Алғыс айту күні Алматы облысында кеңінен аталып өтті

Алғыс айту күні Алматы облысында кеңінен аталып өтті

Алғыс айту күні Алматы облысында кеңінен аталып өтті

1 наурыз күні Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында Алғыс айту күні кеңінен аталып өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен іс-шарада атаулы датаның маңызы кеңінен насихатталды.

«Бір мақсат. Бір мүдде. Бір болашақ» тақырыбында өткен шарада өңірдегі 10-нан астам этностың мәдениеті мен салт-дәстүрі көпшілік назарына ұсынылды.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев көрмені аралап, этнос өкілдерінің мәдениетімен, салт-дәстүрімен танысты.

Ал мерекелік шараның екінші бөлімі салтанатты жиынмен жалғасты.

Мерекелік рәсімді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құттықтау сөзбен ашып, атаулы күннің маңызына тоқталды.

«Туған өлкеге деген кіршіксіз алғыс сезімі бұл мерекеге ерекше терең мағына береді. Сондықтан да Алғыс айту күнінің басты мақсаты – тарихи жадыны жаңғырту, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, іргесі берік негіздегі ел бірлігін нығайту. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен байланысты бұл мерекенің мәні – терең, маңызы – ерекше», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Облыс басшысы қазақ жұрты қиын-қыстау кезеңде амалсыз қоныс аударған миллиондаған адамның құтты мекеніне айналғанын атап өтті.

«Бұл күнді айрықша қайырымдылық акцияларымен, мұқтаж жандар мен жақындарға қолдау көрсету арқылы атап өту маңызды. Осы ретте Алматы облысында биыл Алғыс айту мерекесі кеңінен аталып өтуде. Арнайы кешенді жоспар әзірленіп, онкүндік аясында өңірдің түкпір-түкпірінде 100-ге жуық тағылымды шаралар іске асырылды», – деп атап өтті облыс әкімі.

Сонымен қатар шара барысында өңірдің өркендеуі жолындағы қажырлы қызметі мен ұлтаралық татулықты дәріптеуге сіңірген өлшеусіз еңбегі үшін бірқатар азаматтар Алматы облысы әкімінің «Алғысымен» марапатталады. Олардың қатарында Алматы облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Адам Бойсаев, Райымбек ауданы Қарасаз ауылдық  Аналар кеңесінің төрағасы Бахытгүл Раева, облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің басқарма мүшесі Зоя Магомадова, Жамбыл ауданы №4 Өрт сөндіру бөлімінің командирі Мейрамбек Шағатаев,  Талғар ауданы «Самға Н» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Назгүл Рысбаева, Ұйғыр ауданы жедел жәрдем станциясының қызметкері Байжан Байкенұлы, Алматы облыстық филармониясының әртісі Бегзат Ағияр, Қонаев қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бисентай Қашақбаев және тағы да басқа азаматтар бар.

Жиын соңы «Рақмет саған, Qazaqstan!» атты мерекелік концертпен жалғасты. Онда «Алатау әуендері» концерттік ұйымының өнерпаздары достық, бірлік тақырыптарындағы музыкалық шығармаларды көпшілік назарына ұсынды.

Айта кетерлігі, биыл Алматы облысында Алғыс айту мерекесі жаңаша форматта ұйымдастырылды. Атаулы датаны мерекелеу 20 ақпаннан бастау алды. Осы мерзім аралығында өңірде 100-ден астам түрлі бағыттағы іс-шаралар жүзеге асты.

 «Алғыс айту күні аясында іске асырылатын барлық іс-шаралар ұлттық бірлікті, қазақстандық патриотизмді және халықтың әлеуметтік оптимизмін нығайтуға, барша отандастарымыздың бір-біріне деген мейірімділігін, достығы мен өзара ынтымақтастығын айқын көрсетуге бағытталды», – деді Алматы облысы Этносаралық қатынастарды дамыту бөлімі – Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы Жандар Асан.

Мерекенің жаңа жалпыхалықтық және көпшілікке жақын форматын танымал етуге қоғамдық пікір көшбасшылары мен зиялы қауым, әсіресе шығармашылық сала майталмандарын тартуға маңыз беріледі.