілі бір деңгейде білуін анықтау үшін кестеге сәйкес ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы қызметкерлерінің қатысуымен 14-18 қыркүйек аралығында 67 адам сертификаттық, 500 адам диагностикалық тестілеуден өтті.   Жергілікті жер бойынша  диагностикалық тест тапсырғандардың  жалпы  саны 5352 (мемлекеттік   қызметшілер 1408, мемлекеттік қызмет көсету саласы бойынша 177, бюджеттік сала қызметкерлері 3446, жеке тұлғалар 321). Жалпы тестілеуден өткендер саны 5919 адам.

Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында бірқатар ауқымды шаралар атқарылды.

Тіл мәдениетін көтеру,  үштілділікті насихаттау болып табылатын жас мемлекеттік қызметшілер арасындағы «Тіл шебері», қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту мақсатында ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» байқауы, «Мен қазақша сөйлеймін» атты акциясы, тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау мен қазақ тілді контентті арттыру негізінде «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауы, славян жазбалары күндерін мерекелеу шеңберінде «Знатоки русского языка» (орыс тілінің білгірлері) атты облыстық байқауы онлайн режимінде өтті.

Републикалық «Тіл шебері» байқауында облыстың намысын қорғаған Қанат Жақсыбаев ІІ орын жеңімпазы атанса, дәстүрлі түрде өтетін «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауының жүлдегері «Жетісу» телеарнасының редакторы Айбек Құттыбек республикалық байқауда жүлделі      І орынды иеленді.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен А. Байтұрсынұлы атындағы оқытушылар арасындағы республикалық байқауда облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы М. Маралбаева ынталандыру сыйлығын иеленді.

Сонымен қатар Қазақстан халқы тілдерінің күні қарсаңында мерекелік марапаттау рәсімі қашықтықтан онлайн арқылы өтті. Тіл жанашырлары                       ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Тіл саясаты комитетінің Құрмет грамоталарымен, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.

ІІ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша

«Рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында  ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Бір өлеңі – бір әлем» атты поэзия кеші болып өтті. Еркін форматта өткен кешке Б. Римова атындағы Алматы облыстық драма театрының әртістері А. Кенжебекова мен К. Темірбайұлы, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ф.ғ.д., профессор М. Иманғазинов, филология ғылымының кандидаты С. Қожағұлов, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары  Ж. Әміреев қатысты.

Көрнекті ақын Жұматай Жақыпбаевтың 75 жылдық мерейтойына орай «Жырлайды жүрек» атты облыстық мүшәйра және Тіл саясатын іске асыруда іс шаралардың насихатталуына өлшеусіз үлес қосып отырған республикалық  «Ana tili» газетінің  30 жылдық мерейтойына орай «Анамның тілі – айбыным менің» атты публицистикалық шығармалар байқауы жарияланды. Қос бірдей байқауға келіп түскен шығармалар толығымен талданып, қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды.

 Сондай ақ, «Рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында «Тіл – ғұмыр» қаламгерлер байқауының қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталып, проза, поэзия жанры бойынша облыс әкімінің «Ақ қауырсын» арнайы жүлдесі табысталды. Проза жанрында Әсем Жұмақан, поэзия жанрында Айнұр Төлеу «Ақ қауырсын» жүлдесіне ие болды.

Қазақ руханиятының дамуына зор үлес қосқан әдебиет алыптарының шығармашылық мұраларын насихаттау, тарихымызды таразылау, жаңғырту, өскелең ұрпаққа өлең сөздің құдіретін дәріптеу мақсатында Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына, Алтын Орданың 750 жылдығына орай қазақ поэзиясының алыбы Қасым Аманжолов атындағы «Дүниеге келер әлі талай Қасым...» республикалық жыр мүшәйрасына Алматы облыстық «Жетісу» газетінің аға тілшісі Асыл Сұлтанғазы қатысып, жүлделі II орынды иеленді.

Сондай-ақ, төртінші жыл қатарынан жүзеге асқан жобаның бірі «Жетісудың жыр керуені» жобасы. Жоба аясында танымал тұлғалар мен жас әдебиетшілер Алматы облысында дүниеге келген ақын-жазушылардың шығармаларын оқып, бейнежазбаға түсіріп әлеуметтік желідегі парақшаларына орналастырған белсенді қатысушылар Тіл мерекесі қарсаңында марапатталды.

 Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай онлайн режимде «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі»  атты байқау ұйымдастырылды. Байқаудың мақсаты: кітап оқу мәдениетін дамыту, облыс тұрғындарын кітап оқуға ынталандыру және қазақ, шетел жазушыларының үздік шығармаларын насихаттау. Аталған байқауға үш буын өкілдері: жоғары сынып (9, 10, 11 сынып) оқушылары,  студенттер мен жастар   (30 жасқа дейінгі) және ересек адамдар (жас ерекшеліктеріне шектеу жоқ) қатысты.

Байқау үміткерлері екі кезең бойынша іріктеуден өтті. Бірінші кезеңде     9-11 сынып оқушылары Абайдың қара сөздері мен  Мұхтар Мағауинның «Бір атаның балалары» шығармасын оқыса, студенттер мен ересектер әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы туралы трактат» және тізімде көрсетілген көркем әдеби, мотивациялық (бір кітап) шығарма оқыды. Байқаудың тағы бір ерекшелігі – қазақ және орыс тілдерінде жазылған кітаптар тізімі бойынша қатысушыға өзіне ыңғайлы тілді таңдау еркіндігі берілді. Яғни, қатысушы өзі оқыған кітабы бойынша қысқаша мазмұнын өзі таңдаған тілде жазып өткізді. Екінші кезеңде берілген кітаптарды толық оқып, қазылар алқасының ұпай санына сәйкес іріктеуден өткен қатысушылар оқыған шығармалары бойынша онлайн тестілеу тапсырды. Байқауға жалпы саны       341 үміткер өтінім білдіріп, ережеге сәйкес іріктеу кезеңіне қатысқандар саны 245 болды. Оның ішінде оқушылар 125, студенттер мен жастар 43, ересек тұрғындар 77. Байқаудың ең жас қатысушысы 14 жастағы мектеп оқушысы болса, ересек қатысушылар арасында 65 жастағы зейнеткер болды. Байқау жеңімпаздары Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Диплом, Алғыс хаттарымен және планшет, электронды және бағалы кітаптар сияқты арнайы сыйлықтармен марапатталды.

ІІІ. Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру бойынша

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру» арнайы жобасын іске асыру бойынша 2020 жылға арналған іс шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарды.

Қазақстан Республикасы Президентінің латыннегізді қазақ тілі әліпбиін жетілдіруге қатысты тапсырмасына және Қазақ тілінің латын графикасы негізіндегі әліпбиін жетілдіру бойынша 2020-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес Тіл сарайында  ашық талқылау жиыны ұйымдастырылды. Шараға І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің филолог ғалымдары, арнаулы оқу орындарының оқытушылары, Талдықорған қаласындағы мектептердің қазақ тілі пәнінің мұғалімдері, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары, БАҚ өкілдері қатысты. Жиын барысында  шараға  қатысушыларға латынграфикалы,  қазақ әліпбиінің төрт нұсқасы таратылды. Қатысушылар осы аталған нұсқалар бойынша өз пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар филолог-ғалымдардың қатысуымен Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық және ІТ-сүйемелдеу жұмыс тобының бірлескен отырысында мақұлданған, жаңа әліпби жобасының мәселелеріне арналған жиын өткізілді.

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссиясы жанындағы Орфографиялық жұмыс тобы отырысының шешіміне сәйкес, қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиі бойынша кейбір диакритикалық таңбаларды қолданудың ыңғайлы тұсын, қолайсыз жақтарын анықтау мақсатында мектеп, колледждердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері (бастауыш сынып мұғалімдерін қоса алғанда), ЖОО-ның филолог-мамандары, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және оның филиалдары оқытушылары мен Басқарма қызметшілері арасында сынама сабақ ұйымдастырылды. Сынама сабаққа барлығы 110 адам қатысып, жетілдірілген әліпби жобасы қолдануға ыңғайлы екендігі туралы өз пікірлерін білдірді.

Сонымен қатар, облыстық «Жетісу» телеарнасымен бірлесе «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» атты 20 бейнеблоктар топтамасы дайындалды және облыстық «Жетісу» телеарнасы арқылы көрермен қауым назарына ұсынылды.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы № 27 өкімімен бекітілген қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі іс шаралар жоспарының 49-тармағына сәйкес, мемлекеттік тілді және қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстарының орындылығын түсіндіру бойынша әзірленген бейнеблоктар жергілікті телеарналар арқылы, және қоғамдық көліктер мен халыққа қызмет көрсету орындарында, сондай-ақ облыстың тілдерді дамыту басқармасы, аудандары мен әкімдіктерінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің көпшілікке танымал әлеуметтік желілеріндегі арнайы ресми парақшаларында орналастырылды.

ІV. Ономастикалық ахуал

Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы басым бағыттарының бірі – ономастикалық мәселелерді ретке келтіру.

Ономастикалық мәселелерді ретке келтіру жұмыстары жоғарғы атқарушы органдар тарапынан келіп түскен тапсырмалардың негізінде жүргізіліп келеді.

Облыс аумағындағы әкімшілік-аумақтық бірліктер мен құрамдас бөліктердің 6665 кісі есімімен (5 аудан, 39 ауылдық округ, 83 елді мекен, 6538 көше), 1817 жер-су атымен (14 аудан, 181 ауылдық округ, 355 елді мекен,1267 көше), 1993 дәстүрлі атаумен (1 аудан, 22 ауылдық округ, 82 елді мекен,1888 көше) аталады.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің 2019 жылғы 27 қыркүйектегі №19-32-20.357 тапсырмасының негізінде қолданыстағы «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізіліген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес облыс бойынша 60 әкімшілік-аумақтық бірлік (аудан, ауылдық округ, ауыл), 3103 құрамдас бөлік (көше, даңғыл, саябақ т.б.), 115 білім мекемесі мен 2 мәдениет ұйымы тарихи тұлғалардың есімімен аталады. Яғни, тізімде көрсетілген 345 тарихи тұлғаның 291-нің есімі ұлықталып отыр.

Облыс бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген 4 ауылдық округтің (Заречное, Казцик, Рудник, Черкасск), 10 елді мекеннің (КазЦик, Заречное, Пограничник, Тополевка, Каменское плато, Пригородное, Рудник, Космос, Майское, МТФ-3), 474 көшенің атауы өзгертуді қажет етеді.

Бүгінгі күнге Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қорытындыларына сәйкес мемлекет меншігіндегі объектілерге (12 білім мекемесі, 1 кітапхана) атау беру және оларды қайта атау туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулы жобалары әзірленіп, тиісті министрліктерге келісімге жолдануда.

Деректемелер мен көрнекi ақпараттардың қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес ресімделуін қадағалау мақсатында жыл сайын «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы өткізіліп отырады.

Акция барысында барлық аудан, қала әкімдіктері тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылып, іс-шаралар жоспары бекітіледі.

Осы орайда ағымдағы жылы, халыққа қызмет көрсету орындарына (дүкендер, шаштараздар, кафелер, дәмханалар, дүңгіршектер). 2277 рейдтік тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, анықталған 863 кемшіліктің      660 түзетіліп, 205 ескерту берілді.

Қазіргі таңда көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілдің пайдаланылу дәрежесі бойынша нәтижелі көрсеткіш 76,5% құрайды.

Деректемелер мен көрнекi ақпараттарды Заңнамада көзделген талаптарға сәйкес орналастыру мәселесі бақылауға алынған. Осы негізде кемшіліктерді алдын алу және түзету мақсатында арнайы WHATSAPP желісі іске қосылып, жарнама мәтіндері тексеріліп, келісім беріледі.

Жергілікті жерлерде құрылған жұмысшы топ мүшелері «Тіл қорғаны» бағдарламасымен бірлесе отырып, Талғар, Қарасай аудандарында зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Деректемелер мен көрнекі ақпараттардың заңдылығы мен сауаттылығын қадағалау мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасымен өзара меморандум жасасып, заң асянда тиісті шараларды жүзеге асыру мәселесі жоспарланды.

Тіл туралы заңнама талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында облыс орталығы Талдықорған қаласындағы жарнама агенттіктері басшыларының қатысуымен онлайлайн семинар өткізіліп, әдістемелік көмектер көрсетілді және түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

 

Дата публикации
11 января 2021