
Бүгін Қонаев қалалық кәсіпкерлік бөлімі жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, 3-шағын ауданға рейдке шықты. Рейд барысында белгіленбеген орындарда сауда жасайтындармен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
«Мұндай шаралар апта сайын өткізіліп тұрады. Саудагерлер үшін «Жетісу» базарынан 3 ай тегін тұру, кейін орынды жалға алу ақшасын төлеу мүмкіндігін қарастырдық. «Айша сити» базарына да дәл солай, яғни, 6 ай тегін сауда сатуға болатынын айттық. Алайда, тұрғындар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, заң шеңберінде жұмыс жасағысы келмейді», – деді бөлімнің бас маманы Айдын Әбілқасым.
Сондай-ақ әкімдік мамандары жұрттың антисанитарияға үнемі шағымданатынын алға тартты.
«Бұл проблеманы айтып, көтеріп жүргенімізге бірнеше жыл болды. Саудаларын жасап, қоқыстарын көрінген жерге лақтырып, шашып кетеді. 3-шағын аудан – қаланың орталығы. Гүлзарлар, орындықтар қойылып, әдемі етіп жасалды. Бірақ, заңсыз сауданың әсерінен шаһар келбеті құртылып жатыр. Өте өкінішті», – деді Светлана Бородихина.
Аталған бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.