Қонаев тұрғындарын қандай мәселелер толғандырады?

Қонаев тұрғындарын қандай мәселелер толғандырады?

Бүгін Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов бірнеше шағын ауданның тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында халық әкімге өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.

«8-10-шағын аудандарда кәріз және су жүйесін тарту жобасы жүзеге асуда. Алайда, мердігер компанияның жұмысы көңілімізден шықпайды. Құжат бойынша көрсетілген жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Жерасты суы көтеріліп, істің тезірек аяқталуына кедергі болуда», - деді тұрғынның бірі.

Аталған сұраққа ердігер компания өкілдері жауап берді.

«Жоба бойынша 26 шақырым су құбыры және 8 шақырым кәріз құбыры тартылып, 7-ші шағын кәріз сорғы станциясын іске қосу қарастырылған. Құрылыс биыл аяқталады деп жоспарланған. Жобаға сәйкес жұмыс істеп жатырмыз. Комиссия құрып, құрылыс басына тұрғындармен бірге барып, көрсете аламыз. Жерасты суының көтерілуін тоқтату үшін заманауи сүзгі орнатуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ бұрын жобаға кірмей қалған үйлер де жоспарға енгізілуде», - деді маман.

Асхат Бердіханов кез келген құрылыс жұмыстарына бақылау қатаң болуы керек екенін ескертті. Тиісті бөлім басшыларына жағдайды тұрақты негізде қадағалап отыруды тапсырды.

Сонымен қатар жұрт көше жарығының бір істеп, бір істемейтініне шағымданды. Әкім көше шамдарын ауыстыру, әр көшеде жөндеу кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Бұдан бөлек, жиында балалар алаңқайларын салу мәселесі де көтерілді. Әкім «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 10 жоба іріктеліп алынғанын, оның ішінде бірнеше шағын аудандағы алаңдар абаттандырылатынын атап өтті.