GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қызметі
Әкім аппараты
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпарат
Құжаттар
Онлайн қабылдау
Все материалы
21 октября 2026
Республика күні: Қонаевта 10 түрлі тәтті тоқаш шығаратын кәсіпорын өз жұмысын бастады

Республика күні қарсаңында Қонаев қаласының кәсіпкері Мұрат Сіргебаев «Д.С.К.К» ЖШС-мен бірлесіп, 10 түрлі тәтті тоқаш шығаратын өнеркәсіп орнын ашты.

Бұған дейін Мұрат Сіргебаев «МС» брендімен қалада ретрокөліктер салонын, әскери техникалар салонын, кафе, автокөлік жуатын орын, техникалық қызмет көрсету орталығын ашқан. Енді ол тағы бір саланы игеруге көшкен.

Жаңа кәсіпорынның негізін қалауға 250 млн. теңге қаржы құйылған. Қазір мұнда 10 түрлі тәтті тоқаш шығаратын 1 желі жұмыс істеп тұр. Жобаның қуаттылығы күніне 300-400 келі, айына 9000-10000 келі өнім өндіруге жеткілікті.

Алдағы уақытта халықтың сұранысына қарай, кәмпит, сусын немесе басқа да тәтті тоқаш түрлерін өндіретін желілерді іске қосу жоспарлануда.

«Өнім «Mirlan» атауымен алыс-жақын қалаларға, осы Қонаев қаласындағы дүкендерге жіберілуде. Қазірдің өзінде серіктес болуға әртүрлі компаниялардан ұсыныстар түсіп жатыр. Халықтың сұранысына қарай, өндірісті кеңейтеміз деп жоспарлап отырмыз», – деді «Д.С.К.К» ЖШС директоры Серік Құржанбай.

Ал Мұрат Сіргебаев өнімнің халыққа қолжетімді бағада сатылуын және сапалы болуын негізгі мақсат еткенін атап өтті.

«Зауыт Республика күні қарсаңында іске қосылғанына қуаныштымыз. Аспанымыз ашық, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Баршаңызды алда келе жатқан айтулы мерекемен құттықтаймын!» – деді ол.

Айта кетейік, Қонаевта 18 кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы жылдары балық зауыты, үш түрлі өнім (құрама жем, күнбағыс майы, ұн) шығаратын ірі өндіріс ошақтары іске қосылды.

21 октября 2026
Қонаевта құтқарушылар марапатталды

Қонаев қаласында Құтқарушылар күніне орай салтанатты жиын өтті.

Жиында қала әкімі Асхат Бердіханов құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың адам өмірі мен қауіпсіздігін қорғаудағы еңбегін атап өтті.

«Құтқарушы болу – үлкен жауапкершілікті, батылдық пен табандылықты талап ететін абыройлы мамандық. Сіздер күн сайын адам өмірі мен қауіпсіздігін қорғап, қиын сәтте көмекке келіп, талай жанға үміт сыйлап жүрсіздер. Қауіп-қатерге қарамастан, азаматтардың өмірін сақтап қалу жолындағы қызметтеріңіз әрдайым құрметке лайық», – деді қала әкімі.

Сондай-ақ ол құтқарушыларға адал қызметі үшін қала тұрғындары атынан алғыс білдіріп, отбасыларына амандық пен бақ-береке, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Салтанатты жиында шаһар басшысы Қонаев қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының және №1 өрт сөндіру бөлімінің 15 қызметкерін марапаттады. Сонымен қатар «Халық үшін» қоғамдық қорының директоры Сергей Горяной 5 құтқарушыға арнайы сертификаттар табыстады.

Іс-шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

21 октября 2026
«Дипломмен ауылға»: Қонаевта жас маман Республика күні қарсаңында үйлі болды

Анар Болымбай Кербұлақ ауылы №7 орта мектептің дефектолог-логопед маманы. Ол биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысуға ниет білдіріп, Республика күні қарсаңында үйлі болды.

«Өзім осы Шеңгелді ауылдық округі Кербұлақ ауылында туып-өскем. Кейіннен ЖОО тәмамдап, ауылыма, еліме қызмет етуге қайтып оралдым. Мұнда жұмыс істеп жатқаныма 2 жылға жуық уақыт болды. Жылына 30-дан астам баланы қабылдаймын», – деді ол.

Жас маман қазір тұрмыста, екі баланың анасы. Бағдарлама арқылы 8 млн теңгеден астам қаржыға бюджеттік несие рәсімдеп, үй сатып алған.

«Туған жерімде еңбек етіп жүргеніме өте қуаныштымын. Барша ауыл тұрғындарын алда келе жатқан Республика күнімен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әр отбасыға баспаналы болу бұйырсын!» – деді Анар Болымбай сөзін қорытындылап.

Жалпы Қонаевта биыл 22 маманға көтерме жәрдемақы төлеуге 9 млн 515 мың теңге бөлініп, толық игерілді. Ал 8 маманды тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған бюджеттік несиеге 69 млн 200 мың теңге қарастырылған. Бір маманға берілген көтерме жәрдемақы мөлшері – 100 АЕК, яғни 432 500 теңге, ал тұрғын үй сатып алуға арналған бюджеттік несие мөлшері 2 000 АЕК-ті (8 млн 650 мың тг.) құрайды.

Қазіргі таңда бюджеттік несие есебінен 1 маман тұрғын үй сатып алды. Тағы 3 маманның құжаттары рәсімделуде, 3 маман несие алу кезегінде тұр.
           
Жоба ауылдағы білім беру, денсаулық сақтау және өзге де салаларға қажетті мамандарды қолдап, олардың еңбек етуіне және тұрмыс жағдайының жақсаруына ықпал етуде.

САЙЛАУ
14 октября 2026
Мәслихат-2026

МӘСЛИХАТ - 2026

09 октября 2026
Халық қатысатын бюджет: теміржол көпірінің аумағы абаттандырылуда

Қонаев қаласында тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында Сейфуллин көшесіндегі теміржол көпірінің астындағы аумақ абаттандырылып, демалыс пен серуендеуге арналған орынға айналмақ.

Бұл аумақ қала тұрғындары жиі пайдаланатын жаяу жүргіншілер жолдарының бірі саналады. Күн сайын бұл жерден кемінде 200–300 адам өтеді. Алайда, бұған дейін аумақта қоқыс жиналып, айналасы ретсіз күйде болған. Енді мұнда тұрғындар мен қала қонақтарына арналған жайлы орта қалыптастыру көзделіп отыр.

Құрылыс жұмыстарының барысымен Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов танысты. Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолдары заманауи жабынмен төселіп, орындықтар, қоқыс жәшіктері және шағын сәулеттік нысандар орнатылады. Сонымен қатар жарық жүргізіліп, көгалдандырылады.

Жобаның ерекшелігі – тұрғындардың үй жануарларымен серуендеуіне де жағдай жасалмақ. Осы мақсатта иттерді қауіпсіз серуендетуге арналған қоршалған арнайы алаң салынып жатыр. Онда жануарларды жаттықтыруға арналған кедергілер, төбешіктер мен басқа да арнайы құрылғылар орнатылады. Сондай-ақ алаңды пайдалану ережелері көрсетілген ақпараттық тақтайшалар қойылады.

Жоба бойынша көпір астындағы серуендеу аймағының ауданы 2 352 шаршы метрді, ал иттерді серуендетуге арналған алаңның ауданы 752 шаршы метрді құрайды. Жалпы абаттандырылатын аумақ – 3 104 шаршы метр.

Жалпы «Халық қатысатын бюджет» жобасының шеңберінде биыл 16 аумақ абаттандырылуда. Оның ішінде аулаларда балалар алаңдарын, жаттығу алаңдарын және саяжайда аллея салу көзделген. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.

02 октября 2026
Қонаевта «Smart Teacher Qonaev-2026» жобасының қорытындысы шығарылды

 

Қонаевта жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізуге бағытталған «Smart Teacher Qonaev-2026» жобасының қорытындысы шығарылды. Ұстаздар күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шара қаланың орталық алаңында өтті.

Жобаға 12 мектеп пен 13 мектепке дейінгі білім беру ұйымы қатысты. Бірнеше ай бойы педагогтер сабақ әзірлеу, оқу материалдары мен жеке тапсырмалар дайындау кезінде цифрлық құралдарды қолдану бағытында тәжірибе жинақтады.

Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов заманауи технологиялар білім саласына жаңа мүмкіндіктер беретінін атап өтіп, педагогтің міндеті – оларды тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалану екенін айтты.

«Smart Teacher Qonaev» жобасы білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні тиімді әрі жауапты қолданудың жаңа мүмкіндіктерін ашты. Бұл – педагогтердің жаңашылдыққа ұмтылысының айқын көрінісі», – деді Асхат Бердіханов.

Жобаның негізгі бағыттарының бірі – оқушылардың жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдануын қалыптастыру. Ұстаздардың айтуынша, нейрожелілер білім алуға көмектескенімен, баланың өз бетінше ойлауын алмастырмауы тиіс.

«Тапсырмалар баланы талдауға, ақпарат іздеуге және өзіндік қорытынды жасауға ынталандыруы керек. Жасанды интеллект адамның ойлау қабілетін алмастырмай, тек көмекші құрал болғаны дұрыс», – дейді Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясының мұғалімі Асия Қарақойшинова.

Жоба қорытындысы бойынша үздік білім беру ұйымдары бірнеше номинациямен марапатталды. Қазақ орта мектеп-лицейі «Жылдың цифрлық серпілісі», ал орта мектеп-гимназиясы «Smart көшбасшы мектебі-2026» номинацияларында үздік атанды.

Жоба Қонаевтағы білім беру саласын цифрландырудың жаңа технологияларды меңгерумен ғана шектелмейтінін көрсетті. Бұл үдерістің өзегінде оқушыға ақпарат алуды ғана емес, өз бетінше ойлауды үйрететін педагог тұр.

02 октября 2026
Қонаев: Шеңгелдіде ауыз су желілері жаңартылады

Қосқұдық ауылының тұрғындарымен кездескен Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Шеңгелді ауылдық округіндегі инфрақұрылымды дамыту жоспарларын таныстырды. Кездесуде ауыз сумен қамту, газдандыру, жол, абаттандыру және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері талқыланды.

Басты жобалардың бірі – Шеңгелді, Кербұлақ және Сарыбұлақ ауылдарындағы ауыз су желілерін қайта құру. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, биыл жұмыстарды бастау жоспарланған. Реконструкция сумен қамту жүйесінің тұрақтылығын арттырып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.

«Тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Үш ауылдағы желілерді жаңғырту арқылы сумен қамту жүйесінің сенімділігін арттыру көзделіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады», – деді Асхат Бердіханов.

Инфрақұрылымды жаңарту аясында округтегі елдімекендердің сыртқы жарықтандыру жүйесін кеңейту де жоспарланған. Шеңгелді, Кербұлақ, Сарыбұлақ, Ақөзек және Қосқұдық ауылдарындағы 88 көшеге ұзындығы 68,3 шақырым жарық желісін салу жобасы әзірленді. Қазіргі уақытта құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтіп, қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.

Қоғамдық көлік инфрақұрылымын жақсарту бойынша биыл округтің бес елдімекеніне 21 жаңа автобус аялдамасы орнатылды. Балаларға арналған инфрақұрылым да кезең-кезеңімен жаңартылуда. Шеңгелдідегі екі көшеде ойын алаңдары орнатылды. Тағы бірі Кемел Тоқаев көшесінде салынып жатыр. Қосқұдық, Кербұлақ және Сарыбұлақ ауылдарында да ойын және спорт алаңдары орнатылып, қолданыстағы нысандар жөндеуден өтуде.

Қауіпсіздік бағытында да нақты жұмыстар қолға алынған. Демеушілердің қолдауымен Шеңгелді ауылында екі өрт сөндіру техникасына арналған жаңа бекет салынды. Нысанда арнайы техникаларға арналған орын, жеке құрамның демалыс бөлмесі, оқу сыныбы және жаттығу алаңы бар.

Ал қоғамдық тәртіпті күшейту және жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыру үшін округ аумағына 66 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған. Қазір камералар қойылатын орындар анықталып, қажетті жабдықтар сатып алынуда.

Газдандыру да тұрғындар көтерген негізгі мәселелердің бірі. Шеңгелді ауылына дейін автоматтандырылған газ тарату станциясын салу жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Сонымен қатар ауылдарда ішкі газ желілерін тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

Кездесудің екінші бөлігінде тұрғындар қала әкіміне өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізді. Газ сатып алу, ауылішілік жолдардың жағдайы және теміржол бойындағы жаяу жүргіншілер жолын жөндеу жөніндегі ұсыныстар айтылды.

Қала әкімі көтерілген мәселелердің әрқайсысы жауапты бөлімдермен бірлесіп қаралатынын атап өтіп, оларды шешу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілетінін жеткізді.

30 сентября 2026
Шеңгелдіде заңсыз қоқыс үйінділері жойылып, 1200 тонна қалдық шығарылды

«Таза Қазақстан» акциясы Шеңгелді ауылдық округінде жалғасуда. Елдімекендер аумағында жылдар бойы жиналған заңсыз қоқыс үйінділері кезең-кезеңімен тазартылып, бүгінгі таңда жалпы 1200 тонна қалдық шығарылды.

Бұған дейін Кербұлақ пен Сарыбұлақ ауылдарындағы стихиялық қоқыс орындары тазартылса, қазір жұмыстар Ақөзек елдімекенінде жүргізіліп жатыр. Заңсыз қоқыс орындары геопортал арқылы анықталып, белгіленген аумақтар толықтай тазартылған.

«Жалпы, соңғы он жылда жиналған 1200 тонна қоқыс шығарылды. Геопортал арқылы анықталған заңсыз қоқыс үйінділерінің барлығы жойылды», – деді Шеңгелді ауылдық округі әкімінің орынбасары Жомарт Аимбетов.

Оның айтуынша, тазалық тек елдімекендермен шектелмейді. Туристік маусым кезінде сорғы станцияларының аумақтары мен жағалау белдеуі тұрақты түрде тазартылып отырған.

«Күнделікті ауылдарды тазартуға 3 техника және 20-ға жуық қызметкер тартылған. Бұл жұмыстар аумақтың санитарлық жағдайын тұрақты бақылауда ұстауға мүмкіндік береді», – деді ол.

Сонымен қатар тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жүйесі де жолға қойылған. Шеңгелді ауылдық округінің тұрғындары «Қонаев Көркейту» мекемесімен келісімшарт жасасып, қоқысты үйлерінен арнайы техника арқылы шығара алады. Қызмет ақысы – бір тұрғынға айына 539 теңге. Зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған.

Округ әкімдігі заңсыз қоқыс орындарының қайта пайда болуына жол бермеу үшін тұрғындарды қоқысты белгіленген тәртіппен шығаруға шақырады.

14 сентября 2026
Қонаевтағы жеке тұрғын үйлерге 100-ден астам иіс газының датчиктері қойылады

Қонаев қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы әкімдік өкілдерімен бірге үйлерді аралауды бастады.

«Қауіпсіз қала» акциясы аясында ұйымдастырылған бұл іс-шара жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін сақтап, оқыс жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Алғашқы аралау Шеңгелді ауылында жүргізілді. Кейіннен мамандар Қонаев қаласындағы қатты отынмен жылытылатын үйлерге де барады.

Аралау барысында пешті дұрыс қолдану бойынша халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, иіс газын бірден сезетін құрылғылар орнатылып жатыр. Биыл Қонаев қаласы мен ауылдардағы үйлерде 100-ден астам датчик қойылады деп жоспарлануда.

Қонаев әкімдігі жылыту маусымына дайындық кезінде пештерді тазалап, қажет болған жағдайда уақытылы жөндеу жасауға кеңес береді.

10 сентября 2026
Биыл Қонаевта 6,5 шақырымнан астам жаңа газ желісі тартылды

Қонаевта көгілдір отынның инфрақұрылымын дамыту жалғасуда. 2 және 18-шағынаудандарда жаңа газ тарату желілері тартылып, 2 227 тұтынушыға табиғи газға қосылуға мүмкіндік жасалды. Оның 945-і бүгінде газға қосылған.

2025-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында газбен жабдықтау жүйесін дамытуға 38 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. 2-шағынауданда төмен қысымды 4,5 шақырым газ желісінің құрылысы аяқталды. Мұнда орналасқан 36 үйдің 26-сы газға қосылған. Қалған үйлердегі ішкі монтаж жұмыстары жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталады деп жоспарлануда. 18-шағынауданда да 2 шақырымнан астам газ желісі салынды.

«Бұрын газ баллонын 4 мың теңгеге сатып алып, жеткізуді күтетінбіз. Ол кешкі уақытта таусылып қалса, таңға дейін күтуге тура келетін. Қазір оны тәуліктің кез келген уақытында – түнде де, күндіз де пайдалана аламыз», – деді тұрғын Есенгүл Абдраимова.

1 шілдеден бастап тауарлық газдың көтерме бағасы өзгерді. Бұл ретте, салалық Департаментте атап өткендей, кәсіпорынның газды тасымалдауға арналған тарифтері соңғы бес жылда өскен жоқ.

«Халық үшін сараланған тариф қолданылады. Газдың құны ҚҚС-пен бір текше метр үшін 56,07 теңгені құрайды, бұл – кәсіпорын бойынша тауарлық газдың орташа бағасынан (76,84 тг) төмен», – деді Алматы облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Гүлмира Өтегенова.

Газбен жабдықтау жүйесін дамыту алдағы уақытта да жалғасады. 2027–2028 жылдарға жабдықтарды жаңғырту және арнайы техника сатып алу жоспарланған. Бұл мақсаттарға шамамен 35 млн теңге қарастырылады.

Социальные сети
facebook
Instagram
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы