ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Алматы облысына жұмыс сапары аясында өңірдің бірқатар кәсіпорындары мен медициналық-әлеуметтік мекемелеріне барды. Еңбек ұжымдарымен және арнаулы әлеуметтік қызмет алушылармен кездесулер барысында ол Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларының іске асырылу барысы және ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасы туралы айтып берді.
Ақмәди Сарбасов өңірге жұмыс сапарын Қонаев қаласындағы «Шарапат» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барудан бастады, онда оңалту бөлімшесінің қызметімен танысып, әлеуметтік қызметкерлермен және көрсетілетін қызметті алушылармен кездесу өткізді.
Кездесу барысында вице-министр Әлеуметтік кодекс жобасында мемлекеттің, жеке сектордың, үкіметтік емес ұйымдардың және азаматтардың өздерінің ынтымақты қатысуына баса назар аудара отырып, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту көзделіп отырғанын айтты.
Атап айтқанда, ірі интернат-үйлерде қызмет көрсетуден олардың алушылары тұратын жерлерде орналасқан шағын жинақталған әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында қызмет көрсетуге көшу арқылы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейту көзделеді.
Бұдан басқа, өтініш берушіден арнаулы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі – АӘҚ) көрсетудің проактивті форматына көшу көзделеді. Ол үшін арнайы қызметке мұқтаж азаматтардың бірыңғай әлеуметтік тіркелімі құрылады. Оның базасында азаматтардың өтінішін күтпей, проактивті форматта АӘҚ көрсете отырып, қажеттіліктер карталары қалыптастырылатын, ел ауқымында қызметтердің қолжетімділігі айқындалады.
«Сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызмет алушылардың отбасының жұмыссыз мүшелерін әлеуметтік қызметтерге тарту жоспарлануда. Оларға тиісті еңбекақы, әлеуметтік аударымдар және еңбек өтіліндегі осы қызмет түрін ескере отырып, жеке көмекші ретінде ресімдеу мүмкіндігі беріледі. Қатысушыларға қойылатын негізгі талап олардың осындай қызметтерді көрсету үшін тиісті дағдыларының, икемі мен біліктіліктерінің болуы қажет», – деп хабарлады вице-министр.
Сонымен қатар, Әлеуметтік кодекс жобасында жалпы тарифтердің орнына арнайы әлеуметтік қызметтерді жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидатын енгізу көзделіп отыр. Тариф белгілеудің жаңа жүйесі арнайы қызмет көрсететін ұйымдар үшін жан басына шаққандағы нормативтерді және өтемдік техникалық құралдарды беретін ұйымдар үшін шекті бағаларды көздейтін болады.
Арнайы әлеуметтік мекемеге барғаннан кейін вице-министр «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС және «АЯМ» ЖШС жұмыскерлерімен кездесіп, Әлеуметтік кодексте заңнамалық деңгейде бекітілетін азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларын күшейту туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
«Әлеуметтік кодекс әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде мемлекет тарапынан көмекті қамтамасыз ете отырып, азаматтарды өмір бойы сүйемелдейтін болады. Бұл ретте азаматтардың жекелеген осал санаттарын қолдаудан қазақстандық отбасын нығайту мен дамыту үшін базалық жағдайлар жасауға көшу жүзеге асырылады», – деді Ақмәди Сарбасов.
Вице-министр Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Әлеуметтік кодекс жобасында Отбасының цифрлық картасы арқылы проактивті форматта әлеуметтік мемлекеттік кепілдіктер беру арқылы отбасылардың әлеуметтік тәуекелдерінің алдын алу жүйесін қалыптастыру көзделгенін хабарлады.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Әлеуметтік кодекс жобасында балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейтуге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, бала күтімі бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақы мен әлеуметтік төлем мерзімі бір жарым жылға дейін ұлғайтылады, сондай-ақ марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері ұлғайтылады. Сондай-ақ, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтаушы шоттарына аудару көзделген», - деді Ақмәди Сарбасов.
Бірінші вице-министр сондай-ақ азаматтардың жекелеген осал санаттарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесуден еңбекке қабілетті азаматтардың барлық санаттарын нәтижелі жұмыспен қамту үшін тең бастапқы жағдайлар жасауға көшуге бағытталған халықты жұмыспен қамтудың жаңа саясаты туралы айтты. Ол жұмыс күшінің кәсіби дағдыларын күшейтуді, икемді жұмыспен қамтудың барлық түрлерін заңнамалық бекіту мен реттеуді, технологиялар мен білім трансферті үшін білікті кадрларды тартуды, ішкі көші-қонды реттеуді, жұмыспен қамту орталықтарын мансаптық орталықтарға айналдыруды және қызметтерді ауқымды цифрландыруды көздейді.
Жұмыс сапары барысында Ақмәди Сарбасов Талғар қаласындағы «Аяла» және «Ақниет» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына барып, онда еңбек ұжымдарымен және көрсетілетін қызметті алушылармен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап береді.