Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексi
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы N 212 Кодексi
Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2007 ж., N 1, 1-құжат; "Егемен Қазақстан" 2007 жылғы 19 қаңтар N 12-13 - 23 қаңтар N 15-18
МАЗМҰНЫ
ЖАЛПЫ БӨЛIМ
Ескерту. Бүкiл мәтiн бойынша «жануарлар мен өсiмдiктер», «жануарлар мен өсiмдiктердi» деген сөздер тиiсiнше «өсiмдiктер мен жануарлар», «өсiмдiктер мен жануарларды» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2012.01.25 № 548-IV(алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
1-БӨЛIМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. НЕГIЗГI ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
1. Осы Кодексте мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) атмосфераға ластаушы заттарды шығарудың жылжымалы көзi - әр түрлi отынмен жұмыс iстейтiн, iшкi жану қозғалтқыштарымен жарақтандырылған көлiк құралдары, техника және өзге де жылжымалы құралдар мен қондырғылар;
2) байқау пунктi - қоршаған ортаның метеорологиялық, агрометеорологиялық және гидрологиялық сипаттамаларын байқаудың стационарлық немесе жылжымалы пунктi;
3) белгiленген мөлшер - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бойынша мiндеттемелер шеңберiнде айқындалған парниктiк газдар сiңiрулерi ескерiлген, парниктiк газдар шығарындыларының жалпы көлемi;
4) белгiленген мөлшер бiрлiгi - Қазақстан Республикасының климаттың өзгеруi саласындағы халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасы үшiн парниктiк газдар шығарындыларының көлемiн айқындауға пайдаланылатын көмiртегi бiрлiгi;
5) биологиялық әртүрлiлiк - бiр түр аясындағы, түрлер арасындағы және экологиялық жүйелердегi өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi объектiлерiнiң әртүрлiлiгi;
6) биологиялық ресурстар - генетикалық ресурстар, организмдер немесе олардың бөлiктерi, популяциялар немесе экологиялық жүйелердiң адамзат үшiн нақты немесе ықтимал пайдасы немесе құндылығы бар кез келген басқа да биотикалық компоненттерi;
7) бiрлесiп жүзеге асыру тетiгi - парниктiк газдар шығарындыларын шектеу және (немесе) азайту бойынша сандық мiндеттемелерi бар елдердiң заңды тұлғалары арасында көмiртегi бiрлiктерiн беруге мүмкiндiк беретiн, Қазақстан Республикасының бiрлесiп жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларды iске асыру жөнiндегi халықаралық шарттарында көзделген рәсiм;
8) валидация (детерминация) - аккредиттелген тәуелсiз ұйым жүзеге асыратын, парниктiк газдар шығарындыларын азайту мен сiңiру жөнiндегi жобаларды әзiрлеу шеңберiнде жобалық шешiмдер мен құжаттамалардың әдiстемелерiн пайдаланудың және оларды дайындау тәртiбiнiң Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгiленген талаптарға сәйкестiгiн тексеру;
9) верификация - парниктiк газдар шығарындыларын азайту саласында қабылданған ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес аккредиттелген тәуелсiз ұйым жүзеге асыратын, парниктiк газдар шығарындыларының көлемiн азайтуға қатысты деректердi растау процесi;
10) генетикалық түрлендiрiлген организмдер - тұқым қуалайтын генетикалық материалдың өсiмiн молайтуға немесе оларды беруге қабiлеттi, табиғи организмдерден ерекшеленетiн, гендiк инженерия әдiстерi қолданыла отырып алынған және құрамында гендiк-инженерлiк материал (гендер, олардың фрагменттерi немесе гендер комбинациясы) бар организмдер;
11) генетикалық түрлендiрiлген өнiмдер - құрамында жансыз генетикалық түрлендiрiлген организмдер немесе олардың компоненттерi бар, гендiк инженерия әдiстерi пайдаланыла отырып, өсiмдiктерден және (немесе) жануарлардан алынған өнiмдер;
12) ең озық қолжетiмдi технологиялар - қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткiштерiн қамтамасыз етуге дейiн шаруашылық қызметтiң қоршаған ортаға терiс әсерiнiң деңгейiн азайтуға бағытталған, ұйымдастыру және басқару шараларын қамтамасыз ететiн, пайдаланылатын және жоспарланатын салалық технологиялар, техника мен жабдық
13) жойылуы қиын органикалық ластауыштар - ыдырауға төзiмдi, биожинақтағыштығымен сипатталатын және ауа, су және көшпелi түрлерi арқылы трансшекаралық таралу объектiсi болып табылатын, сондай-ақ құрлық экожүйелерiнде және су экожүйелерiнде жинақтала келiп, өздерiнiң шығарынды көздерiнен алыс қашықтықта шөгетiн, тiрi организмдердiң иммундық, эндокриндiк жүйесiнiң бұзылуына және онкологиялық ауруларды қоса алғанда, түрлi ауруларға алып келетiн неғұрлым қауiптi органикалық қосылыстар;
14) квота бiрлiгi - квота көлемiн есептеу үшiн қолданылатын көмiртегi бiрлiгi;
15) коммуналдық қалдықтар - елдi мекендерде, оның iшiнде адамның тiршiлiк әрекетi нәтижесiнде түзiлген тұтыну қалдықтары, сондай-ақ құрамы мен түзiлу сипаты жағынан осыларға ұқсас өндiрiс қалдықтары;
16) коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкiлеттi орган – коммуналдық қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы мемлекеттiк саясатты әзiрлеу және iске асыру мәселелерi бойынша басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
17) көмiртегi бiрлiгi - көмiртегi қостотығының бiр тоннасына тең келетiн есептiк бiрлiк;
18) көмiртегi бiрлiктерi мемлекеттiк тiзiлiмiнiң операторы - көмiртегi бiрлiктерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзудi жүзеге асыратын ұйым;
19) көмiртегi бiрлiктерiнiң қайталама айналымы - парниктiк газдар шығарындылары нарығы субъектiлерiнiң арасында көмiртегi бiрлiктерiн беру, сату және басқа да айналымы процесiнде қалыптасатын құқықтық қатынастар;
20) көмiртегi бiрлiктерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi - көмiртегi бiрлiктерiн айналымға енгiзуге, сақтауға, беруге, сатып алуға, резервке қоюға, жоюға, айналымнан шығаруға байланысты операцияларды есепке алу жүйесi;
21) қалдықтарды есепке алу - қалдықтардың сандық және сапалық сипаттамалары және олармен жұмыс iстеу тәсiлдерi туралы ақпаратты жинау және беру жүйесi;
22) қалдықтарды жою - қалдықтарды көму және жою жөнiндегi операциялар;
23) қалдықтарды залалсыздандыру - механикалық, физикалық-химиялық немесе биологиялық өңдеу арқылы қалдықтардың қауiптi қасиеттерiн азайту немесе жою;
24) қалдықтарды кәдеге жарату - қалдықтарды қайталама материалдық немесе энергетикалық ресурстар ретiнде пайдалану;
25) қалдықтарды көму - қалдықтарды қауiпсiз сақтау үшiн арнайы белгiленген орындарда шектеусiз мерзiм iшiнде жинап қою;
http://online.zakon.kz/Document/?doc_id=30085616