Қонаевтағы гараждар сүріледі

Қонаевтағы гараждар сүріледі

Қонаев қаласының Бас жоспарына сәйкес, қаладағы 8 гараж кооперативі (ГК) сүріліп, орнына басқа мақсаттағы нысандар бой көтереді. Мысалы:

  1. «Оранжерея» ГК - тұрғын үйлер;
  2. «Толқын» ГК – әкімшілік нысандар мен қызмет көрсету нысандары;
  3. «Спутник» ГК – тұрғын үй кешендері;
  4. «Связист» ГК – көпқабатты нысандар;
  5. «Бытовик 2Н» ГК – гараждар;
  6. «Строитель», «Спутник», «Робот» ГК – жасыл аймақтар.

Аталған мәселеге байланысты тұрғындар әкімдіктен гараждарды жеке меншікке өткізуді сұрап отыр. Сәулет және қала құрылысы бөлімінің ақпаратынша, бұл – мүмкін емес. Себебі, Бірыңғай мемлекеттік Жылжымайтын мүлік кадастрының деректеріне сәйкес, мұндағы жер учаскелері қысқа мерзімге уақытша пайдалануға берілген. ҚР Азаматтық кодексінің 209-бабы 4-тармағы бойынша ортақ меншiк екi немесе бiрнеше адамның меншiгiне мүлiк түскен кезде пайда болады, оны өзiнiң мақсаты өзгертiлмейiнше, бөлуге болмайды.

Дегенмен, қазір қаланың Бас жоспарына өзгерістер енгізіліп жатқанына байланысты әкімдік тұрғындарға үлестік меншікке құжат әзірлеуге мүмкіндік беріп отыр. Ол үшін арнайы комиссия құрылады және жер учаскелерін түгендеу жұмыстары жасалады.

Сондай-ақ бұл нысандар мемлекет мұқтажына алынғанда немесе инвесторларға берілгенде үлескерлерге шығындары үшін өтемақы төленеді.

«Халық Бас жоспардың не үшін қабылданғанын түсінуі қажет. Біздің жоспардың орындалу мерзімі 2050 жылға дейін жоспарланған. Оның ішінде экономиканы дамыту, халықты жұмыспен қамту, автожолдарды кеңейту және салу, инженерлік желілерді тарту, абаттандыру, әлеуметтік, мәдени, әкімшілік нысандарды салу, тұрғын үйлерді тұрғызу секілді маңызды салалар қамтылған. Ерте ме, кеш пе, гараждар сүріліп, орнына бас құжатқа сәйкес ғимараттар салынады. Сондықтан тұрғындарды заң аясында жұмыс істеуге шақырамыз», - деді сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Руслан Ботамбаев.

Халықтан тек ресми дереккөздерге сенулерін сұраймыз.

Кез келген сұрақ бойынша Қонаев қаласы, №2 ш/а, 44-үй мекенжайында орналасқан сәулет және қала құрылысы бөліміне жолығуға болады.