
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев орталық коммуникациялар алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.
Өңір басшысының сөзінше, азаматтардың табысы бойынша облыс республикада төменгі орындардың бірінде (118,3 мың тг; 15 орын). Сонымен қатар, 34,4 мың жұмыссыздар тіркелген.
Осы мәселені шешу үшін Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасын қабылдадық. Бағдарламаның басты мақсаты – тұрақты жұмыс орындарын құру.
Жаңа жұмыс орындарын ашуға құрылып жатқан 4 индустриялық аймақ мүмкіндік береді («Қайрат», «Береке», «Шелек», «Қазбек бек»). Мұнда 130-ға жуық кәсіпорын ашылып 10 мыңнан астам жұмыс орны пайда болады. Бұл индустриялық аймақтар маятниктік миграцияны шешуге де ықпал етеді.
Сонымен қатар, өткен жылдың өзінде экономиканың түрлі салаларында 37 мыңнан астам жұмыс орындары ашылып, «Наурыз Агро», «Прима Құс» фабрикалары, құрылыс материалдарын өндіретін Алюгал зауыты, Шелек дәлізінде екі жел электр станциясы және «Sintez-KZ медициналық холдингі» сияқты ірі инвестициялық жобалар енгізілді», - деді Марат Сұлтанғазиев.
Аталған саладан басқа, облыс басшысы газдандыру мен жолды жасау секілді инфрақұрылымдық салалар туралы да сөз етті.