
Бүгін Қонаев қаласында шығыс бағыттан жылдамдығы 24 м/сек боран ұйытқып соқты. Нәтижесінде жағажайларда толқынның әсерінен судың көтерілуі орын алды. Осыған байланысты қала әкімі Асхат Бердіханов жедел құтқару жасағының дайындығын көріп қайтты.
Қазіргі таңда тұрғын үйлер мен нысандарды су басу қаупі жоқ екенін айта кетейік. Жағдай қала әкімдігі мен қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қатаң бақылауына алынды.
Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының мәліметі бойынша қазіргі таңда Қапшағай су қоймасының деңгейі - 478,98 м, көлемі - 18 млрд. 420 млн. м3. Іле өзенінен судың орташа келу ағысы - 586 м3/сек, Қапшағай ГЭС-нан суды түсіру ағысы - секундына 900 текше метр.