
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары жер учаскесіне меншік құқығы мен жер пайдалану құқығының туындау, өзгеру және тоқтатылу негіздерін, шарттары мен шектерін, жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру тәртібін белгілеумен айналысады.
Дамушы экономика жағдайында тұрғындарды азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен қамтамасыз етуге, аграрлық сектордың экспорттық мүмкіндіктерін ұлғайтуға бағытталған ауыл шаруашылығын басқару саласында бірегей мемлекеттік саясатты жүргізу.
Міндеттері:
1) ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияларды енгізуіне жәрдем ету;
2) ауыл шаруашылығы саласында индустриялық-инновациялық дамытуды қамтамасыз ету;
3) агроөнеркәсiптiк кешенді дамыту саласындағы мемлекеттік реттеуді жүргізу;
4) тұқым, өсімдік, мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүргізу.
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін беру Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 43-44 баптарымен және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 27 наурыздағы № 255 «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқықтар беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен реттеледі.
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері сұратылған кезде азаматтардың өтініштері арнайы есепке алынады және су және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілген, бөліп берілетін алаңдардың дайын болуына қарай қанағаттандырылады және елді мекеннің бас жоспары мен нақты жоспарлау жобасына сәйкес біртұтас алаппен, жалпы тізімдегі кезектілік сақтала отырып бөлінеді.
Жер учаскесін қай жерден алғыңыз келетіндігіне байланысты тиісті әкімдікке жүгінуіңіз керек. Егер жер учаскесі:
Талғар қаласының шекарасында болса - Талғар қаласы әкіміне;
ауылды елді мекен шекарасында болса - тиісті ауылдық округ әкіміне жүгінуіңіз керек.
ЖТҚ үшін жер телімін беру туралы еркін нысандағы өтінішті әкімдікте толтыру қажет. Сондай-ақ өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы мен көшірмесі болуы керек.
Әкімдік құжаттарды жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органға жер комиссиясының қарауына жібереді. Егер жауап оң болса, жер комиссиясының шешімінен кейін 7 жұмыс күні ішінде сіз жер учаскесін алу үшін кезекке тұрасыз. Сізге жер учаскесін алудың кезек нөмірі көрсетілген хабарлама беріледі.
Бүгінгі күні, Талғар ауданы аумағында тұрғын үй құрылысын салуға арналған дайын алаңдар жоқ. Сонымен қатар, қолданыстағы жер заңнамаларының талаптарында жер учаскелерінің бөлінуі кезінде жеңілдік қарастырылмағанын және кезекте тұрған азаматтардың құқықтары тең болып саналатындығын қосымша хабарлаймыз
Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының ресми сайттарында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға кезектілік тізімдері туралы ақпарат тұрақты түрде жарияланып тұрады. Бөліп берілетін алаңдардың дайын болуына қарай жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері азаматтардың кезегіне қарай бөлініп беріледі.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48 - бабының талаптарына сәйкес мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерінің жалдау құқығын беруді ауданның немесе қаланың жергілікті атқарушы органдары өз құзыреті шегінде сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асырады.
Мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін беру осы Кодекстің 43-1 бабында белгіленген тәртіппен конкурс негізінде жүзеге асырылады.
Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сатушы ретінде жергілікті атқарушы орган өкілдік етеді. Жергілікті атқарушы орган жер учаскелерінің тізбесін дайындайды және хабарландыруды қалыптастырады.
Жергілікті атқарушы органдар шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты өткізу туралы хабарламаны тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында жариялауды жүзеге асырады.
Жоғарыда аталған жер заңнамалары талаптарына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарында конкурсқа шығарылатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің тізбесі жарияланған күннен бастап, Қазақстан Республикасының азаматтары конкурсқа қатысу үшін өтінім берулеріне болады.
Ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер учаскелері жергілікті атқарушы органдармен ұйымдастырылған конкурстар негізінде беріледі.