Құрметті аудан тұрғындары! Ардақты ардагерлер! Баршыңызды Ұлы мереке – Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Құрметті аудан тұрғындары! Ардақты ардагерлер! Баршыңызды Ұлы мереке – Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Ұлы Жеңіс – халқымыздың қажымас қайратының, батыр бабаларамыздың ерлігі мен еңбегінің арқасында келді. Қан майданда Отан үшін оққа кеудесін тосқан әкелеріміздің ерлігін, тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбектерін ұмытпау біздің перзенттік парызымыз. Сондықтан да, осы қасиетті де қасіретті мерекеде соғыста қаза тапқан боздақтарды еске алып, арамызда жүрген ардагерлерімізді құрметтеуге асығамыз.

Ер жігіттің құл болмай, ару қыздың күң атанбай, халықтың бейбіт еңбекке, бірлікке қол жеткізгені үшін біздер бүгінде арамызда жоқ соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне қарыздармыз!

Ауданымыздың майдангерлері де Отан үшін ұрыстарда ерен ерлік үлгісін көрсетті. Брест қамалының қаһарманы, қазақтың тұңғыш партизаны Нарынқол ауылының тумасы Нұрым Сыдықов ерлігі үшін Қызыл Ту, 2 жауынгерлік Қызыл Жұлдыз, ІІ-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және Польша мемлекетінің Қаһарман Кресі орденімен марапатталды. Майдангер жазушы-журналист Әлнұр Мейірбеков атамыздың өмір жолдары жастарымыз үшін үлгі-өнеге. Данқ орденінің толық иегері Бейқұтбай Дембаев, Даңқ орденінің 2 дәрежесінің иегері Күмісбек Тастанбеков, 1945 жылы Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысқан Қылыш Шәкіров, Атамқұл Шыңдалиев, Шоғанбай Мұсаев, Анатолий Строгонов және барлық майдангерлер мен тыл еңбекерлерінің ерліктері мен қажырлы еңбектерін біз ешқашан ұмытпаймыз.

Еңбек армиясында болған және тылда еңбек еткен әкелеріміз бен шешелеріміздің көбі жандарына соғыс салған жарадан, адам айтқысыз ауыр еңбектен денсаулықтары сыр беріп, өмірден ерте өтті. Қаншама боздақ Жеңіс күніне жете алмай, қыршынынан қиылды. Қаншама арман мен үміт ұрыс даласында жер бауырлап қалды. Жеткендерінің алды бүгін тоқсаннан асқан, соңы сексеннің сеңгіріне шыққан ақ жаулықты әжелер мен аталар. Жас ұрпақ сіздердің алдарыңызда борышты.

Құрметті аудан тұрғындары!

Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге бақыт-береке, ашық аспан, еңбектеріңізге мол табыс, отбастарыңызға амандық пен шаттық тілеймін!

Құрметпен, Райымбек ауданының әкімі Құдайбергенов Нұржан Кеңесұлы