
Берекелі шаңырақ: 50 жылдық алтын той
Наурыз мерекесінің онкүндігі аясында тойланатын Шаңырақ күні – қазақтың отбасы құндылықтарын, ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін ерекше мереке. Бұл күні берекелі, өнегелі отбасыларға құрмет көрсетіліп, олардың үлгілі өмір жолы жас ұрпаққа өнеге ретінде айтылады.
Осы атаулы күнде Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова мен мәдениет саласының қызметкерлері 50 жыл бойы тату-тәтті ғұмыр кешкен жандарды арнайы құттықтады.
Қуаныш ата мен Анар апа 1977 жылы шаңырақ көтеріп, ғұмырларын бір-біріне сүйеу болып өткізген жандар. Қазір Қуаныш ата – 70, Анар апа – 69 жаста. Екеуі төрт бала тәрбиелеп, бүгінде 18 немере, 2 шөбере сүйіп отырған бақытты отбасы. Қуаныш ата кезінде көлік жүргізушісі болса, Анар апа – балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып еңбек еткен. Олардың ауызбіршілігі жарасқан, сыйластыққа толы өмірі – кейінгі буынға үлгі. Мереке құрметіне өнерпаздар ардақты ата-әжеге ән-күй арнап, қуаныштарын бөлісті.
Түленде ата мен Ханике апа 1973 жылы отбасын құрып, төрт перзент тәрбиелеп өсірген өнегелі шаңырақ. Түленде ата – тағдырдың талай сынағынан өткен, еңбекқор жан. Ресейде дүниеге келіп, соғыс жылдарында жеті жасынан бастап колхозда еңбек еткен. Мамандығы – бухгалтер-экономист, 43 жылдық еңбек өтілі бар. Ол өміріндегі маңдай тер, адал еңбегі үшін «Ветеран труда», «Ұлы Жеңіске 65 жыл», «Ұлы Жеңіске 70 жыл», «Ұлы Жеңіске 75 жыл», «В ознаменование 100-летия со дня рождения В. И. Ленина» медальдарымен марапатталған. Ханике апа да – ұзақ жылдар білім саласында қызмет атқарған ұлағатты ұстаз.
Сәуле Нұрсолтанова ардақты отбасының шаңырағына арнайы барып, ақжарма тілегін арнап, қала әкімдігінің атынан құрмет көрсетті.
Шаңырақ күні – сыйластық пен мейірімге толы отбасылық құндылықтарды дәріптейтін, ұлттық болмысымызды айшықтайтын мереке. Бұл күнде жарасымды ғұмыр кешіп, ұрпағына ізгі тәрбие берген ата-әжелерге құрмет көрсетіліп, жас отбасыларға үлгі етіледі. Отан – отбасынан басталады демекші, берекелі шаңырақ – елдің тірегі, қоғамның іргетасы.