
Бүгін Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Шеңгелді ауылына барып, бірқатар нысанның жұмысымен танысты.
Алдымен ол мемлекет меншігіне қайтарылған ғимаратқа барды. Мұнда ол ауыл әкімі Мақсат Жазиевке нысанды тұрмыстық қызмет көрсету орталығына айналдыруға болатынын айтып, тиісті тапсырма жүктеді.
«Ауыл халқының әл-ауқатын көрсету мақсатында бұл ғимаратта қызмет көрсету орталығын ашуымыз қажет. Мұнда кәсіп ашуға ниетті кез келген адам жұмыс істей алады. Меніңше, бұл – өте жақсы мүмкіндік», - деді қала әкімі.
Сонымен қатар ол полиция пунктіне, кейіннен өрт сөндірушілер отыратын модульге кіріп шықты.
«Мына модульды жөндеуден өткізу керек. Аталған жұмыс жаз айларына дейін аяқталсын. Өрт сөндірушілер Қонаевтағы әріптестерімен тығыз байланыс орнатып, күнделікті есеп жолдап отырсын. Қызмет жүйелі болуы қажет, нысанның қазіргі жағдайы мен жұмыстың деңгейі қанағаттанарлықсыз», - деді Асхат Бердіханов.
Ауылдағы амбулаторияның күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Әкім нысанда мердігермен кездесіп, оны уақытылы қолданысқа беру қажеттілігін атап өтті.
Бұдан кейін шаһар басшысы қосалқы станциялар салынуы мүмкін аймақтар мен туризмді дамытуға әлеуетті демалыс орындарына барып қайтты.