Басқарма басшысының Жетісу облыстық газетіне берген мақаласы.

Басқарма басшысының Жетісу облыстық газетіне берген мақаласы.

Қазақ елі ғана емес әлемнің алпауыт мемлекеттерінің барлығы үлкен сынаққа ұшырады. Экономикалық өсімнің төмендеуі салдарынан халықтың өмір сүру деңгейі өзгерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер кезінде қабылдаған шешімдерінің арқасында Қазақстан індетке тосқауыл бере білді. Дегенмен де күрес әлі тоқтаған жоқ. Сол үшін де «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдаудың маңызы зор. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дегендей барлығымыз жұмылған жұдырықша қарқынды қызмет етуіміз керек.

Ел Президеті Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда: «Менің тапсырмам бойынша мемлекеттік органдардың сатып алу жүйесін жақсарта түсетін жаңа заң қабылданды. Бірақ ұлттық компаниялардың сатып алу жүйесі әлі де болса ашық емес және оған қатардағы кәсіпкерлердің қолы жете бермейді. Жыл соңына дейін квазимемлекеттік сектордың барлық сатып алу жұмыстарын реттейтін біртұтас заң қабылдауды тапсырамын. Реттелетін барлық сатып алулар барынша ашық және «Бір терезе» арқылы ғана жүзеге асырылуға тиіс», – деп тапсырма берген еді. Сонымен қатар халықты жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл аударды. Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы қазақстандық кадрлардың, отандық құрылыс компаниялары мен құрылыс материалдарын өндірушілерге үлкен мүмкіндік берді. Аталмыш бағдарлама шеңберінде биыл облыс бойынша 1051 жобаны іске асыру жоспарланған. Ағымдағы жылдың 15 қазандағы жағдай бойынша 1051 жобаның 1043-і бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімі іске асып, қалған 8 жоба бойынша конкурстық рәсімдер өтуде.

Мемлекеттік сатып алу порталынан алынған деректерге сәйкес бүгінде жасалған келісім-шарттар бойынша жергілікті қамту үлесінің көрсеткіштері 1051 жобаның 731-де көрсетілген және жалпы 64 пайызды құрайды. Аталған көрсеткіштерді жоғарылату мақсатында басқарма тарапынан тұрақты түрде облыстың тапсырыс берушілерімен тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда: «Шетелдің арзан әрі сапасыз тауарлары отандық өнім ретінде ұсынылып, сатып алу конкурстарында жеңіп шығатын кездері жиі болып тұрады. Отандық өнім өндірушілердің тізімі де, индустриалды сертификаттар да жалған өндірушілерге нақты тосқауыл қоя алмай отыр. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жыл соңына дейін Қазақстанның қамту үлесін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлейді. Осы салаға қатысты ортақ міндет – өңдеу өнеркәсібінің өндірісін бес жыл ішінде кем дегенде 1,5 есе арттыру», – деп бір ғана өнеркәсіп саясаты арқылы индустриаландыру ісін айтарлықтай ілгерілетуге қол жеткізе алмайтынымызды айтты. Сондай-ақ, ақша-несие, салық және басқа да негізгі салалардағы саясаттың нақты сектор сұранысынан алшақтап кетпеуінің маңызы зор екендігіне ерекше тоқталды. Осы аталған мәселелерді басшылыққа алып бірқатар жұмысты қолға алдық. Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан биылғы жылдың 05 қазаны жағдайы бойынша мемлекеттік сатып алудың облыстық бірыңғай ұйымдастырушысы ретінде 559 мемлекеттік сатып алу процедуралары өткізілді. Сонымен қатар, 32 лот бойынша мемлекеттік сатып алу процесі бойынша қазіргі уақытта құжаттарды қарастыру кезеңі жүргізілуде. Барлық лоттар бойынша мемлекеттік сатып алулардың рәсімдері уақытылы және ҚР-ның заңнамаларының талаптарына сәйкес өткізілді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы назарға ұсынған мәселерді шешу арқылы Қазақстан қарқынды дамып, басқа елдермен бәсекеге түсу қабілеті артады. Сондықтан ел экономикасын өркендету жолында аянбай еңбек етуге тиіспіз. Осы арқылы мына індеті де еңсеріп, дамудың даңғыл жолымен жүре бермекпіз.

 

Ермек Әмірғалиев,

Облыстық мемлекеттік сатып алу
басқармасының басшысы