
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері үшінші рет өткізіп отырған халық санағы қыркүйек айының 1-нен қазанның 15 дейін онлайн түрінде sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтында интернет-сауалнама арқылы жүргізілуде. Ол виртуалды көмекшінің көмегімен респонденттерге тұрған орнына қарамастан өздігінен санақтан өтуге және өзі, отбасы мүшелері үшін санақ парақтарын толтыруға мүмкіндік береді, және азаматтардың ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңбасы) және ЖСН-і (жеке сәйкестендіру нөмірі) арқылы жүзеге асырылуда. Осы мақсатта, Талғар ауданы бойынша Талғар ауданы әкімшілігі ғимаратының Сервистік бөлімінде, Халыққа қызмет көрсету орталығы, Жұмыспен қамту орталығы, Қазақтелеком, Қазпошта ғимараттарында, және Талғар қаласы мен ауылдық округтер әкімшілігінде 16 Колл-орталықтар ұйымдастырылған.
Бүгінгі күні, Талғар ауданы бойынша санақтан 63233 азамат өтіп, 29,7% құрады.
Келесі кезекте, қазан айының 1 мен 30 аралығында планшет қолдану арқылы жаппай сауалнама жүргізу дәстүрлі жолмен тұрғындардың үйлерін аралау арқылы жүзеге асады. Тұрғындардың мәліметтері планшеттерге енгізіледі.
Интернет арқылы тіркелген респонденттерді интервьюерлер екінші рет сауалнамадан өткізбейді.
Ұлттық халық санағының 1-кезеңінде ауданымызда санақ жүргізушілер тұрғын үйлер мен онда тұратын тұрғындардың санын нақтылау мақсатында әрбір елдімекенді аралап, аудандастыруға дайындықты қарқынды жүргізген болатын.
Нақты есеп нәтижесі ұлттық санақтың 2-кезеңінен соң мәлім болады.
2021 жылғы халық санағының ұраны – «Қазақстанда әркім маңызды!»