
Табиғат тіршілік бастауын көктемнен алса, адамзат өмір бастауын Анадан алады. Шуақты көктемде Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев аруларды көктем мерекесімен құттықтады. Жиынға өңір дамуына үлес қосқан ардақты әжелер мен ханымдар, спорт, өнер және қоғамның өзге де саласында жетістікке жеткен қыз-келіншектер қатысты.
«Мемлекет басшысы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Яғни, ана мен баланы әлеуметтік қорғау шаралары – тұтас халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталып отыр. Сонымен қатар, қазіргі қоғамда әйел – тек отбасында ғана емес, мемлекеттік және саяси мәселелерге белсене араласуда. Өзімнің кәсіби тәжірибемді ескере отырып, басшылық лауазымда, қызметте болсын, әйел адамдар ең жауапты, ең мықты қызметкерлер екенін айтқым келеді. Облысымызда миллионнан астам әйелдер қауымы бар. Әрқайсысының аймақтың дамуына үлесі бар. Құрметті аналар, көктеммен келетін мерекелік көңіл-күй Сіздерге күш-қуат, жігер берсін! Сіздерге және отбасыларыңызға бақыт пен сәттіліктер тілеймін», – деді облыс әкімі Қанат Бозымбаев.
Қаңтар оқиғасында Ақтөбеде әскери қызметін атқару кезінде батылдық пен Отанға адалдық үлгісін көрсеткен Ұлан Мырзабайдың әжесі Шынар Бестаева да аналарға лебізін жеткізді. «Батыр да туған анадан, ақын да туған анадан», демекші Ұланды жастайынан әжесі бағып-қаққан. Шынар ханым немересіне жақсы білім, лайықты тәрбие бергенін айтып өтті.
«Осы балалардың еліне елеулі, халқына қалаулы боп, жақсы азамат болып, ертең, елімізге пайдасын тигізіп жатса, болашақ ұрпақтарына көрсететіндей үлгілі болуларына, өз істеріне берік, тәртіпті-тәриелі болғандарына өте ризамын. Немеремнің оқыған кезінде қатерге қарамастан, бұйрықтың аты бұйрық деп тұрғанына мен қатты қуандым. Осы баламның осындай боп шығатынына анық сенгенмін», - деп атап өтті Ұланның әжесі Шынар Қарабатырқызы.
Алматы облысында соңғы жылдары бала туу көрсеткіші өсіп келеді. Мәселен, облысымызда 2019 жылы 50 мың бала дүниеге келсе, былтыр 56 мың сәби дүниеге есігін ашқан. Өңірде 59 мыңнан астам көп балалы ана бар. Олардың 28 мыңы алтын және күміс алқамен марапатталған. Шуақты мерекеде облыс әкімі Қанат Бозымбаев көпбалалы аналарға алтын және күміс алқа тағып, ел Президентінің құттықтау хатын табыстады.
«Көпбалалы ана ретінде облыс әкімінен алтын алқа алу үлкен мақтаныш. Өзім 7 бала дүниеге әкелдім. Балалар менің қызығым. Байлығым. Алда келе жатқан аналар мерекесі құтты болсын. Барлығын көктем мерекесімен құттықтаймын», – деді көпбалалы ана Анар Тәңірбергенқызы.
Әңгімелесу сипатында өткен кездесуде гендерлік және демографиялық саясат, ана мен бала саулығы, ұрпақ тәрбиесі, әйелдің қоғамдағы орны жайлы да әңгіме қозғалды. Бүгінде елімізде 125 мың шағын және орта кәсіптің 35%-дан астамын әйелдер дөңгелентіп отыр. Мемлекеттік қызметте де арулардың еңбегін көруге болады. Мәселен, мәслихаттағы депуттардың 30% - ы әйелдер. Мемлекет ісінде жоғары, жауапты қызмет атқаратын әйелдер қауымы өздерінің білікті басшылығымен ерекшелініп қана қоймай, Еліміздің жетістіктеріне де тың дем беруде.
Көктемнің шуақты мерекесіне арналған жарқын кездесу соңында облыс басшысы барша қатысушыларға естелік сыйлықтар табыс етіп, суретке түсті.