
Қонаевтағы кәріз-тазарту жүйесінің (КТЖ) 100 пайыз тозығы жеткен. Аталған мәселені шешу мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жаңа нысан салу көзделіп отыр. Осыған орай, Мәдениет үйінде қоғамдық тыңдалым өткен болатын. Бүгін нысанның жағдайын қала әкімі Асхат Бердіханов көріп қайтты.
Жобаны жасаушы мамандардың сөзінше, ең бірінші кезекте кәріз-жүйесінің алқабы мен 80 гектарға ағынды суды жинаушы тоған салынады, екінші кезеңде 50 гектар аумаққа тағы да тоған салынады. Жалпы алғанда 216 гектар аймақты алып жатқан алып нысан түгелдей жаңартылады. Бүгінде КТЖ күніне 13000 текше метр суды қабылдап жатса, жаңа нысан қолданысқа берілгенде бұл көлем 30 мыңға ұлғаяды деп күтілуде. Жобаның жүзеге асу мерзімі 2024-2026 жылдарға арналған.
Жиналған кәріз суы бірнеше санаттан тұратын тазартқыштан өтіп, суармалы су ретінде пайдаға аспақ. Сонымен қатар бүгінде қаладағы кәріз-сорғы станцияларын жаңғырту жұмыстары жүруде.