
Қонаевтың шеткі аудандарында су құбыры және электр желісін тарту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бүгін Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов құрылыс басында мердігер компания өкілдерімен жолықты.
Жоспарға сәйкес, Самал, Ардагер шағын аудандарында 18 трансформатор орнатылып, 33 шақырым электр желісі тартылады. Сондай-ақ 1000 текше метр көлемдегі су сиятын резервуар қойылып, 5,3 шақырым су құбыры жүргізіледі. Қалалық құрылыс бөлімі мердігермен 2 млрд теңгеден астам қаржыға келісімшартқа отырған. Былтыр оның 126 млн теңгесі игерілді, ал биылға 250 млн теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр. Жақын арада бюджеттік өтінім әзірленіп, қаражаттың толық көлемін қалалық әкімдікке отырғызу мәселесі қарастырылады.