
Бұл туралы Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов тұрғындармен кездесу барысында айтты.
«2023 жылы «Строительная» саяжайында 11 трансформатор, 800-ден астам бағаналар қойылды. Қазіргі таңда электр энергиясының желілері қала балансына өтіп жатыр. Ал «Алтын алма» саяжайында 3 трансформатор, 510 бағана орнатылып, 47 шақырым желі жүргізілді», - деді әкім.
Сонымен қатар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының аясында ойын, футбол алаңы қойылды.
«Кешенді даму жоспары шеңберінде саяжайлардың барлығына су желілерін тарту көзделуде. Биылдың өзінде 51 жобаны іске асыруға қаражат қаралды», - деді Асхат Бердіханов.
Шаһар басшысы жолдардың жөнделуіне де тоқталды. Мәліметінше, 271,9 шақырым жолдың 77,2 пайызы қанағаттанарлық деңгейде. Аталған үлесті ұлғайту бойынша жұмыс жасалып жатыр.
«8,10 шағын аудандарындағы жол күрделі жөндеуден өтуде. Алматы, Абай, Достық, аллея жолдарының шұңқырлары жөнделді, Әуезов, Вивальди көшесінде жұмыс жасалуда. «Алтын алма» саяжайына баратын жол да жасалды», - деді әкім.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 620 дана жол белгісі, 140 шаршы метр жасанды жол кедергілері орнатылып, 2000-ға жуық жол белгісінің тірегі боялуда.
Жиналыс кезінде әлеуметтік-экономикалық даму, алға қойылған мақсат-міндеттер туралы да сөз етілді. Содан соң әкім халықтың сұрағына жауап беріп, азаматтарды жеке қабылдау өткізді.