Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ІV тоқсанда атқарған жұмысы туралы ақпарат

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) Қазақстан Республикасы Заңы және Қазақстан Республикасындағы  тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) орындау жөніндегі Алматы облысының 2020-2025 жылдарға арналған іс шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарды.

Тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті  атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Осыған сәйкес өңірімізде 2020 жылдың IV тоқсанында мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,5%-ті құрады.

Тілдерді оқыту орталықтары бойынша атқарылған жұмыстар

2020 жылдың II жартыжылдығында мемлекеттік тілді оқыту курсына 1208, орыс тіліне 28, ағылшын тіліне 655, латынграфикалы әліпбиді меңгеру курсына 1018 тыңдаушы қабылданды. Барлығы 4475 тыңдаушы.

Оқытылған топ саны – 86, оның ішінде 189 мемлекеттік, 837 бюджеттік сала қызметкерлері, 182 жеке тұлға оқытылды. Ұлттық құрамы: 624-і қазақ, 584-і этнос өкілдері (93,5%). 

Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың IV тоқсаны бойынша ZOOM платформасы арқылы  «Мәтін арқылы сөйлеу әрекетін қалыптастыру», Тіл меңгерудің өлшемдері – жағдаяттық өлшем», «Қоғамның және тілдің дамуындағы жазудың рөлі», «Қазақша тиімді оқу мен оқыту» тақырыптарында облыстық онлайн семинарлар өткізілді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру» арнайы жобасын іске асыру бойынша 2020 жылға арналған іс шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарды.

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссиясы жанындағы Орфографиялық жұмыс тобы отырысының шешіміне сәйкес, қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиі бойынша кейбір диакритикалық таңбаларды қолданудың ыңғайлы тұсын, қолайсыз жақтарын анықтау мақсатында мектеп, колледждердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері (бастауыш сынып мұғалімдерін қоса алғанда), ЖОО-ның филолог-мамандары, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және оның филиалдары оқытушылары мен Басқарма қызметшілері арасында сынама сабақ ұйымдастырылды. Сынама сабаққа барлығы 110 адам қатысып, жетілдірілген әліпби жобасы қолдануға ыңғайлы екендігі туралы өз пікірлерін білдірді.

Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай онлайн режимде «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі»  атты байқау ұйымдастырылды. Байқаудың мақсаты: кітап оқу мәдениетін дамыту, облыс тұрғындарын кітап оқуға ынталандыру және қазақ, шетел жазушыларының үздік шығармаларын насихаттау. Аталған байқауға үш буын өкілдері: жоғары сынып (9, 10, 11 сынып) оқушылары,  студенттер мен жастар   (30 жасқа дейінгі) және ересек адамдар (жас ерекшеліктеріне шектеу жоқ) қатысты.

Байқау үміткерлері екі кезең бойынша іріктеуден өтті. Бірінші кезеңде     9-11 сынып оқушылары Абайдың қара сөздері мен  Мұхтар Мағауинның «Бір атаның балалары» шығармасын оқыса, студенттер мен ересектер әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы туралы трактат» және тізімде көрсетілген көркем әдеби, мотивациялық (бір кітап) шығарма оқыды. Байқаудың тағы бір ерекшелігі – қазақ және орыс тілдерінде жазылған кітаптар тізімі бойынша қатысушыға өзіне ыңғайлы тілді таңдау еркіндігі берілді. Яғни, қатысушы өзі оқыған кітабы бойынша қысқаша мазмұнын өзі таңдаған тілде жазып өткізді. Екінші кезеңде берілген кітаптарды толық оқып, қазылар алқасының ұпай санына сәйкес іріктеуден өткен қатысушылар оқыған шығармалары бойынша онлайн тестілеу тапсырды. Байқауға жалпы саны 341 үміткер өтінім білдіріп, ережеге сәйкес іріктеу кезеңіне қатысқандар саны 245 болды. Оның ішінде оқушылар 125, студенттер мен жастар 43, ересек тұрғындар 77. Байқаудың ең жас қатысушысы 14 жастағы мектеп оқушысы болса, ересек қатысушылар арасында 65 жастағы зейнеткер болды. Байқау жеңімпаздары Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Диплом, Алғыс хаттарымен және планшет, электронды және бағалы кітаптар сияқты арнайы сыйлықтармен марапатталды.                              

Өңіріміздегі ономастикалық ахуал

Ономастикалық мәселелерді ретке келтіру жұмыстары жоғарғы атқарушы органдар тарапынан келіп түскен тапсырмалардың негізінде жүргізіліп келеді.

Облыс аумағындағы әкімшілік-аумақтық бірліктер мен құрамдас бөліктердің 6665 кісі есімімен (5 аудан, 39 ауылдық округ, 83 елді мекен, 6538 көше), 1817 жер-су атымен (14 аудан, 181 ауылдық округ, 355 елді мекен,1267 көше), 1993 дәстүрлі атаумен (1 аудан, 22 ауылдық округ, 82 елді мекен,1888 көше) аталады.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің 2019 жылғы 27 қыркүйектегі №19-32-20.357 тапсырмасының негізінде қолданыстағы «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізіліген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес облыс бойынша 60 әкімшілік-аумақтық бірлік (аудан, ауылдық округ, ауыл), 3103 құрамдас бөлік (көше, даңғыл, саябақ т.б.), 115 білім мекемесі мен 2 мәдениет ұйымы тарихи тұлғалардың есімімен аталады. Яғни, тізімде көрсетілген 345 тарихи тұлғаның 291 есімі ұлықталып отыр.

Облыс бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген 4 ауылдық округтің (Заречное, Казцик, Рудник, Черкасск), 10 елді мекеннің (КазЦик, Заречное, Пограничник, Тополевка, Каменское плато, Пригородное, Рудник, Космос, Майское, МТФ-3), 474 көшенің атауы өзгертуді қажет етеді.

Бүгінгі күнге Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қорытындыларына сәйкес мемлекет меншігіндегі объектілерге (12 білім мекемесі, 1 кітапхана) атау беру және оларды қайта атау туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулы жобалары әзірленіп, тиісті министрліктерге келісімге жолдануда.

Деректемелер мен көрнекi ақпараттардың қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес ресімделуін қадағалау мақсатында жыл сайын «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы өткізіліп отырады.

Акция барысында барлық аудан, қала әкімдіктері тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылып, іс-шаралар жоспары бекітіледі.

Осы орайда ағымдағы жылы, халыққа қызмет көрсету орындарына (дүкендер, шаштараздар, кафелер, дәмханалар, дүңгіршектер). 2277 рейдтік тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, анықталған 863 кемшіліктің      660 түзетіліп, 205 ескерту берілді.

Қазіргі таңда көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілдің пайдаланылу дәрежесі бойынша нәтижелі көрсеткіш 76,5% құрайды.

Деректемелер мен көрнекi ақпараттарды Заңнамада көзделген талаптарға сәйкес орналастыру мәселесі бақылауға алынған. Осы негізде кемшіліктерді алдын алу және түзету мақсатында арнайы WHATSAPP желісі іске қосылып, жарнама мәтіндері тексеріліп, келісім беріледі.

Жергілікті жерлерде құрылған жұмысшы топ мүшелері "Тіл қорғаны" бағдарламасымен бірлесе отырып, Талғар, Қарасай аудандарында зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Деректемелер мен көрнекі ақпараттардың заңдылығы мен сауаттылығын қадағалау мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасымен өзара меморандум жасасып, заң асянда тиісті шараларды жүзеге асыру мәселесі 2021 жылғы іс-шаралар жоспарына енгізіліп отыр.

Тіл туралы заңнама талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында облыс орталығы Талдықорған қаласындағы жарнама агенттіктері басшыларының қатысуымен онлайлайн семинар өткізіліп, әдістемелік көмектер көрсетілді және түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

 

Дата публикации
11 января 2021