Алматы облысында зағиптарға арналған үстел теннисі дамытылатын болады

Алматы облысында зағиптарға арналған үстел теннисі дамытылатын болады

30 қараша күні Есік қаласында №1 облыстық арнайы мектеп-интернатының оқушылары мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері үшін шоудаун бойынша оқыту өтті. 

Шоудаун – Қазақстан үшін жаңа спорт түрі, ол көру қабілетінен айырылған адамдарға арналған үстел теннисі болып табылады және арнайы жабдықтар: дыбыстық шарлар, қорғаныш қолғаптар, көз маскаларын пайдалануды талап етеді. Осы спорт түрінің арқасында балалар қимыл-қозғалысты үйлестіруді, реакция мен жылдамдықты дамытады.

Бұл бастаманы «Дара» қайырымдылық қоры «Шеврон Мұнайгаз» компаниясы қолдауымен «Әлемді ашамыз» жобасы аясында жүзеге асыруда.

Оқыту барысында тәжірибелі жаттықтырушылар педагогтар мен оқушыларды шоудаунмен таныстырып, осы спорт түрінің тарихы мен болашағы туралы әңгімеледі. Оқушылар алғаш рет шоудаун жабдықтарымен, ойын ережелерімен және техникасымен танысты. Сонымен қатар, жеке есеп ережелері мен командалық ойындар бойынша шоудаун ойынын оқыту жүргізіліп, оқушылар өз күштерін сынап көрді.

«Жұмысымыздың басты миссияларының бірі – Қазақстанда инклюзивті қоғам құру және дамыту. «Әлемді ашамыз» жобасы балалардың отбасыларынан қол үзбей білім алу мүмкіндігіне ие болуы үшін Қазақстанның аймақтарында жалпы білім беретін мектептер мен балабақшаларда көру қабілетінен айырылған балалар үшін сыныптар мен топтар ашуды қамтиды. Алайда, біз тек білім беру бағдарламасымен шектеле алмайтынымызды түсінеміз: толыққанды әлеуметтену және даму үшін балаларға түрлі әрекет пен істі игере алатындай таңдау мүмкіндігін беру қажет. Осылайша, 2022 жылдан бастап мектептерде шоудаунды дамыта бастадық. Аталмыш спорт түрі баланың тек физикалық дамуына деген пайдасымен шектелмей, сонымен бірге әлеуметтенуге көмектеседі: шоудаун ойнау арқылы балалар бір-бірімен көбірек араласады, құрдастарымен достасады», - деп атап өтті «Дара» қорының өкілі Марал Шешембекова.

Қазіргі уақытта «Әлемді ашамыз» жобасы аясында шоудаунды дамыту бастамасы Қазақстанның бірнеше қаласында іске асырылып, республикадағы алғашқы балалар турнирі өтті. Осылайша, шоудаун Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қостанай, Тараз, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Өскемен, ал қазір Есік сияқты қалалардың оқушыларына қолжетімді болды.