
Аудандық Аналар кеңесінің төрайымы М.Жабиева бастаған кеңес мүшелері мен әжелер ансамблі келген қонақтарға шашу шашып, Өтеген батыр ескерткішіне гүл себетін қойып, тағзым етті.
Шара Мұқағали Мақатаев атындағы №13 орта мектебінде жалғасты. Оқушылар ақынның өлеңдерін оқып, қонақтарды қарсы алды. Мектеп ұжымы Домалақ ана, Құмай ана, Тұмар ана сынды есімдері аңызға айналған Ұлы дала аналарының бейнесін сомдап, жыр жолдарын арнады.
Қатысушылар мен қонақтар қоғам қайраткері, ұзақ жылдар аталған мектептің директоры қызметін атқарған, Аналар кеңесінің төрайымы болған Ғалия Надірбекованы еске алып, мұражайымен танысты.
Аналарымызды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған байқау екі номинация бойынша өтті. Облысымыздың 17 аудан, 3 қаласынан қатысқан Аналар кеңесі еліне адал қызмет етіп, еңбегі сіңген, салиқалы ұрпақ тәрбиелеген аналар туралы бейнеролик немесе сахналық көрініс дайындап, кеңестің атқарған жұмыстарын жинақтаған портфолио ұсынды.
«Ұлы дала аналары» байқауының қорытындысы шығарылып, үздік деп танылған қатысушылар марапатталды. Бас жүлдені Қарасай аудандық Аналар кеңесі қанжығаласа, жүлделі І орынды Іле, Кербұлақ аудандары, ІІ орынды Кеген, Панфилов, Райымбек аудандары, ІІІ орынды Алакөл, Сарқан аудандары мен Қонаев қаласы иеленді.