Талғар ауданының елді мекендеріне бірыңғай сәулеттік келбет беру мақсатында көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттеріне, шатырларына ағымдағы немесе күрделі жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру
және жүргізу қағидалары
- Жалпы ережелер
- Талғар ауданының елді мекендеріне бірыңғай сәулеттік келбет беру мақсатында көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттеріне, шатырларына ағымдағы немесе күрделі жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-3-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 31-бабы 1-тармағының 16-5) тармақшасына сәйкес әзірленді.
- Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
- бірыңғай сәулеттік стиль – белгілі бір аумақтың құрылыс салу аймағына тән құрылыс барысында қолданылатын бірыңғай белгілер жиынтығы. Негізгі параметрлері: сыртқы келбет, сәулеттік стиль, түс шешімі, қабат саны, әрлеу материалдары. Жеке тұрғын үй құрылысы аудандары үшін негізгі параметрлер болып сыртқы келбет, сәулеттік стиль, түс шешімі, қабат саны, әрлеу материалдары, қоршаулар, шатыр түрі және аумақта орналасқан шаруашылық-тұрмыстық құрылыстардың орналасуы табылады;
- кондоминиум объектісі – жеке (бөлек) меншікте болатын пәтерлер мен тұрғын емес орын-жайлардан, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйдің бөлігі болып табылатын және пәтер, тұрғын емес орын-жайлар иелерінің ортақ үлестік меншігі болып саналатын ортақ мүліктен тұратын бірыңғай мүліктік кешен. Бұл кешенге көппәтерлі тұрғын үйдің астындағы біртұтас бөлінбейтін жер учаскесі және (немесе) іргелес аумақ кіреді;
- кондоминиум объектісінің ортақ мүлкі – фасадтар, кіреберістер, вестибюльдер, холлдар, дәліздер, баспалдақ марштары мен алаңдары, лифтілер, шатырлар, шатыр үсті, техникалық қабаттар, жертөлелер, жалпыүйлік инженерлік жүйелер мен жабдықтар, пошталық жәшіктер, көппәтерлі тұрғын үйдің астындағы және (немесе) іргелес жер учаскесі, абаттандыру элементтері және өзге де ортақ пайдаланымдағы мүлік;
- ортақ мүліктің ағымдағы жөндеуі – көппәтерлі тұрғын үйдің құрамдас бөліктерін және инженерлік жабдықтарын нормативтік-техникалық құжаттамада белгіленген талаптарға сәйкес уақтылы ауыстыру немесе қалпына келтіру арқылы олардың мерзімінен бұрын тозуын болдырмауға бағытталған техникалық іс-шаралар кешені;
- ортақ мүліктің күрделі жөндеуі – көппәтерлі тұрғын үйдің тозған конструкцияларын, бөлшектерін және инженерлік жабдығын жаңа немесе неғұрлым берік және үнемді түрлеріне ауыстыруға, олардың пайдалану көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған іс-шаралар кешені;
- ортақ мүлікті ұстау – кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін техникалық пайдалану, санитарлық күтіп-ұстау және ағымдағы жөндеу бойынша жұмыстардың немесе қызметтердің жиынтығы;
- көппәтерлі тұрғын үй – біртұтас қорғаныс іргетасы бар, біртұтас бөлінбейтін жер учаскесінде орналасқан, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін қамтитын және екі немесе одан да көп пәтерлер мен тұрғын емес орын-жайлардан тұратын жеке тұрған ғимарат;
- кондоминиум – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген меншік нысаны;
- пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар иелерінің жиналысы – кондоминиум объектісін басқару және ортақ мүлікті күтіп-ұстау мәселелерін талқылап, дауыс беру арқылы шешім қабылдайтын жоғары басқару органы.
- Қағидалар тек Талғар ауданының елді мекендеріне бірыңғай сәулеттік келбет беру мақсатында көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері мен (немесе) шатырларына ағымдағы немесе күрделі жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру мен жүргізуге қолданылады.
- Көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін және (немесе) шатырларын ағымдағы немесе күрделі жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру тәртібі
- Бірыңғай сәулеттік стильдің тұжырымдамасы «Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – сәулет органы) әзірленіп, бекітіледі.
- «Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» (бұдан әрі – бюджеттік бағдарламаның әкімшісі) сәулет органымен бірлесіп, бекітілген бірыңғай сәулеттік стиль тұжырымдамасы негізінде қаланың немесе оның бөлігінің бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру мақсатында қасбеттері мен (немесе) шатырлары ағымдағы немесе күрделі жөндеуді талап ететін көппәтерлі тұрғын үйлер тізбесін айқындайды.
- Тізбе бекітілгеннен кейін және жергілікті бюджет қаражаты болған жағдайда бюджеттік бағдарламаның әкімшісі:
- Талғар ауданының елді мекендерінің бірыңғай сәулеттік стиль тұжырымдамасын өзінің интернет-ресурсында орналастыру арқылы пәтер иелерін таныстыруды;
- жоспарланған жұмыстар және олардың шамамен орындалу мерзімдері туралы пәтер иелерін хабардар етуді;
- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қасбеттер мен (немесе) шатырларға жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі бойынша жиналыс ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
- Жиналыс шешімі пәтер, тұрғын емес үй-жай иелерінің жалпы санының үштен екісінен астамы қатысқан жағдайда қабылданады және үштен екісінің келісімі қажет.
- Жиналыстың теріс шешімі қабылданған жағдайда, осы үйдің қасбеті мен (немесе) шатырына бірыңғай сәулеттік келбет беру жөніндегі жұмыстар жүргізілмейді.
- Оң шешім қабылданған жағдайда, бюджеттік бағдарламаның әкімшісі жөндеу түрін (ағымдағы немесе күрделі) және жұмыстың көлемін айқындау мақсатында үйдің техникалық жағдайын зерттеуді ұйымдастырады.
- Жөндеу жұмыстарын жүргізу тәртібі
- Үйдің қасбеті мен шатырын техникалық зерттеу үшін ұйымды таңдау мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес жүргізіледі.
- Ғимараттар мен құрылыстардың техникалық жағдайын зерттеу осы салада аттестаты бар сарапшылар немесе құрамында аттестатталған мамандары бар аккредиттелген ұйымдармен жүзеге асырылады.
- Техникалық зерттеу нәтижелері бойынша бюджеттік бағдарламаның әкімшісі ағымдағы жөндеу сметасын немесе күрделі жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді ұйымдастырады, сондай-ақ тиісті сараптама қорытындысын алады.
- Жобалау жұмыстары архитектуралық, қала құрылысы және құрылыс саласындағы тиісті лицензиялары бар ұйымдармен орындалады.
- Сараптама оң қорытындысы алынғаннан кейін, сметалық құн бекітіледі және бюджеттік өтінім дайындалады.
- Қасбеттер мен (немесе) шатырларды жөндеу бойынша жұмыстарды сатып алу мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес жүргізіледі.
- Жөндеу жұмыстарының қабылдануы құрылыс және қала құрылысы саласындағы заңнамаға сәйкес бюджеттік бағдарламаның әкімшісімен жүзеге асырылады.
- Қорытынды ережелер
- Талғар ауданында елді мекендердің бірыңғай сәулеттік келбет беру мақсатында көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын ағымдағы немесе күрделі жөндеу жұмыстарын қаржыландыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.