Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатовтың қатысуымен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі базасында құрылған «Самұрық-Қорғалжың» ЖШС-нің жаңа өндірістік цехының ашылу салтанаты өтті. Жоба сотталғандарды жұмыспен қамту, отандық компьютерлік техника өндірісін дамыту және білікті мамандар даярлауға бағытталған.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қанат Болатұлы мұндай бастамалардың экономика үшін ғана емес, жазасын өтеп жатқан азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу ісінде де маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– «Самұрық-Қорғалжың» кәсіпорнының «Еңбек-Жауғашты» мекемесі базасында жүзеге асырылған жоба – мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігінің жарқын үлгісі. Өңірдің қылмыстық-атқару жүйесінде алғаш рет отандық брендпен заманауи компьютерлік техниканы құрастыратын жоғары технологиялық өндіріс жолға қойылды. Азаматтар сұранысқа ие техникалық мамандықтарды меңгеріп, бостандыққа шыққаннан кейін қажет болатын тәжірибелік дағдыларды игеру мүмкіндігіне ие болады, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Жаңа өндірістік цех Мемлекет басшысының қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің өндірістік әлеуетін кеңейту және сотталғандар үшін жұмыс орындарын ашуға бизнесті тарту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында іске қосылды. Бастапқы кезеңде кәсіпорын он адамды жұмыспен қамтыса, алдағы уақытта қызметкерлер саны жүз адамға дейін жеткізіледі.
«Самұрық-Қорғалжың» компаниясы JN сауда белгісімен компьютерлік техника шығарады. Қазіргі таңда өнім түрлеріне моноблоктар, ноутбуктер, дербес компьютерлер және жүйелік блоктар кіреді. Болашақта компания серверлік жабдықтар, перифериялық құрылғылар, интерактивті кешендер және өзге де жоғары технологиялық өнімдер өндірісін игеруді жоспарлап отыр.
Қосымша өндіріс Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «Еңбек-Жауғашты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны базасында ұйымдастырылды. Кәсіпорын ай сайын шамамен 1,5 мың дана техника шығаруды, кейін өндірістік қуатын одан әрі арттыруды көздеп отыр.
Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, бүгінде өңірдегі түзеу мекемелерінде еңбекке жарамды 3363 сотталушы бар. Соның ішінде екі мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған, бұл – шамамен 60 пайыз. Салыстырмалы түрде айтқанда, өткен жылы бұл көрсеткіш небәрі 40 пайыз болған. Қазіргі уақытта мекемелерде металл конструкцияларын жасау, ағаш өңдеу, тігін өнімдерін шығару және басқа да бағыттар бойынша жұмыс істейтін 33 шағын және орта бизнес субъектісі қызмет атқаруда.
Инвесторларды тарту жұмыстары жалғасуда. Биыл QazRecycling және NovaNex компанияларымен жаңа өндірістік ангарлар салу және ондаған қосымша жұмыс орнын ашуды көздейтін меморандумдарға қол қойылды. Сонымен қатар №12 және №57 мекемелерінде ағаш, металл өңдеу және тігін, қолөнер өндірістерін ұйымдастыру жобалары іске асырылуда.
Қанат Есболатовтың айтуынша, облыс әкімдігі өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға, отандық өндірісті кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін жобаларды алдағы уақытта да қолдай бермек.
Алма ЕСЕНБАЙ
Шалкөде төрінде өткен Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған «Хантәңірі қазынасы» халықаралық этнофестивалі өз мәресіне жетті. Мерекеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелдерден келген 25 мыңға жуық қонақ қатысты. Шалкөде жайлауына жиналған қауым ауданның терең тарихымен, агроөнеркәсіптік, туристік әлеуетімен тереңірек танысып, тұмса табиғаттың тылсым сырына қанықты. Әсіресе «Жолан жүйрігі» республикалық ат бәйгесі халыққа ерекше әсер сыйлап, шара қорытындысында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар марапатталды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Жолан жүйрігінде» еліміздің әр өңірінен және шетелдерден келген таңдаулы шабандоздар бақ сынап, тартысты дода өткізді. Республикалық аламан бәйгеде Қордай ауданынан қатысқан «Ботагөз» тұлпары (иесі – Нұрберген Айсұлтан) мәреге бірінші болып жетті. Топ бәйгеде «Желсұлы» сәйгүлігі (иесі – Нұрсейіт Жылқышабай) топты жарып, нағыз жүйрік атанды. Құнан бәйгеде Қордай ауданынан келген «Қызғалдақ» тұлпары (иесі – Дүйсеғұл әулеті) жеңімпаз болды. Аталған үздіктер «CHANGAN» және «KIA» маркалы автокөліктері мен 2 миллион теңге қаржылай сыйлықты жеңіп алды.
Жергілікті шабандоздарға арналған аудандық бәйгелер де көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Онда Райымбек пен Кеген аудандарының сәйгүліктері сынға түсіп, бұл бәйгенің де жеңімпаздары автокөлік иесі атанды. Өзге қатысушылар да сыйлықтан құр қалған жоқ.
Додаға қатысқан шабандоздың бірі – Исламәлі Ертөс. «Бұл бәйгеге Ұзынағаш ауылынан арнайы келдім. Шалкөде жайлауын екінші мәрте көріп тұрмын. 4 жыл бұрын дәл осы жайлауда өткен «Жолан жүйрігіне» қатысқан болатынмын. Бәйгеде бәсекеге түсіп жүргеніме бес жылдай уақыт болды. Талай мәрте жеңімпаз да атандық. Дегенмен бүгінгі жеңістің орны тым бөлек. Осындай дүбірлі тойда жүлделі болғаныма қуаныштымын», – деді ол.
Мерейтой аясында ұйымдастырылған іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне заманауи цифрлық технологиялар да сеп болды. Алматы облысының Цифрлық технологиялар басқармасы «Freedom Satellite» ЖШС-мен бірлесіп, Шалкөде жайлауында «Starlink спутник интернет жүйесін» іске қосты. Соның нәтижесінде фестиваль қонақтары мен қатысушылары таулы аймақта жоғары жылдамдықты интернетті еркін пайдаланды.
Іс-шара аясында сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы ауқымды түрде ұйымдастырылды. Санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында іс-шара өтетін аумақта барлығы 105 биодәретхана және 75 қоқыс контейнері орналастырылды. Тазалық жұмыстарын жүргізуге 3 бірлік арнайы қоқыс тасымалдаушы техника жұмылдырылды. «Таза Қазақстан» акциясына 1000 қап, 1000 қолғап дайындалып, 110 волонтер тартылды, сондай-ақ ауыл тұрғындары, жастар, белсенді азаматтар қатысып, іс-шара өткен аумақтың санитарлық тазалығын қамтамасыз етті. Нәтижесінде 7 тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Іс-шара өткен 116 480 м² аумақта «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын насихаттау мақсатында 20 баннер орналастырылды. Тұзкөл ауылынан іс-шара өтетін орынға дейінгі 28 шақырым жол бойына әр 5 шақырым сайын 8 қоқыс контейнері қойылды. Іс-шара аяқталғаннан кейін барлық контейнерлер мен қалдықтарды уақытша жинау орындарынан барлық қоқыс жиналды. Жиналған қатты тұрмыстық қалдықтар арнайы қоқыс тасымалдаушы техникаларға тиеліп, белгіленген қоқыс полигонына шығарылды.
Қонаев қаласында ерекше балаларға арналған оңалту орталығының құрылысы басталды. Мұнда аутизм спектрінің бұзылыстары және церебралды сал ауруы бар жандарға көмек көрсетіледі. Одан бөлек жоба аясында көп пәтерлі тұрғын үй мен қажетті инфрақұрылым нысандары бой көтереді. Ол үшін 120 млрд теңге инвестиция салынады. Кешен іске қосылғаннан кейін 2000 тұрақты жаңа жұмыс орны ашылатын болады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жоспар бойынша ауданы 30,0 га жер учаскесінде 350 мың шаршы метр тұрғын үй, балабақша, оңалту және ұзақ өмір сүру орталықтары мен жер асты автотұрағы салынады. Жобаны «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жеке инвестор «Eurasia Kunhuan Alatau Qurlys» ЖШС-мен бірге іске асыруда. Оңалту орталығында медициналық көмек беріліп, түзету-дамыту бағдарламалары ұсынылады, білім беру, психологиялық қолдау және отбасыларға кешенді қызмет көрсетіледі. Бұл өңірдегі әлеуметтік қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Маңызды жобаның басталуына орай облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен «Eurasia Kunhuan Alatau Qurlys» ЖШС бас директоры Жянг Шаоюн нысанның іргетасына уақыт капсуласын салды.
Марат Елеусізұлы өз сөзінде облыста әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлінуі мемлекет пен халықаралық бизнестің өзара серіктестігі мен қоғам алдындағы жоғары жауапкершілігінің нақты көрінісі екенін айтты.
«Әлеуметтік қызмет көрсету үйі мен тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізілетін бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға, құрылыс индустриясын дамытуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Орталықта ерекше балаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ жоба аясында салынатын белсенді ұзақ өмір сүру орталығының да маңызы зор. Бұл аға буын өкілдерінің, ардагерлеріміз бен қарияларымыздың қоғамдық өмірге белсене араласуына, денсаулығын нығайтып, бос уақытын мазмұнды өткізуіне арналған бірегей кеңістікке айналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға бірдей мүмкіндік туғызуымыз керек. Біздің мақсатымыз – ешкімді шеттетпейтін, баршаға тең мүмкіндік беретін қоғам құру. Әрбір бала өзін қоғамның толыққанды мүшесі сезінуі тиіс», – деп әлеуметтік саясаттың басты бағдарын нақты айқындап берді. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында біз өңірдегі балаларды қорғау жүйесін жетілдіріп, тікелей инвестицияларды дәл осындай адам капиталын дамытуға бағытталған маңызды жобаларға тартып отырмыз», – деді аймақ басшысы.
Марат Елеусізұлының айтуынша, мұндай бірлескен жобалар Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен өзара тиімді ынтымақтастықтың нақты нәтижесі. Облыс әкімі осы бірегей бастаманы іске асыруға ниет білдірген «Eurasia Kunhuan Alatau Qurlys» ЖШС-на, сондай-ақ компанияның құрылтайшыларына өңіріміздің дамуына қосып отырған үлесі үшін алғыс айтты.
Инвестициялық компанияның директоры Жянг Шаоюн іргетасы қаланған нысан жай ғана құрылыс емес, әлеуметтік жауапершілікке негізделген бастама екені тілге тиек етті.
«Біз әріптестік қағидасын ұстана отырып, «Бір белдеу – бір жол» бастамасын белсенді қолдаймыз және өз тәжірибеміз бен технологиямызды Қазақстанның қала құрылысы мен әлеуметтік саласының дамуына бағыттауға дайынбыз. Заң талаптарын сақтай отырып, жоғары сапалы құрылыс жұмысын жүргізіп, нысанды белгіленген мерзімде аяқтау үшін бар күшімізді саламыз», – деді компания басшысы.
Жоба 2026-2034 жылдар аралығында іске асырылады. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін ерекше балалардың қоғамда еркін жүріп-тұруына, сапалы медициналық және психологиялық көмек алуына барлық жағдай жасалады.
Алматы облысында 25 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, спортты дамыту дирекциялары, жоғары спорт шеберлігі мектебі, олимпиадалық резервті даярлау орталығы және өзге де мамандандырылған мекемелер жұмыс істейді. Бұл ұйымдарда 25 мыңнан астам спортшы спорттың 67 түрі бойынша дайындықтан өтуде. Олармен 969 жаттықтырушы жұмыс істейді. Бұл жайында Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының м.а Жансерік Әдиахметов баспасөз мәслихаты барысында айтты.
Спикердің айтуынша, жыл басынан бері облыс спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 712 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 253 алтын, 195 күміс және 264 қола медаль бар.
Биылғы жылдың басты жетістіктерінің қатарында Дохада өткен стенд атудан Азия чемпионатында Эдуард Ещенконың Азия және әлем рекордтарын жаңартуы, Нью-Делидегі Азия чемпионатында жеті медаль иеленуі, сондай-ақ велоспорт, ушу, бокс, күрес, дзюдо және байдарка мен каноэде есу бойынша халықаралық жарыстардағы жоғары нәтижелер аталды.
Өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда Алматы облысында 1908 спорт нысаны бар. Оның ішінде соңғы жылдары пайдалануға берілген 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешені халық игілігіне қызмет көрсетуде.
«Кеген, Жамбыл, Ұйғыр, Райымбек және Еңбекшіқазақ аудандарында тағы бес спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Ал 12 жаңа спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, қаржыландыру мәселесі қарастырылуда»,-деп атап өтті Жансерік Әдиахметов.
Футбол инфрақұрылымын дамыту бағытында да ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Мәселен, Қарасай ауданында құны 1,5 млрд теңге болатын жаңа футбол базасының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Талғар ауданында Atletico de Madrid футбол академиясы жұмысын бастап, тағы бір халықаралық деңгейдегі KFF Academy by Almaty International Airport академиясының құрылысы жалғасуда.
«Балалар спортын дамытуға арналған АртСпорт бағдарламасы аясында биыл 2,5 млрд теңге бөлінді. Қазір облыста 238 спорт секциясында 10 371 бала тегін жаттығып жүр»,-деп сөзін сабақтады спикер.
Айта кетейік, бұқаралық спорт та қарқынды дамып келеді. Жыл басынан бері облыста 1583 спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылды. Ал спортпен тұрақты түрде айналысатын тұрғындар саны 625 735 адамға жетіп, бұл облыс халқының 42,7 пайызы спортқа құмар деген сөз.
Ұлттық спортқа қызығушылық та артып келеді. Қазіргі уақытта облыста 776 секцияда 45,3 мың адам ұлттық спорт түрлерімен тұрақты шұғылданады. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі 6371 тұрғын спортпен жүйелі түрде айналысып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда өскен.
Алматы облысында спорт саласын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Басымдық жаңа спорт нысандарын салуға, балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға, сондай-ақ халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын спортшыларды даярлауға берілмек.
Алматы облысының Қапшағай су қоймасында ашық суда жүзуден өткен «OCEANMAN QAZAQSTAN – 2026» халықаралық жарысы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Бұл – Орта Азиядағы ең ірі сайыстардың бірі. Биыл 20 елден келген 3000-нан астам спортшы өзара сынға түсті. Сонымен қатар 10 мыңнан астам жанкүйер қатысушыларға қолдау көрсетті, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қазақстанда бұл жарыс бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Қатысушылар 500 метр мен 10 шақырым аралығындағы 5 санат бойынша бақ сынады. Олар – OCEANMAN (10 км), HALF OCEANMAN (5 км), SPRINT (2 км), OCEANKIDS (500 м) және INSPIRATION (балалар санаты). Ең бастысы, додаға кәсіби спортшылармен қатар әуесқой жүзушілер, балалар, ардагерлер және ерекше қажеттіліктері бар азаматтар да қатысты.
Сайыстың салтанатты ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жобаның бұқаралық спортты дамытудағы және өңірдің туристік әлеуетін арттырудағы маңызын ерекше атап өтті.
– «OCEANMAN QAZAQSTAN» байқауы – Алматы облысының ғана емес, еліміздің спорттық күнтізбесіндегі беделді мемлекетаралық жарыстардың бірі. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен келетін жүзушілердің басын қосатын үлкен дәстүрлі спорт мерекесіне айналған. Қатысушылар санының жыл сайын артуы жарыстың өзге де мемлекеттер арасында танымалдығы артып келе жатқанын және елімізде ашық суда жүзу спортына деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Жыл сайын Қапшағай су қоймасында ұйымдастырылатын бұл сайыс Алматы облысының спорттық және туристік әлеуетін арттыруға, өңірдің атын әлемге әйгілеп, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға зор үлес қосып келеді, – деді Марат Елеусізұлы.
Екі күнге жалғасқан жарыстың алғашқы күні ерлер мен әйелдер арасындағы ең ұзақ қашықтық бойынша үздіктер анықталды. Оған 1300-ден астам спортшы қатысты. Ерлер арасында 10 шақырымды бірінші болып Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшыларының бірі Лев Черепанов бағындырды. Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері атанған ол қарсыластарының арасынан топ жарып, шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
«Ашық суда жүзуден өткен әрбір жарыстың өзіндік ерекшелігі бар. Ал бұл додада кіл мықтылар бас қосқан. Сондықтан осы жолғы жеңістің орны ерекше. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Барлық жанкүйерлерге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. «OCEANMAN QAZAQSTAN» фестивалінің жеңімпазы атанғаныма өте қуаныштымын», – деді Лев Черепанов.
Әйелдер арасындағы OCEANMAN санатында қазақстандық Ирина Небесная абсолютті чемпион атанды. Ал HALF OCEANMAN қашықтығында мәреге бірінші болып қазақстандық Тимофей Лебедев пен Анна Резванцева жетті.
Жарыстың екінші күні 16 жастан асқан 800-ден астам қатысушы SPRINT (2 шақырым) қашықтығы бойынша жарысты. Одан бөлек жүздеген жас спортшы үшін OCEANKIDS және INSPIRATION балалар жарысы ұйымдастырылды. Аталған санаттардың қорытындысы бойынша жүлделі орындар түгелдей қазақстандық спортшыларға бұйырды.
Балалар бәсекесінде бақ сынағандардың бірі Астанадан келген – Фархад Жұманах.
«Жарыс алдында қатты қобалжыдым. Бірақ ата-анам мен көрерменнің қолдауын естігенде өзімді әлдеқайда сенімді сезіндім. Осындай ауқымды шараға қатысқаным мен үшін үлкен жетістік. Болашақта жаттығуды күшейтіп, келесі жылы тағы да ерекше әсер мен жаңа жеңістерге қол жеткізгім келеді», – деді ол.
Биылғы фестивальдің басты артықшылығы – екі бірдей ірі әлеуметтік жобаның жүзеге асырылуы. «Анашым, мен жүземін» бастамасының арқасында 130 ерекше бала халықаралық фестивальдің қатысушысы атанды. Олардың қауіпсіздігі арнайы жаттықтырушылар мен еріктілердің бақылауында болды. Ал екінші әлеуметтік бағдарлама ауылдық елді мекендерден және әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларға қолдау көрсетуге бағытталған. Бұл жоба арқылы 90 бала алғаш рет халықаралық деңгейдегі жарысқа қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Фестивальдің ерекше атмосферасын ағылшын тіліндегі аты аңызға айналған жүргізуші Гордон Грэм толықтырды. Ол – әлемдегі Ironman сериясының ресми дауысы, халықаралық триатлон және ашық суда жүзу жарыстарының тұрақты жүргізушісі. Оның сайысты тізгіндеуі спортшыларға жігер мен сенім сыйлады.
Жарыста үздік шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Oceanman Worldwide Championship» финалдық кезеңіне жолдама алды. Алдағы уақытта олардың кәсібилігі мен шыдамдылығын тағы бір мәрте сынға түсетін болады.
Алматы облысында өткен «Қымызмұрындық – 2026» этнофестивалі мәресіне жетіп, шарадан кейін «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Қарқара жайлауында тазарту жұмыстары жүргізілуде. Алдағы күндері де бұл жұмыстар жалғасатын болады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Коммуналдық қызмет мамандары мен еріктілер қоқыстарды жедел жинап, алаңды ретке келтіруде. Соның нәтижесінде аумақтың тазалығы сақталып, қоршаған ортаны қорғау талаптары қамтамасыз етілді. Тұрмыстық қалдықтар мен пластик бөтелкелер арнайы техникамен шығарылып жатыр.
Бұл ауқымды мәдени жобаларды табиғатқа жанашырлықпен қарап, экологиялық жауапкершілікті сақтаумен ұштастыруға болатынын көрсетті. Осылайша, «Қымызмұрындық – 2026» фестивалі көпшілікке жарқын әсер мен ұмытылмас естеліктер ғана сыйлап қойған жоқ. Сонымен қатар ұлттық мұраны құрметтеу табиғатқа қамқорлықтан басталатынын айқын көрсетті. «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығына көпшіліктің тағы бір мәрте көзін жеткізді.
1) 2631020 001-Жергілікті деңгейде мемлекеттік ішкі саясатты іске асыру жөніндегі қызметтер 2027-2029 жылдарға арналған
https://budget.egov.kz/budgetprogram/budgetprogram?govAgencyId=3564&budgetId=4318008
2) 2631020 007-Мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру жөніндегі қызметтер 2027-2029 жылдарға арналған
https://budget.egov.kz/budgetprogram/budgetprogram?govAgencyId=3564&budgetId=4319254
3) 2631020 075-Облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне қолдау көрсету 2027-2029 жылдарға арналған
https://budget.egov.kz/budgetprogram/budgetprogram?govAgencyId=3564&budgetId=4319387
ШІЛДЕ
4 шілде – Oceanman Kazakhstan 2026
4 шілде күні Қонаев қаласындағы Қапшағай су қоймасының жағалауында Oceanman Kazakhstan 2026 халықаралық ашық суда жүзу турнирі өтеді.
Дәстүрлі түрде жарысқа түрлі елдерден кәсіби спортшылар мен жүзу әуесқойлары қатысып, жағалауды үлкен спорт мерекесінің алаңына айналдырады.
📍 Қапшағай су қоймасының жағалауы, Қонаев қаласы
🎟️ Көрермендер үшін кіру тегін
🎟️ Қатысушылар үшін тіркелу OCEANMAN және RockTheSport ресми сайттарында
4–5 шілде – OYU FEST
4–5 шілде күндері «Первомай тоғандары» аумағында OYU Fest 2026 мерейтойлық фестивалі өтеді.
Екі күн бойы қонақтарды танымал әртістердің жанды орындаулары, арт-кеңістіктер, фудкорттар, көше маркеттері, шеберлік сабақтары және интерактивті алаңдар күтеді.
4 шілдеде Berkut & Aisha, Sadraddin, Alpha, Kunzharyq, AYAU, M’Dee, Rusha, Yenlik, ARO және Almas өнер көрсетеді.
5 шілденің хедлайнері — Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева. Сонымен қатар Dequine, Rin’Go тобы, Orynkhan, Ken Dala, Zere, Dudeontheguitar, Samrattama және abdr сахнаға шығады.
📍 «Первомай тоғандары», Іле ауданы
🎟️ Билеттер: фестивальдің ресми ресурстарында және Ticketon платформасында
10 шілде – Райымбек ауданының 90 жылдығы
10 шілде күні Нарынқол ауылында Райымбек ауданының 90 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар өтеді.
Мерекенің басты оқиғасы Еркеш Хасен, Әбдіжаппар Әлқожа, Нұрсұлтан Нұрбердиев және BAYANSULU қатысатын үлкен концерт болады.
📍 Нарынқол ауылы, Орталық алаң
🕔 Басталуы: 17:00
🎟️ Кіру: тегін
10–12 шілде – Nomad Spirit Fest 2026
Көшпенділер мәдениеті, этникалық музыка және белсенді демалыс фестивалі.
Қонақтарды этноауыл, қолөнер жәрмеңкелері, гастрономиялық алаңдар және мазмұнды ойын-сауық бағдарламасы күтеді.
📍 Көшпенділер қаласы, Қонаев қаласы
🎟️ Билет бағасы: 10 000 теңгеден бастап
11 шілде – «Хан Тәңірі қазынасы» фестивалі
11 шілде күні көркем Шалкөде жайлауында Райымбек ауданының 90 жылдығына арналған басты мерекелік іс-шара – «Хан Тәңірі қазынасы» фестивалі өтеді.
Бағдарламада бәйге, аударыспақ, түйе палуан сайыстары, суретшілер мен халық шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылады.
Мерекелік концертте Диана Исмаил, Ғазизхан Шекербек, Nurbullin және Мөлдір Әуелбекова өнер көрсетеді.
📍 Шалкөде жайлауы, Райымбек ауданы
🕙 Басталуы: 10:00
🎟️ Кіру: тегін
16–18 шілде – Central Asia Drift Show
16–18 шілде аралығында Қонаев қаласындағы ASP Arena аумағында Central Asia Drift Show халықаралық сериясының үшінші кезеңі өтеді.
Жарысқа Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің үздік пилоттары қатысып, жеке және жұптық сайыстарда автокөлікті басқару шеберліктерін көрсетеді.
Спорттық бағдарламадан бөлек, қонақтарды автокөлік көрмесі, дрифт-такси, автограф-сессиялар және түрлі ойын-сауық шаралары күтеді.
📍 ASP Arena, Қонаев қаласы
🕛 Басталуы: 12:00
🎟️ Билет бағасы: 10 000 теңгеден бастап
24–26 шілде – Drive Forum Great Orda 2026
24–26 шілде аралығында Қонаев қаласында Drive Forum Great Orda 2026 ірі автомобиль форумы өтеді.
Форум автокөлік әуесқойларын, саяхатшыларды және туризм саласының өкілдерін біріктіреді. Бағдарлама аясында автокөлік көрмесі, туристік маршруттардың таныстырылымы, саяхатшылар мен сарапшылармен кездесулер, сондай-ақ түрлі ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылады.
Форум тәжірибе алмасуға, автосаяхаттарға арналған жаңа бағыттармен танысуға және ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік береді.
📍 Арна шағын ауданы, Қонаев қаласы
🎟️ Ересектер билеті: 27 000 теңгеден бастап
🎟️ Балалар билеті: 8 000 теңгеден бастап
25 шілде – TOYLA Music Festival
25 шілде күні Первомай тоғандары аумағында TOYLA Music Festival 2026 өтеді.
Бұл – жыл сайын мыңдаған көрермен мен заманауи музыканың жанкүйерлерін жинайтын Қазақстандағы ең ірі тәуелсіз open-air музыкалық фестивальдердің бірі.
Биыл фестиваль сахнасында Ұлыбританияның Hurts тобы, Ресейдің «Аигел» тобы, канадалық әнші Alice Glass, сондай-ақ қазақстандық орындаушылар Dudeontheguitar, DJ AKI және Meow Dammit өнер көрсетеді.
Қонақтарды арт-кеңістіктер, гастрономиялық аймақтар, фестивальдік маркет және ашық аспан астындағы мазмұнды ойын-сауық бағдарламасы күтеді.
📍 Первомай тоғандары, Іле ауданы
🕒 Уақыты: 15:00–23:00
🎟️ Билет бағасы: 21 000 теңгеден бастап
ТАМЫЗ
15 тамыз – SUAQ аудиоэкспедициясы
15 тамыз күні Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында SUAQ аудиоэкспедициясы өтеді.
Бұл музыка, заманауи өнер мен табиғи ландшафттарды біріктіретін ерекше мәдени жоба.
Қатысушылар Қазақстанның ең танымал табиғи орындарының бірін дыбыс, атмосфера және көркем бейнелер арқылы жаңаша танып-білу мүмкіндігіне ие болады.
Жоба аудиоспектакль, экскурсия және иммерсивті өнер элементтерін біріктіріп, табиғат пен мәдени кеңістікпен өзара әрекеттесудің ерекше тәжірибесін ұсынады.
📍 Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі
🎟️ Билет бағасы: 10 000 теңгеден бастап
⸻
16 тамыз – «Байсерке аспаны – 2026» әуе шоуы
16 тамыз күні Талғар ауданындағы Байсерке әуеайлағында «Байсерке аспаны – 2026» әуе шоуы өтеді.
Бұл өңірдегі ең ірі авиациялық іс-шаралардың бірі саналады.
Бағдарламада авиациялық техниканың көрсетілім ұшулары, жоғары пилотаж элементтері, парашютпен секірулер, күмбезді акробатика, авиамодельдер шоуы, ұшақтар мен тікұшақтардың статикалық көрмесі, сондай-ақ ашық аспан астындағы авиация мұражайы ұсынылады.
Қонақтар үшін концерттік бағдарлама, балалар аймақтары, шеберлік сабақтары, интерактивті алаңдар, фотозоналар және фудкорттар ұйымдастырылады.
📍 Байсерке әуеайлағы, Талғар ауданы
🕙 Басталуы: 10:00
✈️ Ашық аспан астындағы авиациялық шоу және отбасылық фестиваль
🎟️ Билет бағасы: 8 000 теңгеден бастап
⸻
21–23 тамыз – Park Live Kazakhstan 2026
21–23 тамыз аралығында Первомай тоғандары аумағында Park Live Almaty 2026 халықаралық музыкалық фестивалі өтеді.
Жыл сайын бұл шара Қазақстаннан және шетелден келген ондаған мың көрерменді жинайды.
Үш күн бойы сахнада АҚШ, Ұлыбритания және Үндістаннан келген рок, альтернативті музыка, панк-рок, хип-хоп, метал және электронды музыка бағытындағы әртістер өнер көрсетеді.
Фестивальдің хедлайнерлері — америкалық рок-музыкант Jack White, британдық виртуалды жоба Gorillaz және АҚШ-тың аңызға айналған панк-рок тобы The Offspring.
Сонымен қатар бағдарламада The Kills дуэті, CeeLo Green, De La Soul, үнділік Bloodywood металл тобы және америкалық Glassjaw пост-хардкор тобының өнер көрсетуі жоспарланған.
Фестиваль дәстүрлі түрде өңірдегі ең ірі музыкалық оқиғалардың бірі болып саналады және Орталық Азияның түкпір-түкпірінен заманауи музыка жанкүйерлерін жинайды.
📍 «Первомай тоғандары», Іле ауданы
🎟️ Билеттер: фестивальдің ресми сайтында және Ticketon платформасында
⸻
28–30 тамыз – Family Rock Festival 2026
28–30 тамыз аралығында Қонаев қаласындағы ASP Arena аумағында Family Rock Festival 2026 өтеді.
Бұл жаз маусымындағы ең ірі музыкалық фестивальдердің бірі.
Үш күн бойы сахнада «Комната Культуры» және Женя Трофимов, КняZz, Нейромонах Феофан, «Танцы Минус», «Мураками» және The Hatters топтары өнер көрсетеді.
Концерттік бағдарламадан бөлек, қонақтарды демалыс аймақтары, гастрономиялық алаңдар және ашық аспан астындағы ерекше фестиваль атмосферасы күтеді.
Фестиваль Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен және шетелден келетін жанды музыка сүйер қауымды жинайды деп күтілуде.
📍 ASP Arena, Қонаев қаласы
🎟️ Үш күндік билет бағасы: 56 000 теңге
Алматы облысында «Қымызмұрындық – 2026» мәдени-көпшілік және спорттық шарасы өтті. Салтанатты шарада ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді. Ал Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев дүбірлі думанның маңызына тоқталып, қонақтарға ізгі тілегін арнады. Сондай-ақ меймандар «Қымызмұрындық» аясында ұйымдастырылған көрмені аралап көріп, ұлттық ойыннан сынға түскен спортшылардың өнерін тамашалады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мәлік Нұржанұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемін жеткізе отырып, Президентіміздің ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ата дәстүрімізді дәріптеуге арналған осындай тағылымды іс-шараларға ерекше мән беретінін айтты. Сонымен қатар Кеген ауданында өтіп жатқан «Қымызмұрындық» мерекесі ұрпақтар сабақтастығын нығайта түсетініне сенім білдірді.
«Қазақ даласындағы әр салт-дәстүрдің өзіндік тәрбиелік мән-маңызы, ұлттың ерекшелігін айқындап тұратын өзіндік биік бағасы бар. Аманат болып жеткен осы құндылықтарды сақтап, оларды заман талабына сай жаңғыртып, насихаттау – Президентіміз айтқандай – баршамызға ортақ міндет.
Бүгінде біз бабалар аманатына адал бола отырып, ұлттық мұрамызды заман талабына сай дамытып келеміз. Қымыз өндірісінде жаңа технологиялар енгізіліп, өнімді сақтау, өңдеу және нарыққа шығару мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Бұл – дәстүр мен жаңашылдықтың өзара сабақтастығының нақты көрінісі. Хантәңірінің көрікті етегі, Қарқараның тамашасы мен Мыңжылқының сұлу келбеті кімді де болса тамсандырмай қоймайтыны анық. Қымызмұрындық сияқты тағылымы мол мерекелер халқымыздың рухын асқақтатып, елдік сананы нығайтып, Қазақстанның мәдени келбетін әлемге таныта береді деп сенемін», – деді Мәлік Нұржанұлы.
Аймақ басшысы өз сөзінде халықтың қолдауымен қолға алынған игі бастамалардың ғұмыры қашанда ұзақ болатынын айтты.
«Кеген ауданының ғана емес, тұтас Алматы облысының рухани-мəдени келбетін айшықтайтын, өңірдің туристік тартымдылығына оң əсер ететін Қымызмұрындық фестивалі биыл республикалық маңызы бар мəдени іс-шаралар күнтізбесіне енді.
Қарқара – қазақ тарихындағы қастерлі мекендердің бірі. Осындай қасиетті өлкеде Қымызмұрындықтың дəстүрге айналуы да заңдылық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық тарихты жаңаша зерделеуге ерекше мəн беріп келеді. Жақында өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі» атты халықаралық симпозиумда Президентіміз: «Біз – мемлекет ісінде «Мəңгілік Ел» идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз», – деп атап өтті.
Расында, заң мен тəртіпке негізделген басқару мəдениеті, əділдік пен жауапкершілік қағидалары бүгінгі Тəуелсіз Қазақстанның құндылықтарымен сабақтасып, жаңа Конституциямызда өзінің заманауи жалғасын тауып отыр», – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ Алматы облысы бүгінде табиғи байлығы мен тарихи мұрасын ұштастыра отырып, туризмді дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқанын жеткізді. Аймақ басшысының айтуынша, өткен жылы өңірімізге 2,5 миллионнан астам турист келген. Бұл Алматы облысының табиғи əлеуеті мен тарихи-мəдени мұрасына деген қызығушылықтың тұрақты артып келе жатқанын көрсетеді. Көлсай мен Қайыңды көлдері, Шарын шатқалы, Хантəңірі баурайы, Қарқара жайлауы – Алматы облысының ғана емес, Қазақстанның халықаралық деңгейде танылған туристік орындарына айналған.
«Біздің мақсат – туристер санын көбейту ғана емес, олардың туған жеріміздің табиғатын, тарихын жəне мəдениетін терең танып қайтуына жағдай жасау. Сондықтан біз экотуризмді дамытуға ерекше басымдық беріп келеміз. Табиғатты сақтау мен туризмді дамыту – бір-бірімен ұштасқан егіз ұғым. Бұл бағыт Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасымен толық үндеседі», – деді Марат Елеусізұлы.
Айта кетейік, «Қымызмұрындық» мерекесі Қарқара жайлауында биыл 5-рет өтті және қазақтың көреген абызы Əлмерек Жаншықұлының 368 жылдығымен тұспа-тұс келді. Осыған орай абыз баба рухына Құран бағышталып, ас берілді. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлерінен республикалық жарыстар ұйымдастырылып, спортшылардың шымырлығы мен төзімділігі сынға түсті.