
Шуақты көктем мерекесі қарсаңында көп балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналар, ата-ана қарауынсыз қалған азаматшалар баспаналы болды.
Жалпы, жақсылық жасауға деген сүйіспеншілік ежелден қазақ халқына тән. Жақсылыққа жаны жақын азамат Ерік Айдарбеков пен Талдықорған қаласындағы «Харекет» қоры 12 аруға пәтер кілтін табыстады. Салтанатты шараға облыс әкімі Қанат Бозымбаев қатысты.
«Біздің отбасымыздың пәтер алғанын алғаш естігенде мен түрлі эмоцияларды бастан кешірдім. Біз көптеген қиындықтарды бастан өткердік. Мен болашақ үйімді осылай аламын деп ешқашан ойламаған едім. Осындай мүмкіндік үшін барша қамқор жандарға алғыс айтамын», – дейді баспаналы болған Дана Қожбанова.
Жалпы, өңірімізде 60 мыңнан астам тұрғын баспана кезегінде тұр. Сондықтан, аймақта құрылыс көлемі артпақ. Биылдың өзінде меценаттардың көмегімен 15 көпқабатты тұрғын үйд салу жоспарланып отыр.
“Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бизнесте аяғынан тұрып, мемлекет пен оның азаматтарына өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесетін уақыт келді. Осындай жомарт жандардың арқасында бүгін 12 талдықорғандық отбасы қоныс тойын тойлайтыны қуантады. Бізге әлі де меценаттардың қолдауы қажет. Өңірімізде әртүрлі қаржыландыру есебінен 3 мыңға жуық пәтерді жалға бермекпіз. Бұл көрсеткішті жылына 10 мың пәтерге дейін жеткізуіміз тиіс. Олай болмаған жағдайда тұрғындар үй кезегін 20 жыл немесе одан да көп уақыт күтулері бек мүмкін”,- деді Қанат Бозымбаев.
Жиын соңында Қанат Алдабергенұлы барша әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.