
2021 жылы Алматы облысында 16 мыңнан астам кәсіпкер 22,5 мың сервистік және консультациялық қызмет алды.
"Кәсіпкерлер қайтарымсыз негізде бухгалтерлік, заңдық, маркетингтік қызметтерді, сондай-ақ мемлекеттік сатып алулармен, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларымен байланысты қызметтерді ала алады. Сондай-ақ, Кәсіпкерлер палатасының барлық аудандық және қалалық филиалдарында кәсіпкерлік субъектілері мен әлеуетті кәсіпкерлерге бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат пен кеңестер беріледі. Бұл қызметтер сайтта онлайн режимде де қолжетімді g4b.kz", - деді Алматы облысы Кәсіпкерлер Палатасы директорының міндетін атқарушы Дәурен Оңалбаев.
Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер негізінен ЖК ашу, бизнес-жоспарды әзірлеу, бухгалтерлік есепті тапсыру сияқты қызметтерге жүгінді. Палата менеджерлері жалпы сомасы 20,5 млрд теңгеге жуық 645 бизнес-жоспар әзірледі. Оның ішінде экономиканың түрлі секторларындағы 140 жоба мемлекеттік бағдарламалар мен екінші деңгейлі банктер аясында қаржыландырылды.
Естеріңізге сала кетейік, қаржылық емес қолдау өңірлік кәсіпкерлер палатасы қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. "Бизнестің жол картасы–2025" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары арқылы өтеусіз қаржылық емес қолдау көрсетіледі.