Қонаев қаласында «FSM Social» мобильді қосымшасы бойынша оқыту семинары өтті

Қонаев қаласында «FSM Social» мобильді қосымшасы бойынша оқыту семинары өтті

2024 жылғы 30 қаңтарда Қонаев қаласының қалалық мәдениет үйінде учаскелік комиссиялар үшін «FSM Social» мобильді қосымшасын енгізуге арналған оқыту семинары өтті. Іс-шараға аудандық Мансап орталықтарының мамандары, кеңесшілері мен ассистенттері, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Еңбек мобильдігі орталығы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «ЕРДО» АҚ-ның жауапты мамандары қатысты.

Семинарға облыстың барлық аудан, қала өкілдері – жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің қызметкерлері, еңбек мобильдігі орталығының мамандары, мансап орталықтарының өкілдері мен учаскелік комиссия мүшелері, барлығы 200-ге жуық адам жиналды.

«FSM Social» мобильді қосымшасы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің тапсырмасына сәйкес әзірленген. Ол атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдірген азаматтардың (отбасылардың) материалдық жағдайын тексеру үдерісін автоматтандыруға бағытталған. Жаңа цифрлық құрал учаскелік комиссиялардың жұмысын жеңілдетіп, деректерді жинау мен өңдеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді.