Талдықорғандық спортшылар түрлі жарыстарға қатысып, жүлдемен оралды. Осыған орай облыс намысын қорғаған спортшылардың жеткен жетістігін назарларыңызға ұсынамыз.
Каратэ. Қарағандыда каратэден жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті. Жарысқа 11 облыстан 560 спортшы қатысты. Бұл сында облыс намысын қорғаған А. Ербол +40 келі салмақта алтыннан алқа тақты. З. Болатбек +35, А. Сейілбек 30, А. Құрманғали 40, А. Асанбай +45 келі салмақта күміспен күптелді. Ал М. Беликов +25, Т. Досымхан 25, К. Демина 30, Г. Жақан 35, Б. Ақылбек +40, А. Қадырғали +57 келі салмақта тұғырдың үшінші сатысынан көрінді.
Самбо. Семей қаласында самбодан жастар арасында ел біріншілігі өтті. Жарыс қорытындысы бойынша Алпеш Изенбай 1-орынды жеңіп алса, Гүлім Елубай мен Нұрсұлтан Нұрсейітов қола жүлдегер атанды.
Баскетбол. Алматыда баскетболдан 3х3 атты жасөспірімдер мен жастар арасында ел біріншілігі өтті. Додада 14 жасар спортшылардан құралған командамыз қола жүлдегер атанса, 18 жастағы жастар командасы күміспен күптелді. Ал 16 жастағы өрендер жарыс жеңімпазы атанды.
А. НАЗАРҰЛЫ