
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Талдықорған қаласының облыс орталығы мәртебесін алғанына 20 жыл толуына орай бірқатар мерекелік шаралар өткізілді. Атап айтар болсақ, дәрігерлердің пандемия кезіндегі жанкешті еңбегіне алғыс ретінде «Аяулы алақан» ескерткіші, көлік қолжетімділігін арттыру мақсатында қалада автобус паркі жаңартылып, 55 экологиялық автобус сатып алынып, «Ютонг» маркалы 32 жаңа автобустың алғашқы партиясын тапсыру салтанаты өтті. Қалған 23 автобус жыл соңына дейін Талдықорған көшелерімен жүреді.
Сатып алынған автобустарға жанармай құю үшін қалада автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциясы салынды және іске қосылды. Бұл ретте жаңа автобустарда жүру тарифі өзгеріссіз қалады.
Қала күні мерекесіне орай Көрме Орталығында суретшілер мен фотографтардың көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде қаланың суретшілері мен фотографтарының туындылары қала тұрғындарының назарына ұсынылды.
Мерекелік шаралар аясында «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Болашақ» шағын ауданынан 55 пәтерлі көпқабатты үй пайдалануға берілді. Облыс әкімі Амандық Баталов жаңа қоныс иелеріне қуаныш сыйлап, жаңа пәтерлердің кілттерін табыстады.
Қала күніне арналған іс-шаралар Б.Римова атындағы драма театрындағы салтанатты шарамен жалғасты. Салтанатты шарада Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына ауыстырылуына қатысты бейнеролик көрсетіліп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлестерін қосқан азаматтарға «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атағы табысталды.
Салтанатты шараның ссоңы мерекелік концертке ұласты. Мерекелік концертте эстрада жұлдыздары М.Садуақасова, Ө.Айниязов, Рухия Байдүкенова өнер көрсетті.
Қала күніне арналған шаралар Қаратал өзенінің жағалауындағы жастарға арналған кешкі концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Кешкі бағдарламада жастарға Рухия Байдүкенова мен «Талдықорған әуендері» фольклорлы-этнографиялық халықтық ансамблі өнерлерін көрсетті.