Алматы облысында 200 ерекше балаға арналған инклюзивті лагерь жұмысын бастады

Алматы облысында 200 ерекше балаға арналған инклюзивті лагерь жұмысын бастады

10 маусымда ерекше балалар мен жасөспірімдерге және олардың ата-аналарына арналған «All ability Camp» спорттық-мотивациялық лагерінің салтанатты ашылуы өтті. Жобаға Қазақстанның барлық өңірінен 200 бала қатысады.

Жоба мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді спортқа белсенді тарту, олардың қоғамға әлеуметтік бейімделуіне жәрдемдесу, ата-аналарына психологиялық қолдау көрсету. Лагерь қатысушылары 7 күн бойы Алматы облысы Қапшағай су қоймасының жағасында 5 кәсіби жаттықтырушының жетекшілігімен бочча, теннис, футбол, корнхол және садақ ату сияқты бейімделген спорт түрлерімен айналысатын болады. Сонымен қатар, олар өмірге құлшынысты арттыру дәрістері мен ойындарына қатысады.

Жобаның ерекшеліктерінің бірі оның мүгедектігі бар балаларға ғана емес, олардың ата-аналарына да бағытталуы, атап айтқанда, тренингтер мен семинарлар, белсенді демалыс ұйымдастыру арқылы олардың өмірге ынта-жігерін арттыру болып табылады. Ата-аналар үшін психологтармен арнайы сессиялар ұйымдастырылды. Сессиялар барысында ата-аналар тьютерлер мен еріктілердің сүйемелдеуімен саналуан шығармашылық, танымдық, дамытатын іс-шаралармен, арт-терапиямен және музыкалық терапиямен қамтылады.
Жоба инклюзивті қоғамды дамыту шеңберінде «Самұрық-Қазына» АҚ бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-KazynaTrust» қорының қолдауымен, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен серіктестікте іске асырылуда.