Әкімнің халықпен кездесуі: тұрғындарды қандай мәселе толғандырады?

Әкімнің халықпен кездесуі: тұрғындарды қандай мәселе толғандырады?

Әкімнің халықпен кездесуі: тұрғындарды қандай мәселе толғандырады?

Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов осыған дейін Ақөзек ауылының тұрғындарымен кездескен еді. Бұл жолы ол Восточный, Гүлдер, 8,10,12, 12А, 12Б шағынаудандарының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Алдымен шаһар басшысы халық алдында есеп беріп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтты.

Салалар бойынша тоқталсақ:

1. Көшелерді жарықтандыру

Биыл Қарлығаш, 12А, 12Б, Спутник шағынаудандарының жарықтандырылмаған көшелерін және аулаларын жарықтандыру жоспарланған. Қазіргі таңда көшелердің тізімі жасалып жатыр. Былтыр Рауан ы/а-дағы электр желілеріне ағымдағы жөндеу жасалса, ендігі бұл ауданның желілерін толық жаңғырту жобасының құжаттары әзірленуде.

2. Сумен жабдықтау

Қонаев қаласында ауыз су желілерінің жалпы ұзындығы 288 шақырымды құрайды, ал кәріз желілерінің ұзындығы – 171 шақырым. Желілердің тозу көрсеткішін азайту мақсатында 3 ірі жоба жүзеге асады деп жоспарлануда. Ал 8-10 ш/а-дағы құрылыс жұмыстары жақын арада аяқталады. 19,20,Спутник ш/а-да желілерді жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттаманың әзірленуі аяқталуда.

3. Көгілдір отынмен қамту

Тұрғын үйлерге көгілдір отын тарту мәселесіне келсек, 19,20,Арна, Спутник, Қарлығаш, Рауан ш/а газ құбырын жүргізу жобасы мемлекеттік сараптамадан өтті. Биылға 500 млн.теңге бөлінді. Құрылысқа тапсырыс беруші – Алматы облысының энергетика және ТҮКШ басқармасы.

4. Халықты баспанамен қамтамасыз ету

2024 жылы әлеуметтік осал топтағы 85 отбасыға пәтер кілттері табысталды. 4 апатты тұрғын үйден көшірілген 15 отбасы да қоныстойын тойлады. Ал биыл жекелеген санаттар үшін 80 пәтер берілді. Жыл соңына қарай тағы да 156 пәтер кілті табысталады деп жоспарланған.

5. Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту

Қазіргі таңда 8,10 шағынаудандардың 14,3 шақырым автомобиль жолдарына күрделі жөндеу жүргізілуде. Аяқталу мерзімі – 2025 жылдың 4 тоқсаны. Сонымен қатар «Көшпенділер қалашығына» дейін жаңа жол салу жоспарлануда. Ал Қарлығаш шағынауданының көшелеріне күрделі жөндеу жасалады деп күтілуде.

Баяндама оқылған соң, азаматтар бірқатар сұрақтарды көтерді. Оның бірі 12 шағынауданда жарықтың жиі өшуіне байланысты болды.

«Былтыр бұл проблема 8,10 шағынауданда да кездескен. Бюджеттен қосымша қаржы бөлмей, бірнеше трансформаторды жаңаладық, жаңа электр желілерін тарттық. Яғни, мәселе шешілді. Енді 12 шағынауданның электр желілерін жөндеу биылға жоспарланып отыр», - деп жауап берді әкім.

Сондай-ақ автобустардың жүру интервалын қысқарту мәселесі де көтерілді. Бұл сұрақ бойынша автопарк басшысы субсидия бөлу, қоғамдық көлікте қатынау тарифін есептеу жайында түсіндіріп өтті.

Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіхановтың халықпен кездесу уақыты алдын ала әкімдіктің ресми сайты мен әлеуметтік желілерде жарияланатын болады.