«Жыр алыбы – Жамбыл» республикалық фестивалі өтеді

«Жыр алыбы – Жамбыл» республикалық фестивалі өтеді

Жамбыл ақынның 175 жылдығына орай жастарға арналған заманауи  жоба ұсынылады. Жаңа жоба отандық хип-хоп индустрияның ең үздік талантты өкілдерін бір шығармашылық алаңда тоғыстыратын үлкен музыкалық фестиваль форматында өткізіледі.

Фестивальге өнердің жолына енді қадам басқан жас музыканттар қатысады. Қатысушылар Instagram, YouTube, Facebook әлеуметтік желілері арқылы іріктелді. Іріктеу кезінде қатысушылардың артистік шеберлігіне, сөз саптауына, мәтін идеясының ерекшелігіне, вокалдық қабілеттеріне баса мән берілді. Қатысушылар арасында Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестіктері өкілдері: орыс, белорус, өзбек, ұйғыр және басқа этностар бар.

Фестиваль Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өтеді. Жаңа фестивальдің мақсаты – Жамбылдың мұрасын насихаттай отырып, жас таланттарды қолдау, Қазақстан аймақтары арасында кәсіби-шығармашылық байланысты нығайту.

Жоба 19 қараша күні сағат 11:00-де Алматы қаласында (Достық, 44) орналасқан ақынның ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен басталады. Кейін бұл іс-шара сағат 13:30-да Алматы облысындағы Қарақыстақ және Жамбыл ауылдарында орналасқан Сүйінбай мен Жамбыл музейлерінде жалғасын табады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, кезінде Жамбыл жырлаған өзекті тақырыптарды бүгінде қазақстандық жас рэперлер көтеріп, жаңа форматта ұсынуда. Сондықтан ақынның туындылары әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпады.

Жоба аясында жастар арасында танымал Kyle Ruh, Ziruza, Ray,  Nei1tron,  Madi Rymbaev, Soulbirkez, Esko сынды жас әртістер өнер көрсетіп, өнердегі ерекше жетістіктерімен бөліседі. 

Фестивальдің гала-концерті 20 қараша күні сағат 18:00-де Алматы қаласындағы Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында өтеді.

 

Сұрақтар бойынша:

 

+7 701 820 97 90

 

+7 7172 705-331                 Электронды пошта: jambullfestival@gmail.com