
1 қазан елімізде қарттар күні аталып өтіледі.
Қарттар күнін атап өтудегі басты мақсатымыз – қарияларымыз бен зейнеткерлерімізге көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету болып табылады.
Бұл күн - адамдардың жүрегін мейірім мен қуанышқа бөлейтін, рухани құндылықтар мен биік адамгершілік құндылықтарды құрметтеуге, игі істерге үндейтін мереке.
Халықаралық қарттар күні - 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында бекітіліп, жарияланды.
2022 жылдың басындағы жағдай бойынша Алматы облысы халқының саны 1 млн. 440 мың адамды құраса, оның 145 мыңы, яғни 10 пайызы 60 жастан асқан әйелдер мен 63 жастан ерлер болып табылады.
Бүгінде қарттардың жақсы өмiр сүруiне көп көңiл бөлiніп келеді. Жыл сайын зейнетақы мен жәрдемақының өсуi, ардагерлерге жасалып жатқан жеңiлдiктермен қатар, басқа да шаралар қолдау деңгейiнiң жоғары екенiн көрсетедi.
Мереке аясында қарттарға құрмет көрсетіліп, түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, Аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір» облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес, өңірлерде қарттарды қолдау айлығы, қайырымдылық акциялары, кездесулер, дөңгелек үстелдер, 90, 95, 100 жасқа толған және одан жоғары жастағы аға буын азаматтарын құттықтау ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған жалпы үлгідегі «Шарапат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Қарттар күніне байланысты айлық аясында ағымдағы жылдың 30 қыркүйегінде мерекелік іс-шара өткізілді. Аталған шарада Орталық қызмет алушыларымен қатар, Қонаев қаласының Мәдениет үйінің өнерпаздары және «Алатау әуендері» ансамблі өнер көрсетті.
Арнайы келген қонақтар жүрекжарды құттықтау сөздерін жеткізіп, бағалы сыйлықтарын табыстады.