Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы бойынша
2021 жылдың I жарты жылдығында атқарылған шаралар туралы
АҚПАРАТ
Алматы облысындағы қоғамдық-саяси ахуал туралы
Облыста 105 ұлт пен ұлыстардың өкілдері тұрады, 71 этномәдени орталық, 467 белсенді үкіметтік емес ұйым,15 салалық кәсіподақ ұйымы, 67 жастар бірлестігі және 6 саяси партиялардың облыстық филиалы жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда облыс аумағындағы қоғамдық-саяси жағдай бірқалыпты. Облыстың жергілікті атқарушы органдары әлеуметтік шиеленіс болуы ықтимал ошақтарға тұрақты негізде мониторинг жүргізеді. Облыстың көпэтникалық аудандарындағы (Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Панфилов, Іле, Жамбыл, Талғар) ахуал ерекше қадағалануда.
«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» 2020 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында облыста(20 аудан және қала) бейбіт жиналыстар өткізудің 22 мамандандырылған орын және бейбіт шерулер мен демонстрациялар өткізудің 20 бағыты белгіленген.
Облыс аумағындағы қалыптасқан қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін жарияланымдарды анықтау мақсатында күнделікті әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіледі. You Tube каналына, әлеуметтік желілерге (Facebook, Instagramm, Vk) жүргізілген мониторингтің нәтижелері бойынша Алматы облысына қатысты 6538 материал анықталды, оның ішінде 3026 (46%) теріс мазмұнды жарияланымдар, негізінен тұрғын-үй шаруашылық саласынақатысты (су, жол, электр энергиясы және т.б.). Ақпараттық әрекет ету Алгоритміне сәйкес әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған негативті материалдардың сілтемелері күнделікті «whatsapp» чаты арқылы аудан, қала әкімдеріне жіберіледі.
Мемлекеттік рәміздер күніне орайоблыстық іс-шараларжоспары, бекітіліп, іске асырылды. Мемлекеттік рәміздерді кеңінен насихаттау бойынша онлайн, оффлайн форматта 150-ден астам патриоттық іс-шараларұйымдастырылды. 4 маусымда сағат 11.00-де облыстағы мемлекеттік мекемелерде бір мезгілде Мемлекеттік Гимн орындалды
Этносаралық қатынастар туралы
Облыс аумағындағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты бақылауда, мониторинг жасалып, мәліметтер апта сайын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолдануда.
Сәуір айында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің «Тәуелсіздігім - тірегім!» онлайн конференциясы өтті. Конференцияға аудандық, қалалық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары мен қызметкерлері, барлық деңгейдегі Қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары және БАҚ өкілдері қатысты. Еңбекшіқазақ, Талғар, Алакөл аудандары мен Текелі қаласының қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары атқарылған жұмыстары мен шешімін тапқан мәселелермен бөлісіп, келешекте атқарылатын жоспарлары талқыланды.
23 сәуірде Қоғамдық келісім кеңесінің қызметін жандандыру мақсатында ZOOM платформасы арқылы дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шараға аудандық, қалалық Қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары Қапшағай қаласынан А.Беспаев, Ақсу ауданынан А.Айтпаев, Кербұлақ ауданынан Х.Ашаханов, Кеген ауданынан С.Досымбековтар баяндама жасап, атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Шара соңында, аудан, қала, ауылдық округтердің кеңестері жұмысын жүзеге асыру бойынша сұрақтарға жауаптар беріліп, ұсыныстары тыңдалды.
Мамыр айында ZOOM платформасы арқылы этносаралық коммуникация және ұлттық бірегейлікті сақтау мақсатында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми - сараптамалық тобының «Этносаралық коммуникация мен өзара іс-қимылдың жаңа тетіктері мен тенденциялары» ғылыми-әдістемелік оқыту семинары өткізілді. Семинарға облыстық ҚХА жанындағы ғылыми - сараптамалық топ мүшелері, барлығы 37 адам қатысты. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «Рухани жаңғыру» ғылыми-білім беру орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, ғылыми-сараптамалық топ төрағасының орынбасары Н.Байғабатова баяндама жасады.
Жалпыреспубликалық «Асар» қайырымдылық акциясы аясында Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 76 жылдығына орай, барлық аудан, қалаларда ҚХА өкілдері ардагерлермен, тыл еңбеккерлерімен кездесулер ұйымдастырып, ардагерлердің үйлеріне барып, мерекелерімен құттықтап, естелік сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыстады.
Медиацияны дамыту мақсатында мамыр айында «Мектеп медиациясы» тақырыбында онлайн семинар-тренинг ұйымдастырылды. Іс-шараға мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психологтар, әлеуметтік оқытушылар, кәсіби және қоғамдық медиаторлар, БАҚ өкілдері қатысты.
Этностық топтардың өкілдері арасындағы мектеп жанжалдарын шешуге, девиантты, агрессивті мінез-құлық пен білім беру ұйымдарындағы ұлтаралық бұзақылықтың дамуындағы зиянды және қауіпті тенденциялармен күресуге бағытталған семинар-тренингті кәсіби медиатор Б.Чингаева жүргізді.
4-5 маусымда «Алматы облыстық славян қозғалысы» қоғамдық бірлестігі Қазақстанда тұратын ресей отандастарының «30 лет Независимости – 30 лет созидательной дружбы, взаимного доверия и сотрудничества» есеп беру – сайлау конференциясын Қапшағай қаласында өткізді. Конференцияға Ресей Федерациясынан «Московский дом соотечественников», «Фонд защиты прав соотечественников» ұйымдарының өкілдері, өңірлерден үйлестірушілер мен делегаттар қатысты. 4 өңірдің атқарылған есептері тыңдалып, жаңа құрам бекітілді, Ережеге толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.
Есепті кезеңде «30 игі іс» республикалық қайырымдылық марафоны аясында Алматы облысы бойынша облыстық ҚХА, меценаттар, Аналар, Қоғамдық келісім кеңестері, аудан, қала волонтерлер тарапынан 400-ден астам қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылып 50 млн. астам теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді. Өткізілген қайырымдылық шаралары барысында аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, мүгедектерге, қарттарға, ардагерлерге және т.б. азық-түлік, дәрі-дәрмек, бетперделер, антисептикалық, гигиеналық қорғану заттары таратылды.
Жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында 128 мақала жарияланды, оның ішінде 12 республикалық, 41 – облыстық, 75 - аудандық деңгейде. Телеарналарда 78 сюжет шықты, онын ішінде республикалық «Қазақстан», «Хабар24», «Астана», «Алматы» - 11, «Жетісу» телеарнасында - 67, оның 37-сы - қазақ тілінде, 41-і - орыс тілінде.
Интернет ресурстарда - 198 жарияланым, оның ішінде 65 - республикалық, 80 - облыстық және 53 – аудандық деңгейде. Республикалық Қазақстан халқы Ассамблеясының сайтында - 35, өңірде - 68, әлеуметтік желілерде – Facebook – 190, Instagram парақшасында – 190 жарияланым шықты.
Облыс аумағындағы аудан, қалаларға қоныстанған Қандастар қауымдастығының 98 көшбасшылары мен әлеуметтік желіде 22 белсенділері туралы деректер базасы жинақталып, кітапша шығарылды.
Бүгінгі таңда облыс аумағындағы қоғамдық-саяси жағдай қалыпты, облыстағы этносаралық қатынастар мәселелері жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында.
Үкіметтік емес ұйымдардың қызметі туралы
Облыстық Әділет департаментінен алынған мәліметтерге сәйкес облыста 920 үкіметтік емес ұйым тіркелген, оның ішінде қоғамдық бірлестіктер - 588, қоғамдық қорлар – 290, заңды тұлғалар бірлестіктері – 42.
Өңірдегі ҮЕҰ қызметінің негізгі бағыттары: халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау-94, жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау – 70, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау - 58, азаматтардың денсаулығын қорғау, гендерлік саясат - 38, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту-31 және т.б.
Жұмыс істеп тұрған ҮЕҰ ең көп саны Талдықорған қаласында (191), Қарасай (46), Талғар (45), Іле (27), Еңбекшіқазақ (26) аудандарында орналасқан.
Жұмыс істейтін ҮЕҰ ең аз саныРайымбек (2), Балқаш (2) аудандарында орналасқан.
Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне есептік 2020 жылы ҮЕҰ Дерекқорына өңірдің 462 ҮЕҰ (2020 жылы – 396 ҮЕҰ, 2019 жылы - 385 ҮЕҰ 2018 жылы – 394 ҮЕҰ) өз деректерін ұсынды.
Ағымдағы жылдың 25 мамырында ҮЕҰ Дерекқорына өз мәліметтерін уақтылы немесе толық ұсынбағаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 489-1-бабына сәйкес 4 ҮЕҰ әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бүгінгі күні облыстағы ҮЕҰ-ны дамыту мен олардың өзара іс-қимылының негізгі тетігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс болып табылады.
2021 жылы салалық принцип бойынша 305,2 млн.теңге сомасына мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бөлінді (2020 жылы 282,5 млн. теңге, 2018, 2019 ж.ж. 253,5 млн. тг. бөлінді), 4 облыстық басқарма жүзеге асырады (ішкі саясат басқармасы (70,0 млн.тг.), жастар саясаты мәселелері басқармасы (76,0 млн.тг), дін істері басқармасы (24,2 млн. тг.), білім басқармасы (10,0 млн. тг.), 17 аудандық және 3 қалалық ішкі саясат бөлімдері (100,0 млн. тг.), сондай-ақ Талдықорған қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі (25,0 млн. тг.).
114 жобаны (лоттарды) іске асыру жоспарланған (2020 жылы - 99 лот, 2019 жылы - 117 жоба, 2018 жылы - 136 жоба іске асырылды).
Жобалардың басым бағыттары: жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау – 15 жоба, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту – 13 жоба, отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесу – 11 жоба және т. б.
Сондай-ақ, облыста ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жасау мақсатында кеңестер мен форумдар түрінде 40-тан астам диалогтық алаңдар жұмыс істейді.
Ақпараттық сүйемелдеу туралы
2021 жылдың басынан облыс бойынша 193 БАҚ тіркелген, оның ішінде 150 – мерзімді баспа басылымдары, 7 – электрондық, 36 – Интернет БАҚ.
Ішкі саясат басқармасы тұрақты негізде 17 мемлекеттік аудандық, 3 қалалық баспа басылымдарымен және облыстық «Жетісу» телеарнасымен жұмыс жүргізеді.
Мемлекеттік ақпараттық тапсырысты іске асыру мақсатында республикалық бұқаралық ақпарат құралдарымен "Закон" ақпараттық порталдары, "Хабар 24", "Евразия", "СТВ", «Алматы» республикалық телеарналары, "Егемен Қазақстан", "Казахстанская правда", "Время", «Айқын», «Литер» газеттері және т. б. арасында шарттар жасалды.
Пандемия жағдайында карантиндік шараларға қатысты жарияланымдарды, хабарламаларды, фотосуреттер мен бейнематериалдарды бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстары арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Облыстық газеттерде карантин режимі енгізілгеннен бері «Селектор», «Рейд», «Covid-19», «Індет», «Здоровье», «Актуально» айдарларымен 1 тоқсанда 234 ақпараттық мақалалар жарияланды. Оның ішінде облыс көлемінде коронавирусқа қарсы вакцинациялау барысы туралы: «Коронавирусқа қарсы екпе науқаны басталды, Басқа жол жоқ: Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарға үндеу жасады, Ауданда вакцина егу науқаны басталды» және т.б. мақалалар.
Облыстық «Жетісу» телеарнасының «Жаңалықтар/ Новости» хабарларынан 9сюжет шығып, «Ковид шолу»/«Ковид обзор», «Онлайн сұхбат», «Карантин», «Дәрігер кеңесі» бағдарламалары эфирден шықты.
«COVID-19» қарсы вакцинация бойынша инфографикалар мен 598 ақпараттық-түсіндірмелік материалдары өңірлік баспа басылымдары мен «Instagram»,«Facebook», «ВКонтакте» және т.б. әлеуметтік желілерінде жарияланды.
Оның ішінде өткен аптада «Covid-19» жұқтыру қаупін төмендету мақсатында «Бес алтын ереже» инфографикасы әзірленіп, барлық әлеуметтік желілерге кеңінен таратылды. Облыстық «Жетісу», «Огни Алатау», аудандық, қалалық баспа басылым беттерінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы логотипімен «Тұғырлы Тәуелсіздігім...», «Тәуелсіз елім – тірегім» «Тәуелсіздік шежіресі» атты жаңа айдарлар ашылып, 500-дей мақалалар жарияланды. «Жетісу»телеарнасында 2 деректі фильм көрсетілуде. «JETISÝ MEDIA» ақпараттық алаңында өңірді дамытудың барлық салаларын қамтитын 124 баспасөз конференциясы, 21 баспасөз туры жоспарланған.
Аудан, қалаларда Ел Тәуелсіздігі тақырыбына арналған 127 билборд орналастырылды.
Ішкі саяси бағыттар бойынша жоспарлау туралы
Ішкі саясат саласындағы мемлекеттік саясатты жүйелі түрде жүргізу, өткізілетін шаралардың саяси-идеологиялық бірегейлігіне қол жеткізу мақсатында мемлекеттік ұлттық мерекелер, қоғамдық-саяси маңызды іс-шаралар жоспарланып, іске асырылды.
Өңірде ішкі саясат саласындағы жұмыстарды жоспарлау, ұйымдастыру, жүйеге келтіру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды.
Осы бағытта Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының 2021 жылға арналған іс-қимыл жоспары әзірленіп, бекітілді.
Алматы облысында 2019 жылғы 30 қыркүйектегі Президенттің Жарлығына және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу Тұжырымдамасына сәйкес облыста, аудандар мен қалаларда өңірлік комиссиялар құрылып, іс-шаралар жоспарлары әзірленіп, бекітілді.
Тәуелсіздік мерейтойын дайындау және оны өткізу жөніндегі ұйымдастыру комиссиясының отырысы облыс әкімі А.Баталов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Л.М. Тұрлашов, облыс әкімінің орынбасарыР.Алийдің басшылықтарымен өткізіліп, облыстық басқарма басшыларына, аудан, қала әкімдіктеріне, мекеме басшыларына тапсырмалар беріліп,ұйымдастыру шаралары қабылданды.
Коронавирус пандемиясы мен енгізілген карантиндік шараларға байланысты Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар жоспары тармақтарының орындалуы онлайн және оффлайн форматта өткізілуде.
Осы бағытта республикалық, облыстық іс-шаралар жоспарын іске асыруда Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму Министрлігіне апта сайын есептер жолдануда.
8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнін, Наурыз мейрамдарды мерекелеуге арналған облыстық жоспарлар әзірленіп, оған сәйкес жұмыстар атқарылды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын, Қазақстан Республикасының Астана күнін, Отан қорғаушы күнін және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнін, Астана күнін мерекелеуге арналған іс-шараларұйымдастыру және өткізу бойынша республикалық іс-шаралар жоспарларына сәйкес Қазақстан Республикасы төтенше жағдайына байланысты облыс көлемінде жоспарланған іс-шаралар онлайн форматтарда өткізілуде. Әлеуметтік желілерде онлайн құттықтаулар, концерттер, челлендж, тренинг пен вебинарлар т.б шаралар ұйымдастырылуда.
Жыл сайын қала және аудандар әкімдерінің орынбасарлары мен басқарма бастықтары үшін ішкі саясат мәселелері бойынша жиындар ұйымдастырылуда.
2021 жылғы 27 сәуірдегі № 170 қаулысына сәйкес аудандық, қалалық комиссияға қоса берілген нысан туралы 410 отбасы бірінші кезеңге қатысуға өтінім берді. Оның ішінде, облыстық комиссия отырысында 20 үздік отбасының 3-і іріктелді. Исабековтер отбасы «Мерейлі отбасы» республикалық ұлттық байқауына қатысады.
Ішкі саясат саласындағы талдау және мониторинг
жұмыстары туралы
Әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және оны тереңдеп талдау арқылы стратегиялық шешімдер қабылдауды қолдау мақсатында «Талдау және болжау» орталығы жұмыс істейді.
«Талдау және болжау» орталығы дағдарыстық не болмаса төтенше жағдайларды басқару, күнделікті жедел сараптау, Алматы облысының әлеуметтік-саяси жағдайын және әлеуметтік-экономикалық дамуын талдау және болжау, социологиялық және интернет сауалнама жүргізу, фокус-топтық пікірталас ұйымдастыру, жасырын процестерді анықтау бойынша сараптамалық талқылаулар, әлеуметтік және саяси шиеленістер тудыратын себептер мен факторларды қабылдау сынды шешімдерді жүзеге асырады.
Жыл басынан әлеуметтік зерттеулердің сұрақтарын әзірлеп, іріктеу жиынтығы бойынша 2490 респондентті қамтыған сандық, онлайн, телефондық сауалнамалар және тереңдетілген сұхбат жұмыстары жүргізілді.
Аудандық, қалалық әкімдіктерден әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және алдын алу мақсатында өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал туралы апта сайын ақпарат алынады.
Кадр жұмысы бойынша
2021 жылға облыстық ішкі саясат басқармасының штат санының лимиті 19 адамды құрайды, оның ішінде басқарма басшысы – 1, басқарма басшысының орынбасары – 2, бөлім басшысы – 6, бас маман – 9, жетекші маман – 1.
Басқарманың барлық қызметкерлерінің білімі жоғары, оның ішінде: педагогика ғылымдарының кандидаты – 1, екі жоғары білімі бар – 5. Қызметкерлердің орта жасы – 40, ерлер – 5, әйелдер – 14. Басқармада 3 жылдан астам істеген қызметкерлер саны – 12 адам.
2021 жылғы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау жоспарына сәйкес 3-уі оқу курстарынан өтті.
Облыстық ішкі саясат
басқарма басшысы Р. Есдәулетов