Салтанатты кездесу «Тәуелсіздіктің - Көшкеруені»

Салтанатты кездесу «Тәуелсіздіктің -  Көшкеруені»

Ағымдағы жылдың 7 желтоқсанында Ел  Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздіктің -  Көшкеруені» салтанатты кездесуі өтті.

Жиынның басты мақсаты - Тәуелсіздік алған жылдары әлемнің әрбір қиырынан көш атажұртқа ат басын бұрып,  облыс аумағына қоныстанып, ел тірлігіне етене араласып, әр салаларда еңбек етіп жүрген бауырларымыздың басын қосу.

Кездесуге облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Р.Есдәулетов, 1991 жылы Монғолия елінен арнайы көш бастап келген Сағат Заханқызы және Аятхан Тұрысбекұлы, облыстық «Қандастар» қоғамдық бірлестігінің басшысы Қ.Сансызбайұлы, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Кубентаев, қандас бауырларымызға мемлекет тарапынан қолдау танытатын облыстық басқармалардың басшылары және Тәуелсіздіктің құрдастары қатысты.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Р.Есдәулетов баяндама жасап, егемен еліміздің соңғы отыз жылдағы елеулі табыстары Тәуелсіздіктің бастауында тұрған Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының,  отандастарымыздың – білімді, кәсіпқой, дарынды қазақстандықтардың қажырлы еңбегінің арқасы екенін атап өтті.

2021 жылы Алматы облысынан 6023 этникалық қазақ Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданды. Олардың төртеуіне жеке куәліктері салтанатты жағдайда табыс етілді.

Шара аясында 1991 жылы Қазақстан Республикасына келіп, қазіргі таңда ел өміріне белсене араласып, барлық салада еңбек етіп жүрген қандастарымыз туралы фильм көрсетілді.

Сондай-ақ, Құрметбек Сансызбайұлының «Қазақ құндылығы ұлт ұлылығы» және «Жылдар жылнамасы» кітаптарының тұсаукесері ұйымдастырылды.  Аталған кітаптарында автор – оқырман қауымға ұлт ұлылығының негізін тереңінен тербеп, қазақи құндылықпен дәріптейді.

Жиын соңында Алматы облысы бойынша «Қандастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрметбек Сансызбайұлы, 1991 жылғы Монғолия елінен ұлы көштің бастаушылары болған Аятхан Тұрысбекұлы, Сағат Заханқызын және Райыс Арипжанұлы, Миллионер Қажекенұлы және бір қатар қандас бауырларымыз Алматы облысы әкімі орынбасары мен «Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының» алғыс хаттарымен марапатталды.