
Аудан әкімі Қ.Абдыхановтың 30 тамыз ҚР Конституциясы күні мерекесіне арналған салтанатты жиындағы құттықтау сөзі
Құрметті жерлестер!
Қадірменді қонақтар!
Сіздерді мемлекеттік мерекеміз Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің Ата Заңы қазіргі таңда жаңа Қазақстан жетістіктерінің берік кепіліне айналып отыр. Тиімді құқықтық жүйені орнықтыру арқылы біз экономикалық өсімге және қоғамның әл-ауқатының артуына қол жеткіздік. Елімізде тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім қалыптасты. Әкімшілік және құқықтық реформалар, жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту, әлеуметтік және рухани жаңғыру – мұның бәрі берік конституциялық негізде жүзеге асырылуда және халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі ұлғайтуға бағытталған.
Бүгінде дүниежүзі мойындаған жетістіктеріміз Ата Заңымыздың аясында жүзеге асып келеді. Әлем жұртшылығы алдында мерейіміз артып, абыройымыз асқақтады. Тәуелсіздік жылдары Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізген саясатының арқасында және Конституцияны негізге ала отырып сыртқы шекараларымыз толығымен рәсімделіп, заң жүзінде бекітілді. Ата Заңымыз арқылы біз бүгінде жаңа кезеңге қадам бастық. Сондықтан да, біз баянды істеріміздің бастауы болған бас құжатымызды ардақтай білейік!
Құрметті қауым!
Біз тәуелсіз, еркін, гүлденген елде өмір сүрудеміз. Өзге аймақтармен қатар біздің Талғар ауданы да тұрақты даму үстінде, тұрғындардың тұрмыс жағдайы жақсарып, жыл сайын әлеуметтік бағдарламаларға бөлінетін қаржы көлемі де ұлғаюда. Баршаңызды осы айтулы мерекемен құттықтап, зор денсаулық, бейбіт өмір, отбасыларыңызға ырыс пен ынтымақ, бақ-береке тілеймін! Мереке құтты болсын!