
Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым Наурыз мейрамын мерекелеуге дайындық жөнінде кеңес өткізді
Кеңес барысында Ұлыстың Ұлы күніне орайластырылған іс-шаралардың өңірлік тұжырымдасы талқыланып, тиісті басқармалар мен Қонаев қаласының және аудандардың әкімдіктеріне тапсырмалар берілді.
Өңірлік тұжырымдама ең алдымен мейрамға бұқаралық сипат беруді көздейді. Мейрамға арналған шаралар наурыздың басынан басталып, бір айдай уақытты қамтиды. Оның аясында ірі сауда орындарында мерекелік жеңілдіктер науқанын, «Наурыз: балаларға базарлық» акциясын, адамдар көп жиналатын жерлерде «Наурыз қалашықтарын» құру, Наурыз жәрмеңкесін өткізу және басқа да жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Ал облыс орталығында ауқымды мәдени-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылып, қазақ халқының көшу дәстүрі көрсетілмек. Сонымен қатар әр елді мекенде, кәсіпорындар мен ұйымдарда мерекелік шаралар өткізіледі.