
«Адал еңбек – Адал табыс» айдарымен Алматы облысында «Жұмысшы мамандықтар жылы» бастамасының ашылу салтанаты Есік қаласындағы мәдениет үйінде өтті.
Шараның негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтарының маңызын арттыру, жастарды осы салаға тарту және еңбек нарығына қажетті білікті кадрларды даярлауға баса назар аудару.
Салтанатты жиынға облыстық басқармалар мен ұйымдардың басшылары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, еңбек ардагерлері, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының ардагер ұстаздары, педагогтер мен студенттер қатысты.
Ашылу салтанатында 7 колледж заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін, соның ішінде цифрлық технологиялар мамандықтар шеруі арқылы көрсетті. Ұйымдастырылған мастер-класс, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын дәлелдеді.
Болашақ жоспарлар
«Еңбек адамы» айдары аясында жыл бойы фестивальдер, форумдар, кәсіби шеберлік чемпионаттары және өңірлік нарыққа қажетті жаңа мамандықтарды енгізу жұмыстары жоспарлануда. Жұмысшы мамандықтарының қадір-қасиетін арттыру – бұл тек өңірлік емес, жалпыұлттық міндет.
Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі жастардың еңбекке деген құлшынысын арттырып, еліміздің болашағын нығайта түспек.