«ТӘУЕЛСІЗДІГІМ - ТҰҒЫРЫМ» форумы

«ТӘУЕЛСІЗДІГІМ - ТҰҒЫРЫМ» форумы

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында І.Жансүгіров атындағы мәдениет үйінде «Алматы облысының ішкі саясат басқармасы» ММ «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздігім -тұғырым» салтанатты шарасы өтті.

Облысымыздың әр өңірінен түрлі этнос өкілдері, тарихи құнды заттарын, музыкалық аспаптарын, ұлттық киімдері мен көне кітаптарын әкеліп ұйымдастырған көрме мәдениет үйінің ішін ажарландыра түсті. Мерекелік кешке жиналған қауым тек концерттік шара ғана емес, барлық этностың мәдениеті мен тарихымен танысып, рухани сусындап қайтты.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Л.Тұрлашов құттықтау сөз сөйлеп, облыста жалпыұлттық бірлік пен этносаралық келісімді нығайтуға үлес қосқан этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенділерді өңір басшысының атынан Құрмет грамотасымен марапаттап, Қазақтың қара домбырасын сыйға тартты.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің атынан облыстық мәслихат депутаты З.Күзиев сөз сөйлеп, облыс басшылығына және салтанатты шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Белгілі эстрада жұлдыздары Төреғали Төреәлі, Еуразия арнасының танымал тележүргізушісі Амината Уэдраого, актер, жүргізуші Артур Төлепов және «Алатау серілері» тобының, Талдықорған қаласының танымал шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен концерттік бағдарлама көпке дейін ел есінде жүретіндей әсер қалдырды.