
Қонаевта 43000-ға жуық ағаш бар. Қазіргі таңда «Таза Қазақстан» акциясы аясында жасыл желектерді санитарлы кесу жұмыстары жүріп жатыр.
«Апаттық жағдайда тұрған ағаштарды кесу үшін тұрғындар пәтер иелері кооперативтеріне өтінім білдіруі керек. Содан кейін ғана жұмысқа кірісеміз. Сондай-ақ біздің міндетімізге парктерді, көшедегі газондарды күтіп ұстау да кіреді», – деді «Жасыл қала Қонаев» мекемесінің директоры Марк Бейдали.
Мекеме басшысының сөзінше, тұрғындардан түскен әр шағым өңделіп, соған сәйкес жұмыстар атқарылуда.
«Бұған дейін ағаштарды кесіп жатқанда бірқатар адамнан шағым түсті. Оның бәрін қарастырып жатырмыз. Осы саланың маманы ретінде айтарым, Қонаевта көбіне қарағаш өседі. Оның бұтақтарын кескеннен ағашқа еш қауіп төнбейді. Ол тез-ақ өсіп кетеді. Уайымдауға негіз жоқ», – деді Марк Бейдали.
Сонымен қатар ол жаңадан егілген жасыл желектер дәрумендермен суарылып жатқанын атап өтті.
Қонаевта «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ары қарай да жалғасын таппақ.