Этномәдени бірлестіктердің бірегей коллекциялары Алматы облысына тапсырылды

Этномәдени бірлестіктердің бірегей коллекциялары Алматы облысына тапсырылды

2025 жылғы 25 қыркүйекте Ақмола облысында «Ұрпақтар диалогы» ғылыми-практикалық конференциясының қорытындысы аясында және Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХIV сессиясында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында этномәдени бірлестіктердің өнер және этнография бағытындағы бірегей коллекцияларын тапсыру рәсімі өтті.

Бұл маңызды шара Ақмола облысы этномәдени бірлестіктерінің жинаған коллекцияларын Алматы облысына тапсырумен ерекшеленді. Мұндай мәдени эстафета – ел ішінде этностардың өзара ынтымақтастығын нығайтудың, тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің тиімді тетігі болып табылады. Жинақталған жәдігерлер әр этностың бірегейлігін көрсетумен қатар, Қазақстан халқының ортақ байлығына айналып, қоғамда өзара құрмет пен сенімнің артуына ықпал етеді.

Іс-шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айтбаев Досұлан Ерланұлы, сондай-ақ Алматы облысынан арнайы келген делегация мүшелері қатысты. Делегация құрамында Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «RONAI» күрд этномәдени орталығының төрағасы Гейдаров Гамзе Бадриевич, қоғам қайраткері, тіл жанашыры, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық әзербайжан этномәдени орталығының төрағасы Осман Асле Әлиқызы, сондай-ақ «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ басшысының орынбасары Танирбергенова Айымжан Карипжановна болды.

Этномәдени бірлестіктердің коллекцияларын тапсыру дәстүрі – қазақстандық қоғамдағы достық пен бірліктің айқын көрінісі. Бұл үрдіс мәдени әртүрлілікті дәріптеп қана қоймай, жастардың тарихи мұраға құрметпен қарауына, елдік құндылықтарды бағалауға үйретеді.

Жалпы, Ақмола облысында өткен бұл рәсім Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісімді нығайтудағы және ұлттық бірлікті сақтаудағы рөлін айшықтап, этномәдени мұраның ел дамуы жолындағы маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.