Мереке қарсаңында 6 тұрғын Қонаев қаласының Құрметті азаматы атағын алды

Мереке қарсаңында 6 тұрғын Қонаев қаласының Құрметті азаматы атағын алды

Бүгін Мәдениет үйінде Республика күні аталып өтті. Жұртшылықты Ұлттық мерекемен Асхат Бердіханов құттықтады.

«Бұл күн Қазақстан Республикасының тарихында ерекше орын алады, себебі 25 қазан – біздің тәуелсіздігіміз бен мемлекетіміздің негізін қалаған күн. 1991 жылы еліміз өз жолын таңдап, азаттық пен бостандыққа қол жеткізді. Содан бері Қазақстанның әрбір азаматы елдің дамуына, гүлденуіне үлес қосып келеді. Осы орайда, біздің шуақты қаламыз – Қонаевта да өзгерістер орын алып, күн санап дамуда», – деді әкім.

Сонымен қатар ол әлеуметтік-экономикалық өркендеуде биыл жеткен жетістіктерге тоқталды.

«Бүгінгі күні қаламызда өнеркәсіп көлемі 65 млрд. теңгені құрады. Салықтар мен басқа да міндетті төлемдер бойынша жалпы бюджетке 103,7 млрд. теңге түсті. Ауыл шаруашылығында 11,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілді, немесе 100,1% құрады. Бүгінде Қонаев қаласы бірлігі жарасқан, 60 мыңнан астам халқы бар, 17 түрлі ұлт өкілі тұратын, Қазақстанда орны ерекше мекенге айналды. Сіздерді Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Денсаулық, бақыт және табыс тілеймін. Қазақстанымыздың тәуелсіздігі мәңгілік болсын, еліміз әрдайым гүлдене берсін!» – деді Асхат Бердіханов.

Мереке қарсаңында қоғамдық өмірге етене араласып жүрген келесідей тұрғындар Қонаев қаласының Құрметті азаматы атағын иеленді:
* М.Әуезов ат. Қазақ ұлттық драма театрының әртісі Болат Әбділманов,
* «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Абай Асылов,
* жергілікті депутат Иманғали Игисенов,
* «Ана сәулесі» көпбалалы аналар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жанат Қалжанова,
* ардагер-журналист Алтынбай Сиқымбек,
* Ақсақалдар кеңесінің белді мүшесі Чолан Толкунов.

Сонымен қатар бірқатар маманға қала әкімі мен мәслихат төрағасы Серік Нұрқадыровтың Алғыс хаты табысталды.

Шара концерттік бағдарламаға ұласты.